Ауылдары көп ауданның қарекеті

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының тоғыз айдағы қорытындысы жөнінде айтып берді.

Иә, Зеренді ауданы облыс бойынша елді мекендері ең көп аудан. Қазір бұл ауданда жетпістен астам ауыл бар. Оның жартысы осы өңірмен біріктірілген бұрынғы Көкшетау ауданының елді мекендері.
–Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында бізге маңызды міндеттер жүктегені белгілі. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының Зеренді ауданы бойынша 105 іс-шарасының бүгінгі күні 65-і орындалғанын, 32-сі орындалу сатысында, оның ішінде 7 іс-шара мерзімінен бұрын орындалғанын атап өткім келеді, – деді аудан әкімі.
Облыстағы өнеркәсіп өндіріс құрылымында Зеренді ауданының үлесі 31,5 пайызды құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл саладағы өсім шамамен 120 пайызды, жалпы өндіріс көлемі 302 миллиард 600 миллион теңгені құрады. Алексеев доломит кенішінде 148 мың тонна доломит өндірілді. «MilkProjekt» серіктестігінің сүт зауыты 18 миллион литр сүт өңдеді. «Blic Terminal» серіктестігінің құс фабрикасы 765 тонна құс етін өндірді. Жалпы, аудан аумағында 1 824 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелген. Оларда 5 216 адам жұмыс істейді. Бөлшек тауар айналымының көлемі өсуде. Есептік кезеңде ол шамамен 3 миллиард теңгені құрады. Тұрғындарды азық-түлік тағамдарымен қамтамасыз ету мақсатында аудан орталығында 5 жәрмеңке өткізілді. Шағын және орта бизнес субъектілерінен 1 миллиард 721 миллион теңге төлем түсті.
Ауданда негізгі капиталға 15 миллиард теңге инвестиция тартылған екен. Ауыл шаруашылығы саласы 45 миллиард 752 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Жылқы мен қой саны артып келеді. Биылғы жылы 209 мың тонна астық жиналып, гектар берекесі 10,2 центнерден айналды. 5 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Аудан бойынша ауылдардың бас жоспары әзірленуде. «Зеренді Сервис» коммуналдық кәсіпорны аумағында блок-модульдік қазандық салынбақшы. Биылғы жылы «Зеренді өнімдер сақтау» серіктестігі картоп өңдеу фабрикасының құрылысын бастады. Ауданда бизнес-пулға түрлі бағыттағы 25 жоба енгізіліп, бес-алты жыл көлемінде 140 миллиард теңгеден асатын инвестиция тартылмақшы. 2 миллиард теңгеден астам сомаға 14 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы-2020-2025» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 820 миллион теңгеден асатын 19 өтінім мақұлданған екен.
–Жылдар өткен сайын ауданның жол инфрақұрылымы жақсарып келеді. 7 ауылдық округте кентішілік жолдар және жергілікті маңызы бар 75 шақырым жол жөнделді. Алты ауыл ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Тоғыз ауылда ұялы байланыстың базалық станциялары орнатылады,–деген аудан әкімі басқа да әлеуметтік салаларда атқарылған жұмыстарға тоқталып, соңында журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар