Жеңіл өнеркәсіп саласы қашан еңсесін көтереді?!.

Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының берген мәліметіне сүйенетін болсақ, өңірімізде жеңіл өнеркәсіп саласында «Новопэк» серіктестігі, «Самхат» аяқ киім фабрикасы, «Диас тігін фабрикасы», «Ақай» ательесі, «Көкше арнайы киім» және тағы басқа осы сияқты барлығы 14 кәсіпорын мен өндіріс орны жұмыс істейді. Аталған кәсіпорындар қаптар мен сөмкелер, былғары мен киізден тігілетін аяқ киімдер, төсек жабдықтарын шығарады.

Коронавирус пандемиясы кезеңінде ақмолалық тігін кәсіпорындары мен ательелері екі миллионнан астам бетперде мен 20 мыңнан артық обаға қарсы костюмдер тіккен. 2021 жылы Қазақстан Республикасының индустриясын дамытуға қосқан үлесі үшін және жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күніне орай Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің Құрмет грамоталарымен «СвеГа» жеке кәсіпкерлігінің қызметкері Елена Черногорова, «Ақай» ательесінің қызметкері Светлана Кукенова марапатталды. Облыстағы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте жалпы сомасы 5733,6 миллион теңгенің өнімін өндірді.

Қалай дегенмен де, жалғыз біздің өңірде ғана емес, біртұтас елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы қарқынмен даму үстінде деп айта алмаймыз. Қазіргі таңда өңірімізде, қала берді, елімізде жеңіл өнеркәсіп саласында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың басым көпшілігі импортқа тәуелді. Таяуда біз Көкшетау қаласында орналасқан «Ақай» ательесінің директорымен сұхбаттасқан болатынбыз. Ғалия Алдабергенованың айтуынша, олар тапсырыспен ғана жұмыс істейтін көрінеді. Себебі, матаның өзін Түркиядан сатып алады екен. Яғни, олар да импортқа тәуелді. Өнімнің бағасы қымбат болатыны да содан, бұл қарапайым тұрғындарға да тиімсіз. Бәсекелестік туралы бұл жерде айтудың өзі артық.

– Біздің елге киім-кешек дені Қырғызстан мен Қытайдан, Түркия мен Италиядан әкелінеді. Елімізде киім өндіретін кәсіпорындар саусақпен санарлық. Оның ішінде ұлттық брендпен шығатындары жоқтың қасы. Біздегі ең басты өзекті проблемалардың бірі – бұл ең алдымен, киім тігуге арналған отандық сапалы, табиғи маталардың болмауы. Басқа елдердің жақсы маталары арзан емес, бұған жолақысын қосып қойыңыз. «Қазақстанда жасалған» брендімен сатылымға шығатын киімдер өте қымбат болатыны осыдан, –дейді ол өз ойын ортаға салып.

Жасырары жоқ, еліміздегі тұрғындардың басым көпшілігі жалақыдан-жалақыға дейін күнкөріп жатқан қарапайым жұмысшы халық. Сондықтан, өзіне арнап тапсырыспен киім тігіп, кие алмайды. Неге десеңіз, бағасы қымбат.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын біздің жолымыз Алматымен шекаралас жатқан Қытайдың Харгос ауылына түсті. Таныс құрбым киім-кешек сатып, саудамен айналысатын еді. Кездесе қалсақ болғаны, ол жақтағы бағаның арзандығын айтып, қызықтырып қоятын. Сан рет естіп, құлағдар болғанша, бір рет көрсем екен деген ой көптен бері көкейде жүрген. Содан, құрбым екеуіміз дорба арқалап, алып сауда орталықтары орналасқан осы елді мекенге қарай жол тарттық. Жол азабын айтпағанда, сол жақта жүргендердің тоқсан пайызы қазақстандықтар екендігін бірден байқадым. Саудалайтын қытай, сатып алатын қазақ. Көп қазақтың ішінде біздер де жүрміз. Әлі есімде, желтоқсан айының орта шені еді. Қытымыр суық өңмеңімнен өтіп, бір жағынан өмір өкпегі, бір жағынан аяз сорып, әбден әбігерге түскем. Тоңғанымды құрбыма білдірмеген болғам. Ол кісі де сондай күйде болды ма, кім білсін. Таңсәріден шекараны өту үшін ұзын-сонар кезекте тұрған біз сияқты қазақтар көп еді…

Қазір қалай екенін нақты айта алмаймын, бірақ, осыдан үш-төрт жыл бұрын, құжаттарыңыз дұрыс болса, кедендік бақылау аса қиындық тудырмайтын. Бәлкім, пандемияға байланысты қазіргі таңда сауда-саттық мәселесінде кедергілер бар болар, бұл жағынан хабарсызбын. Бірақ, сол жылдары, Харгостен тауар аламын деушілердің қатары көп еді. Таңғы төрттен кезекте тұрған біздер таңертең онға қарай Харгостың сауда үйлерін аралай бастағанымыз есімде. Яғни, алты сағатқа жуық далада тұрдық. «Кемедегінің жаны бір» демекші, поезда танысқан адамдармен бәріміз бірге топтасып жүрдік. Олар осы жаққа бір емес, бірнеше рет келгендер. Таныса келе, олардың көбі өздері тұратын қалаларда сауда-саттықпен айналысады екен. Кейбірінің бірнеше дүкендері бар. Сонда сатылымға шығарылатын барлық затты осы Харгостен сатып алады екен. Мұндағы тауардың бағасы біздің елдегі тауар бағамымен салыстыруға мүлдем келмейді. Үш есе арзан. Міне, біздегі жеңіл өнеркәсіптің мардымды өркендемеуінің әсерінен елдегі кәсіпкерлер алты қыр асып, өзге елдің тауарына тәуелді екендігінің бір мысалы осы. Бұдан халық та зардап шегеді. Неге десеңіз, саудагердің қолынан тауарды қымбатқа сатып алуға мәжбүр.

Тағы бірде сол құрбыммен Қырғызстанның Бішкек қаласына бардық. Мендегі ой – арзан бағамен бала-шағаға киім-кешек сатып алу. Ал, құрбымның жеке кәсібі бар. Бір таңқалдырғаны, сонда отырып саудалайтын сатушылардың басым көпшілігінің өздерінің жеке тігін цехы бар. Яғни, сіз көрсеткен модельді бір-екі сағаттың ішінде тігіп беруге де даяр. Және олар өздері сатып жатқан киім-кешекті шымылдықпен жауып қояды екен, бұл дегеніңіз бәсекелестік аса жоғары деген сөз.

Ал, біздегі жеңіл өнеркәсіптің халі неге мүшкіл?! Бәлкім, импортқа тәуелділік өз нарығымызды өзіміз игеруімізге қолбайлау ма? Шикізатқа шылқып тұрғанымыздан не пайда? Сөрелерімізде Қытай, Түрік, Ресей мен Қырғыз Республикасының тауарлары сыңсып тұр. Азия алпауыттарында жеңіл өнеркәсіп өнімі ішкі нарықтың сексен пайызын қамтиды екен, ал, бізде бұл көрсеткіш бір пайызға да жетпейтін көрінеді. Біз қолда бар шикізаттың өзін ұқсата алмай отырмыз. Тері өңдейтін орталықтар саусақпен санарлық, жүн ауылда қажеті болмай, шіріп жатыр, не пешке жағылады, не қоқыста жатады. Қысқасы, бізде жүннің шикі зат ретінде мүлде қадірі жоқ. Бұрындары жүн иіріп, шұлық тоқитын, киіз басып, сырмақ сыратын апалар бұл күнде ілуде біреу. Қазіргі келіндер ұршыққа антиквариат ретінде қараса, таң қалмайтын болдық. Әлі де болса, кешегі аталар дәстүрін жалғастырып жүрген бізде де қолы епсекті, шебер жандар бар ғой. Егерде жеңіл өнеркәсіп осылай алға ілгерілемей қалатын болса, ықылым заманынан атадан-балаға мұра болған ұлттық қолөнер дәстүрі қалай дамиды деген ойдың маза бермейтіні бар.

Өткеннен сабақ алу – сол күнге оралу дегеніміз емес. Қалай дегенмен де, келмеске кеткен кеңес дәуірінде жеңіл өнеркәсіп саласы өркендеп, қарыштап дамығаны өтірік емес. Қазақ КСР-ында бір мыңнан астам іргелі кәсіпорындар жұмыс істеген екен. Олар қазіргі біз тізіп шыққан саусақпен санарлық шағын ғана кәсіпорындардан әлдеқайда қуатты үлкен-үлкен өндіріс орындары болатын. Тігін фабрикалары, аяқ киім кәсіпорындары, шұға комбинаттарына алыс-жақын шетелден де сұраныс жоғары болған. Соның бәрінен айырылып, ауызды қу шөппен сүрткендей жағдайда отырғанымыз әрине, жанға батпайды емес, батады. Ендеше, біздегі жеңіл өнеркәсіп саласы қашан дұрыс жолға қойылып, тиісінше қарқын алады екен?!.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар