Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қабылдауға келушілердің өтініш-тілектеріне түсіністік білдірілді - АРҚА АЖАРЫ

Қабылдауға келушілердің өтініш-тілектеріне түсіністік білдірілді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрбір сауал мен өтініш-тілектің заң шеңберінде шешілетіндігін жеткізе отырып, мүмкіндігінше сол арада көмек-қолдауын көрсетті.

Аймақ басшысының қабылдауына бірінші болып келген көп балалы ана Татьяна Иванова «Алтын алқа» иегері. Оның қабылдауға келгендегі басты себебі – тұрғын үй мәселесін шешу. Ол мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспаналы болу үшін көп балалы отбасы ретінде 2019 жылы кезекке тұрыпты.

Бүгінде кезегі әлі 309-ыншы орында. 7 баланы дүниеге әкелген ана облыс әкімінен үй кезегін алға жылжытып, жақын арада баспаналы болуға қол ұшын беруді өтінді. Алайда, өңір басшысы оған әркімнің өз санаты бойынша кезегі келгенде ғана тиісті баспанасын алатындығын алға тартып, заң алдында барлық азаматтардың бірдей екендігін түсіндірді және оның баспанаға кезекте тұрған санатында өзі секілді қаншама көп балалы аналардың да бары ескертілді. 7 ұлды дүниеге әкелген ана бүгінде жалғыз өзі осы балаларына қамқорлық жасап, пана болуда. Екі үлкен ұлы студент атанған, ал қалғандары мектеп жасында.

Қолында бағып отырған балаларының бірі туғанынан мүгедек. Бүгінде осы балаларымен Көкшетау қаласына іргелес Чайкино кентінде күнелтуде. Қабылдауға келушіге облыс әкімі осы аптада тұрып жатқан жеріне арнайы топ жіберілетіндігін, үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп беретіндіктерін, қажетті отын-көміріне де көмек көрсетілетіндігін айтты.

Бұдан соң облыс әкімі Сандықтау ауданының Широковский селолық округіне қарасты Дорогинка ауылының тұрғыны, «Нұр-Даур group» серіктестігінің директоры Руслан Мейрамовтың мәселесін тыңдады. Серіктестік басшысының айтуынша, бүгінде оған мал шаруашылығы бағытындағы қолға алған ісін дамыту үшін мемлекеттен уақытша пайдалануға 5 гектар жер беріліпті. Алайда, бұл жер істі әрі дамытуға аздық етеді екен. Биыл серіктестік аргокредит корпорациясы арқылы несие алып, 120 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алыпты. Мемлекеттен берілетін тиісті субсидия да уақытылы төленген. Көктемде серіктестік мемлекеттен уақытша пайдалануға берілетін қайтарымды жерлердің конкурсына қатысып, құжаттарының толық болмауы себебінен жер ала алмай қалған екен.

Сол себепті, ол әкімнен мал жайылымы мен жемшөп өсіруге қосымша жер телімін беруді өтінді. Бұл орайда, өңір басшысы оған алдағы уақытта болатын конкурстарға құжаттарын алдын ала тексеріп, тиісті деңгейде дайындап, тағы да қатысуы керектігін түсіндіріп, аудан басшылығына жас аграршыға құжаттарды дайындау кезінде қол ұшын берулерін тапсырды. Енді Руслан Мейрамов 2022 жылғы қаңтарда өтетін конкурсқа дайындалады.

Өңір басшысының азаматтарды жеке қабылдауына Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, Біржан сал атындағы музыкалық колледждің оқытушысы Шолпан Дүкімбаева келді. Биыл ол 60 жасқа толып жатыр екен. Көрікті Көкше жұртына ғана емес, Қазақстанға, Ресей мен алыс-жақын шетелдерге кеңінен танылған әнші 2019 жылы «Құрмет» орденін алыпты. Мерейтойына орай, ол облыс әкімін ағымдағы жылғы 12 қарашада Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында өтетін шығармашылық кешіне шақырып, туған әпкесі Бибігүл Нұғманова жазған шығармашылық ғұмырнамасы туралы кітаптың тұсаукесері де өтетіндігін айтты. Өз кезегінде өңір басшысы күміс көмей әншіні атаулы күнімен құттықтап, концертке барынша қолдау көрсетіндігін жеткізді.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар