Жолдардың сапасына баса көңіл бөлінуі керек

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Бурабай ауданында болып, өңір тұрғындарының өтініштерін ескеру, жоспарланған жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру мәселелеріне көңіл бөлді, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, аудан басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

– Бұрнағы жылдары тұрғындар жол жоқ деп шағымданатын еді, қазіргі таңда олар жол жөндеу жұмыстарына көңілдері толмайтындығын жарыса айтуда. Біз жолдарды салып қана қоймай, олардың сапасына баса назар аударуымыз керек, – деп атап өтті аймақ басшысы. – Әлеуметтік желілерде көптеген адамдар бір жыл бұрын жасалған жолдар пайдаланудың алғашқы айларынан кейін қанағаттанарлықсыз күйге келді деп жазады…

Өткен жылы, бір ғана Щучинск қаласының өзінде жөнделген жолдардың ұзындығы 25 шақырымнан асты. Өкінішке орай, кепілдік мерзімі аяқталғанға дейін асфальт жарамсыз болып қалған, сол себепті де кемшіліктерді жою үшін қосымша қаражат тартылған болатын. Ал, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Арман Нұртазин ескертулер ескеріліп, кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізілді деп сендіріп отыр.

– Ағымдағы жылдың соңына дейін ауданда 100 шақырымнан астам жол жөнделеді, – деді ол. – Бірінші кезекте, бұл аудандық маңызы бар жолдар, сондай-ақ, Бурабай кенті, Щучинск қаласы және халық тығыз орналасқан ауылдық округтер. Азаматтардың өтініштері мен тілектері міндетті түрде ескеріледі. Кез-келген кемшіліктер мен қателіктер уақтылы жойылады.

Соңғы екі жылда жаңа асфальтты жолдарды жөндеу үшін облыстық және аудандық бюджеттен төрт миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Егер басқа аймақтарда жылыту маусымы 20 қыркүйекте басталса, аудан орталығындағы ондаған үйлердің тұрғындары уәде етілген жылуды бірнеше апта бойы күткен. Осы жағдайдың анық-танығын білмекке, өңір басшысы Ермек Маржықпаев аудан орталығындағы орталық қазандық жұмысымен танысты. Осы орайда келесі жылы бұл жағдайдың қайталанбауы үшін облыс әкімі алдағы жылу беру маусымына дайындықты наурыз айында бастауды тапсырды. Сонымен қатар, Ермек Боранбайұлы бекітілген тарифтің жайына тоқталып, облыс бюджетіне салмақ салмау керектігін атап өтті.

Бұдан кейін өңір басшысы аудан орталығында ашылған жаңа балалар алаңдарына барып, үй аумақтарын аралап көрді. Биыл тұрғын үй аумақтарын абаттандыруға бір жарым миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Өңір басшысы сондай-ақ, тиісті сала басшыларына аула аумағын көгалдандыруды тапсырды.

Облыс әкімі сапар барысында Бурабай кентіндегі жаңа тұрғын үй кешенінің аумағында орналасқан «Променад» аллеясында болды. Көл жағасында орналасқан алаңқай Бурабайдың тұрғындары мен қонақтары үшін таптырмас демалыс орыны. Мұнда балалар және баскетбол алаңдары, Workout алаңы, 4600 шаршы метр жасыл аймақ, серуендеу аллеясы бар.

Бурабай кентіндегі С.Сейфуллин атындағы жалпы білім беретін мектеп осындай мақтаулы мекеменің бірі. Биыл білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында мұнда 267,4 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Карина НЕГМЕТОВА,
Ұлмекен ШАМЕНОВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар