Жігітке жігерлі болу жарасады

Әттең жаттығу жасайтын залдың жоқтығы. Жыл бойы үзбей жаттықса, тірек-қимыл аппараты зақымданған және көру қабілеті төмендеген спортшылар жеңіске деген құштарлықты, сайып келгенде өмірге деген шынайы махаббаттың шексіз екендігін көрсетер еді.

Жиырмаға енді іліккен жасында көлденең кеселге кезіккен. Сол қолына жара шығып, иықтан сәл төмен кесуге тура келгенде мынау жалғанның түк қызығы қалмағандай, түн артынан күн шықпастай қатты налыған. Уақыт та тоқтап қалғандай. Әлдекімнің алдында кешірімге жатпайтын күнәсі барғандай кісі көзіне түсуге қымсынды. Бейтаныстар көз сұғын қадап, таңырқап қарайтындай. Қарағаны ештеңе емес қой, көптің көзінше тақақтап, өздеріне түк қатысы болмаса да мәселенің мән-жайын білгісі келіп сұрайтындары қинады. Ескі жараның аузын тырнайтындар да бар екен. Бірте-бірте еті үйренген. Әйтсе де әлі күнге дейін бейтаныс топтың ішіне түскісі келмейді.

Көңілін аулайын деді ме кім білсін, алғашқы бетте ет жақын туыс пен жанашыр жора-жолдас қонаққа көп шақыратын. Аузына түскен себебін айтып, ат-тонын ала қашатын. Тағдырдың салған ісіне шара бар ма, көнді, көндіктірді. Кейін қысылмайтын болды. Сөйтсе өмірдің өзі осындай қатыгез сынақтан тұрады екен ғой. Бұл да бір ер жігіттің басына келген, төзімі мен жігерін сынамақшы болған емтихан іспетті. Күн өткен сайын қарағайдың қарсы біткен бұтағындай беки түсті. Спортты серік етуге бел буды. Спорт денсаулығы кемнің ғана емес, тепсе темір үзетін аптал азаматтарға да қажет екендігіне дау жоқ қой. Ал, тірек-қимыл аппараты зақымданғандар үшін тіпті ауадай қажет. Тек жағдай жасала бермейтіндігі жанға батады. Республикалық сайыстарға облыстан команда жинақтағанда көзбояушылықтың орын алатындығын көріп жүр. Жаттығып жүрмесе де, спорттық құрал-жабдықтары талапқа сай болмаса да қатысты деген аты болсын деп көгендеген қойдай мұрындарынан тізіп апара береді. Жарыстан кейін жан баласы іздемейтіндігі тағы бар.

Республикалық алтыншы спартакиададан оралған, командалық есеп бойынша топ жарып, спорт шебері атанған Ержан Жақановпен кездесіп, жеңісіне құтты болсын айтып, аз-кем тілдестік. Үстел теннисінен өткізілген жарысқа тірек-қимыл аппараты зақымданған 10 спортшы қатысыпты.

–Екі жұмадай қалғанда жұрттың бәріне жалынып жүріп жаттығу залының кілтін сұрап алдым, – дейді Ержан Қайыргелдіұлы, – жаттықтырушымыз жоқ. Бұл арада айта кететін бір жай, жаттықтырушының еңбекақысының аздығы. Былтыр Ақтөбеден жаттықтырушы келгенде бөркімізді аспанға атып қуанған едік, көпке шыдамады, кетіп қалды. Кейін білсек, жалақысы небары 100 мың теңге төңірегінде екен. Оған да кінә жоқ, баспанасы болмағандықтан пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Жалдау құны жүз мың теңге шамасында. Бізге қанша бүйрегі бұрып тұрса да, адамды тұрмыс билейді емес пе? Республикалық үстел теннисі федерациясы аздап көмек қолын созғанымен, ғимарат жекеменшіктікі. Облыстық спорт басқармасы жалға алып отыр. Ондағылар біз тәрізді адамдардың жаттығуын хош көре бермейді. Айтатын уәждері, доңғалақты арбаларыңмен еденнің төсенішін жыртасыңдар. Осы жолы спартакиадаға барғанда басқа облыстардан келген өзіміз тәрізді спортшылардың хал-ахуалын сұрастырдық, оларда дәл осындай спартакиадада жүлделі болып, бірінші орын алған спортшыларға 200, екінші орынға 150, үшінші орынға 100 мың теңге стипендия тағайындалады екен.

Дәл осындай көмек-қолдау болып жатса, бұлардың да күнкөрісі көп-көрім жақсарып қалар еді. Айтпақшы, Көкшетаудан барған команданың ішінде нысана көздеушілердің арасында қолдарына мылтық ұстап көрмегендері де бар екен. Тіпті, электронды таблоның не көрсетіп тұрғандығын айыра алмайды. Соның өзінде де бір спортшы финалға іліккен. Айтуларына қарағанда, елдің бәрі, әр команда біркелкі ине-жіптен жаңа шыққан спорт костюмдерін киіп, жарқырап жүргенде, бұлар әрқайсысы әртүрлі, ала-құла киіммен қатысып, көңілдері пәс болған. Әйтсе де, намысқа тырысып бағыпты.

–Асхат Тәжмиев екеуіміз Қазақстан Республикасының чемпионы атандық, – дейді Ержан Қайыргелдіұлы, – арнайы форма сатып алуға қаражат тапшы. Қолтығыңнан демер демеуші іздеуге намысымыз жібермейді. Өзі арзан да дүние емес. Ракетканың өзі 90 мың теңгенің төңірегінде.
Бүгінде облыстық кітапхананың ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі болып қызмет ететін кейіпкеріміз облыс орталығында Абай Мырзахметов атындағы университетті бітірген экономист төрт бірдей перзентін тәрбиелеп отыр. Ендігі арманы облыс орталығында өзі тәрізді тағдыр тәлкегіне ұшыраған адамдарға аздаған жанашырлық жасалса.
Пендені алға жетелейтін үміт шырағы. Әзірге лаулап жанып тұр.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар