Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазановтың төрағалығымен облыстық әкімдікте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті. Жиынға комиссия мүшелері мен облыстың активі, сондай-ақ, бейнебайланыс арқылы қалалар мен аудандардың әкімдері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында 2022-2026 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі аумақтық департаментінің басшысы Арман Рахымов осы жобаның негізгі ережелерін таныстырып өтті. Сонымен қатар, өңірдің мемлекеттік органдарының жобалық тәсілді қолдана отырып, алдын алу шараларын жетілдіру мәселелері мен департаменттің 2021 жылғы 9 айдағы қызметінің қорытындылары туралы» тарқатып айтып берді.
– Мемлекет басшысы биылғы ел халқына жолдаған Жолдауында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі стратегиялық құжат әзірлеуді тапсырды. Президент Әкімшілігімен келісім бойынша бұл құжат нысаны ретінде алдағы 5 жылға арналған тұжырымдама белгіленді. Агенттіктің қоғамдық кеңесі мүшелерінің, бизнес-қоғамдастықтың, сарапшылардың пікірлерін, сондай-ақ, арнайы құрылған сайт арқылы түскен азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, 2022-2026 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Онда біздің күшті және әлсіз жақтарымыз, алдыңғы қатарлы шетелдік тәжірибе, халықаралық стандарттар, сондай-ақ, сыртқы талдаулардың қорытындылары ескерілді, – деді ол.
Тарқатып айтар болсақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты одан әрі дамыту пайымы тұжырымдаманың
6 топтамадан тұратын бесінші бөлімінде баяндалған. Бірінші – «Парасатты қоғам қалыптастыру». Аталған топтамада отбасы институтын, жеке бизнесті дамыту, білім беру жүйесінде, сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды күшейту мәселелері көрсетілген.
Екінші – сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерін барынша азайтуға бағытталған. Оған бюджеттік процестердің транспаренттілігін қамтамасыз ету, яғни, ақпараттың құпиялылығы мен қолжетімділігінің болмауы; экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, бизнес-процестерді цифрландыру, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулардың жариялылығы мәселелері кіреді. Үшінші – жауапкершіліктің сөзсіздігін қамтамасыз ету. Баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге, сот билігінің тәуелсіздігін күшейтуге, құқық қорғау органдары қатарының тазалығын қамтамасыз етуге басты назар аудару, кірістерді жалпыға бірдей декларациялау ұсынылады. Төртінші – азаматтық қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға одан әрі тарту. Мемлекеттік бақылауға балама ретінде «Қоғамдық бақылау туралы» Заң қабылдау, Журналистердің құқықтарын қорғау кепілдігімен сыбайлас жемқорлыққа қарсы журналистік тергеу институтын енгізу ұсынылады.
Бесінші бөлім сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың мониторингіне арналған. Бұл жерде мониторингтің арнайы жүйесін құру, министрлер мен әкімдердің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі рейтингтік бағасын көрсету мәселелері қамтылады. Алтыншы бөлім Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Ол – квазимемлекеттік сектордың комплаенс-қызметтерін үйлестіру бойынша құзыреттілікті кеңейту, мемлекеттік органдарға сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссарлар институтын енгізу. 1424 Call-орталықтың қызметін жетілдіру.
Жиын барысында аталмыш құжаттың өзектілігі мен маңыздылығы баса айтылып, тұжырымдама жобасы талқыланды. Кеңес отырысында «Ақмола – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Самира Тәйтенова сөз сөйлеп, тұжырымдама жобасы еліміздегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесінде зор септігін тигізетінін баса айтып, алдағы уақытта жемқорлыққа тосқауыл болады деген сенім білдірді. Отырыс жұмысына қатысқандардың да пікірі осыған саяды.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.