Құмарлық құрсауынан шыға алмай…

Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрында Д.Кобурнның «GIN ойнақ» трагикомедиясы сахналанды. Спектакльдің қоюшы режиссері Аян Әлімбаев, қоюшы суретші Ирина Лунга, ал, киім үлгілерін сызған Маймұра Топанбаева.

Сонымен, жаңа премьера несімен ерекшеленді? Әрине, алдымен қойылымның тақырыбын айтуға болады. Ойынның атауы өзге тілде жазылып, жанында қосарланып қазақша сөз берілген, іле оқығанда «жын ойнақ» деген мағынаны ойға салады. Шынымен де, қазіргі қоғамда рухани құндылықтың ұсақталып жатқандығы сайтани сауықтың, жын ойнақтың соңына ілесіп, шырмауынан шыға алмай жатқандардың салдарынан-ау! Бірақ, тақырып тартымды болғанымен қойылымның сәтті шығуы алдымен актерлердің таланты мен қабілет-қарымына байланысты екендігі де анық. Осы орайда тағы бір екпін түсіре ерекше атап өтуіміз керек, жұрт назарын өзіне аударған жаңа премьераның өн бойында екі-ақ актер ойнайды. Яғни, екі кейіпкердің тағдыры сөз болады. Екеуіне де жүктелген міндет жеңіл емес. Қойылымды екі-ақ актер сахналағанымен, Қазақстан Республикасының «Мәдениет қайраткері» төсбелгесінің иегерлері Қайрат Мырзаболатов пен Жанар Құсайынова өз көрерменін жалықтырған жоқ.
Бұл қойылымда бейнеленген адамдардың тағдырына куә бола отырып, біз бүгінгі қоғамда көп айтыла бермейтін, яки айтуға һәм мойындауға қорқатын, өзімізді алдап, «Қазақта «Қарттар үйі» жоқ деп өзеурейтін өзекті мәселе алдымызды орайды. Иә, рас сонау бір замандарда қазақ жетімін де жылатпаған, жесірін де тентіретпеген, қартын қазынам деп бағалаған. Ал, бүгінгі ұрпақ қазақта «Қарттар үйі» жоқ деп айта ала ма?
Шығарманың басты кейіпкерлері Веллер мен Фонсия да өз өмірлерінің соңғы күндерін «Қарттар үйінде» өткіземіз деп ойламаған шығар. Карта ойынына әуелден әуес Веллер өзін «Джин» ойынының асқан шебері санайтын. Ол осы құмарлықтың құрсауынан шыға алмай жалғыздыққа тап болса да, әуелгі жалғыз ермегі карта ойынын ойнаудан еш жалықпаған. Тіпті оңашада өзімен өзі ойнап, жеңіс дәмін сезініп, соған масаттанып, марқайып отыратын да сәттері болған. Фонсия «Қарттар үйіне» келгенде күннің шуақты нұрындай боп Веллердің сүреңсіз күндеріне реңк бергендей болды. Ол таныса сала Фонсиямен тез тіл табыса кетіп, бірден өзі жақсы көретін, құмартып ойнайтын «Джин» ойынын үйретті. Бұған дейін өзін «Джин» ойынының асқан шебері деп білетін Веллер Фонсиядан бірнеше мәрте ұтылып қалады. Сол-ақ екен, әп-әдемі кездесу, әйбат әңгіме, шер тарқасу жайына қалып, жеңіліс тартқан Веллер көз танымас-
тай өзгеріп шыға келмесі бар ма?! Былапат сөйлеп, жыға танымайтын адамның жеке басына тіл тигізуге дейін барып, оның жан дүниесіндегі жан сезбес қайғы шерін, мұң-наласын еселей түсіп, әдейі жанды жеріне тигізіп, жалғыздығын бетіне басады. Бірте-бірте Фонсия да карта ойынына құмартып, сол құмарлықтың құрсауынан шыға алмай, өзі де Веллерді іздеп келіп, онымен бір партия «Джин» ойнасам деген ниетпен, Веллердің намысына тиіп, өзгеріп шыға келеді. Байсалды мінезді Фонсия да құмар ойынның кесірінен ашушаң, қыршаңқы тілді, өзімшіл жанға айналып шығады.
Иә, қым-қуат тірлікте біз көбіне-көп отбасы мүшелеріне аса көңіл бөле бермейтініміз анық. Біріміз мансаптың, енді біріміз байлықтың, атақтың, бір сөзбен айтқанда қу дүние тірліктің соңынан жүгіріп, тазы болып шалмақ ниетті мақсат еткенде, уақытты қалай оздырып алғандығымызды білмей қалатынымыз өкінішті. Уақыттың өткені өкінішті-ақ, жанды ауыртатыны ата-ана қадірін білмей, оларға қамқорлық көрсетпей, аялай алмасақ, қасіреті сол. Қойылымды тамашалай отырып, біз осындай ой түйдік. Бәлкім, жанында жанашыры болса Веллер мен Фонсия да «Қарттар үйін» паналамас па еді?! Өзін біреуге керек екендігін сезінсе, жалғыздықтан жапа шекпес пе еді, кім білсін?! Өз өмірін ойдағыдай етіп құрай алмаған соң, өз-өзіне көңілі толмай, карта ойыны арқылы жеңіске жеткен сәтте, әлемнің кілті қолында болғандай, ол да бір істің маманы, ол да бір жеңімпаз екендігін сезінгендей әсерде бола ма кім білсін?! Айт-айтпа жалғанда жан баласы үшін оның біреуді іздеуі де, сағынуы да, жақсы көруі де, жанашыр болғысы келуі де заңды ғой. Олай болмаса, адам өзін қоғамға қажетсіз сезінсе, сол сәтте-ақ, өмір үзіледі, үміттің де сөнетіні бар. Веллердің де өмірі осылай аяқталды. Фонсиядан бір емес, бірнеше рет ұтыла берген соң, үміті үзілді. Жүрегі қысылып, жан тәсілім етті. Қорқыныштысы – бұл сәттегі Фонсияның әрекеті. Ол енді өзін «Джин» ойынының асқан шебері санап, адам өліп жатқанда өзді-өзіне масаттанып тұруы жан түршігерліктей.
Осы орайда, жас режиссер Аян Әлімбаевтың еңбегін атап өтсек дейміз. Шетелдік шығарма болғанымен, бұл жағдай қазақ қоғамында да болып жатқан көріністер, сол тірлікті боямасыз көз алдыңа әкелген қос актердің де еңбегі орасан. Құмарлық құрсауынан шыға алмаған екі кейіпкердің тағдырын тамашалаған көрермендер қойылымнан осындай ой түйіп, рухани қуат алып тарқасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар