Аңқасы кепкен ауылдың арызы көп

Ит арқасы қияндағы жер де емес, облыс орталығынан таяқ тастам қашықтықтағы, тіпті, Көкшетау қаласының құрамына кіретін Краснояр ауылының бірнеше көшесінің тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр. Жергілікті билік жұрт шағымына құлақ асар емес. Осындай оралымсыздық кесірінен билік пен қарапайым халықтың арасындағы дәнекер жібінің жұқара түсетіні бар.

Ауыл тұрғындары облыстық «Арқа ажары» газетінің редакциясына мұңдарын айта келген. Сөз сыңайына қарағанда ендігі үміт ел сөзін сөйлер, қиюы келмей жатқан қарекетті қазып айтар басылымда. Басқа жердің, жергілікті билік органдарының бәрін тегіс адақтап шыққан түрлері бар. Қолдарында әлденеше жыл бойы Көкшетау қалалық әкімдігіне, қалалық су арнасы басшыларына жазған хаттары мен кері жолданған шығарып салма жауаптар. Төзімдері таусылған тәрізді. Қанша жазса да су шықпайтын сырғытпа жауаптың бірінен үзінді келтіре кетелік. Ауылдық әкімдіктің 2017 жылдың 29 қыркүйегі күні жазылған №997/01-2415 жауабы. Онда былай делінеді: «Мир көшесіндегі екі қабатты көп пәтерлі үйлерді кәріз жүйелеріне қосу, Киров, Заречная көшелеріне, Элита поселкесіне су құбырын тарту бойынша Көкшетау қаласының құрылыс бөліміне хат бағытталған. Құрылыс бөлім 2017 жылдың 12 қазанындағы №02-04/1201 хаты бойынша жобалаушылармен бірлесіп, жобалық-іздестіру жұмыстары үшін есеп дайындау жұмысы жүргізіліп жатыр. Есеп дайындалғаннан кейін жобалауға бюджет қаржыларын бөлу үшін бюджеттік өтінім бағытталатыны туралы жауап берілді. Киров көшесіне 2018 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі».
Әкімдік жауабына қарағанда, ауыл тұрғындарының үміт оты лаулайтындай-ақ жай. Олай болмағанда ше? Орталықтандырылған су жүйесі де тартылады. Ойдым-ойдым болып жатқан, алажаздай бір көлік өтсе, соңындағы шұбатылған шаңы бар көшені жауып кететін бейнеттен біржола құтылмақ. Ақ түйенің қарны жарылды деген осы. Сол қуаныш оты бірнеше жыл бойы осы екі көшеде тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың көкірегін жылытып тұрды. Тұрғындардың айтуына қарағанда, былтырға дейін ауыз суды іргелес жатқан келесі көшедегі колонкалардан алып тұрған. Былтыр көрші көшедегі колонкаларды алып тастап, орталықтандырылған ауыз су желісін үйлеріне енгізіп бергеннен кейін бергі екі көше біржола сусыз қалған.
–Ауыз суды Көкшетау қаласынан тасып ішіп отырмыз. Сатып аламыз. Онда да көлігі барлардың ғана қолы жетеді. Бұл жердегі жерасты суы ащы, ішуге келмейді. Тұзды сумен бақша суара алмайсың, мал да ішіп жарытпайды, – дейді ауыл тұрғыны Толыбай Умин ақсақал, – көктем мен күзде көше мибатпақ болып жатады. Ал, жаздай ала шаң, әбден көресінді көріп, ауыз судың азабынан сақал шашымызды ағарттық.
Мәселенің мәнісін білмек болып ауылдық округ әкімдігіне соқтық. Әкімнің орынбасары Серікжан Мәкіштің айтуына қарағанда, ауыл тұрғындарының арқасына аяздай батып отырған мәселемен жақсы таныс. 2019 жылы орталықтандырылған кәріз жүйесін тартпақ болып талпынған. Су құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 15 миллион теңге қаражат бөлінген.
–Ауыл тұрғындарының саны жыл өткен сайын көбейіп келеді, – дейді Серікжан Мейрамұлы, – осыған орай қиындықтың туып отырғаны рас.
Бұл сөзге жергілікті тұрғындардың айтатын өз уәжі бар. Тұрғындардың саны көбейсе көбейген шығар, бірақ, Заречная және Киров көшелері Краснояр ауылының екі алғаш қазығын қаққан кезден бастап сап түзеген ежелгі көшелер. Ол кезде бұл елді мекен «Северный маяк» деп аталған. Одан бері аттай жетпіс жыл өткен шығар. Содан бері ауыз сумен қамтуға талпыныс жасалған емес.
Жергілікті билік өкілдерінің айтуына қарағанда, алдағы жылдары Садовый селосынан құбыр тартылмақ. Сол кезде Краснояр тұрғындары ауыз суға қарық болады. Әзірге бүкіл ауылға су таңертең екі сағат, кешке екі сағат беріледі. Жұмысбасты болып осы уақытқа іліге алмасаң, аңқаң кеуіп отырасың. Ат үстінде жүрген адамдар болса бір сәрі, егде адамдар мен жалғызілікті жандар үшін өте қиын.
–Ең жаманы ішпеген суымызға ақы төлеу, – дейді ауыл тұрғыны Мәлік Бексейітов, – біздің ауылға «Көкшетау су арнасы» мекемесі қызмет көрсетеді. Біздің көшеде су құбыры болмаса да әр ай сайын төлемақы төлеу керектігі туралы түбіртек келіп тұрады. Уақытында төлей алмай қалсақ, сотқа береміз деп қоқан-лоқы жасайтындары жанымызға батады. Амал жоқ төлейміз.
Ұзындығы шақырымнан асатын үлкен көшенің бойындағы жол мың шұңқыр болып жатыр. Жол бойында ындыны кеуіп, ыдысын сүйреткен нөпір жұрт. Осыншама халықтың әуреге түсіп жүргенін көрмейтіндері несі екен?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар