Бүгінгі күннің өзекті мәселелері талқыланды

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткізілген әкімдік мәжілісінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шаралары және 2021-2022 жылдардағы қыс маусымына дайындық барысы туралы мәселелер қаралып, талқыланды.

Кеңес отырысына облыс әкімінің орынбасарлары, қала мен аудан әкімдері, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі қаралған алғашқы мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова баяндама жасады. Ақмола облысында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу өткен жылы бастау алған. Ал, 2021 жылдың басынан бері 9 мыңнан астам түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілді. Оның ішінде 8 халықаралық, 26 республикалық, 1700-ге жуық облыстық, 7 мыңнан астам қалалық және аудандық іс-шаралар ұйымдастырылған. Аталмыш іс-шараларға 400 мыңнан астам адам тартылған. Елдегі және өңіріміздегі эпидемиологиялық жағдай ескеріліп, іс-шаралардың негізгі ауқымы онлайн режимінде өткізілді. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігімен тұспа-тұс келген тұғырлы тұлғалардың мерейтойлық даталары да атаусыз қалған жоқ.

– Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығына орай «Жаһандық күш иесі – Қажымұқан» атты тақырыпта онлайн коференция, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Алты Алаштың – Жамбылы» атты тақырыптық көрме, сондай-ақ, Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығы, Чернобыль апатының 35 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына орайластырылып өткізілген іс-шаралар жыл бойы ұйымдастырылуда,–деді басқарма басшысы өз сөзінде.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, өңірімізде көптеген әлеуметтік-экономикалық нысандар, ғимараттар мен тұрғын үйлер тұрғызылып, ел игілігіне жаратылуда. Мәселен, мемлекеттік бағдарлама бойынша ағымдағы жылдың өзінде 655 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, осы жылдың соңына дейін жалға берілетін 12 үй пайдалануға берілмекші.

Бұл Ақкөл, Ерейментау, Жақсы, Целиноград аудандарындағы 45 пәтерлі, Шортанды ауданындағы 36 пәтерлі, Біржан сал және Қорғалжын аудандарындағы 22 пәтерлі, Егіндікөл ауданындағы 16 пәтерлі үйлер халықтың әлеуметтік осал топтары мен кезекте тұрғандарға берілетін болады. Бұл бірден-бір еліміздің егемендік алып, еңсемізді тіктеп, ел экономикасының алға ілгерілей түскендігін аңғартатыны жайт. 2021 жылы 2,5 мың жұмыс орнын қамтитын 112 жобаны іске қосу жоспарланған (қаржыландыру сомасы 52 миллиард теңге).

Жиын барысында Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өңірімізде «Тәуелсіздік: тарихи 30 кезең» атты тақырыптық онкүндік өткізу ұсынылды.
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитованың айтуынша, тәуелсіздік мерекесін жоғары деңгейде атап өту мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жыл бойы мәдениет мекемелерінің ұйымдастыруымен 500-ден астам түрлі іс-шаралар өткізіліп, бұл игі іске 225 мың адам қатысқан. Алдағы уақытта «30 жұлдызды күн» жоспары аясында бірқатар халықаралық, республикалық, өңіраралық және облыстық іс-шаралар өтеді.

Облыс орталығында алғаш рет жас айтыскерлердің (Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия) қатысуымен «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тақырыпта халықаралық айтысы өтеді деп күтілуде. Сонымен қатар, «Тәуелсіздік – бабам берген аманат» авторлық әндердің облыстық конкурсы, «Үздік экскурсовод-2021» республикалық конкурсы, «Біржан-Сара» айтысының 150 жылдығына арналған Көкшетау-Талдықорған қалалары арасындағы айтыс, ақындар мүшәйрасы тағы басқа мәдени іс-шаралар өткізілмекші. Өңір басшысы тиісті сала басшыларына Ел тәуелсіздігі мерекесін ойдағыдай өткізіп, ұйымдастырылатын іс-шаралардың сапасына аса мән беру керектігін баса айтып, нақты міндеттер жүктеді.

Мәжілісте қыс маусымына дайындық туралы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығы Нұрлан Атығаев сөз сөйлеп, өңірімізде осы мәселеге байланысты әлі де шешімін күтіп тұрған біршама күрмеулі мәселелер бар екендігін айтты. Мәселен, республикалық маңызы бар жолдарда қар ұстайтын қалқандар жетіспейді екен. Қазіргі таңда 391 шақырым жолдың бас-аяғы 30 шақырымына ғана, яғни, бар-жоғы 8 пайызына ғана қар бөгеттері орнатылған. Осы орайда, облыс әкімі тиісті сала басшыларына қатаң ескерту жасап, тез арада бұл мәселенің түйінін шешуді тапсырды.

Айта кетуіміз керек, республикалық маңызы бар жолдарға «ҚазАвтоЖол» серіктестігінің облыстық филиалының 16 бөлімшесі жауапты. Департамент бастығының айтуынша, облыс бойынша 390 учаскенің қар құрсауында қалу қауіпі бар екендігі анықталып отыр. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар қар басатын учаскелерге жақын маңайда 268 жылыту мен 193 тамақтану пункттерін орнатыпты. Сонымен қатар, арнайы комиссия жол пайдалану учаскелері мен кәсіпорындардың дайындық барысына тексеріс жұмыстарын жүргізуде. Нәтижесінде кейбір аудандарда әлі де болса жұмыс тиісті деңгейде орындалмағандығы анықталып отыр. Мәселен, Ерейментау ауданындағы 16 техниканың 11-і ғана жарамды, қалған бесеуі сынып тұр. Ал, жоғарыда атап өткен «ҚазАвтоЖол» серіктестігіне тиесілі 140 техниканың 112-сі ғана дайын. Осы мәселелерге байланысты өңір басшысы серіктестік жұмысына сын айтып, жіберген олқылықтарды тез арада түзеу керектігін баса айтып, ескерту жасады.

Күн тәртібінде қаралған мәселелерді қорытындылай келе, облыс әкімі Ермек Маржықпаев отырыс барысында жүктелген тапсырмалардың орындалуы өз бақылауында болатындығын айтып, қыс маусымына дайындық мәселесіне жүрдім-бардым қарамау керектігін ескертті. Сонымен қатар, Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында жоспарланған барлық іс-шараларды жүйелі атқару керектігін тапсырды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар