Әкімдердің бәрі мемлекеттік тілді ескерсе ғой…

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Аршалы ауданының әкімі Айдар Баймановтың қатысуымен «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары» тақырыбында брифинг болып өтті.

Бірден айта кетуіміз керек, аудан әкімі өз баяндамасын басынан аяғына дейін мемлекеттік тілде жасап, журналистердің қойған сұрақтарына екі тілде де сауатты әрі толыққанды жауап беріп отырды. Бұл аудан, қала әкімдері тарапынан өте сирек кездесетін жағдай. – Жергілікті атқарушы органдарының барлық жұмысы Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты тақырыпта Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, сондай-ақ, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2025 жылға дейінгі 7 негізгі бағыты арқылы халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған міндеттерді сапалы орындауға негізделгенін атап өткім келеді, –деп бастады өз сөзін баяндамашы, – «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» мемлекеттік бағдарламалары бойынша, біздің ауданда шағын және орта бизнес өкілдерін несиелеу екі есеге өсіп, шамамен 884 миллион теңгені құрап отыр. Шағын және орта бизнес өкілдерінің саны 109,8 пайызды құрап, қазіргі таңда ауданда 1526 кәсіпкерлік субъектісі бар.
2021 жылдың 10 айында ауданның өнеркәсіптік кәсіпорындарымен 25,7 миллиард теңгеге өнім өндірілді, бұл 2020 жылдың деңгейімен салыстырғанда 39,5 пайызға жоғары. Өнеркәсіптің барлық салаларында өсім артып, тау-кен өндіру өнеркәсібінде өсім көлемі 115,7 пайызды, өңдеу өнеркәсібінде 104,1 пайызды көрсетіп отыр. Есепті кезеңде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 33,3 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдан 23,9 пайызға жоғары. Ауданда жалпы сомасы 124,5 миллиард теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде, 73,8 миллиард теңгеге жел электр станциясының құрылысы, 21 миллиард теңгеге құс фабрикасының, 14 миллиард теңгеге темір-бетон бұйымдарын дайындау бойынша зауыттың, 11,2 миллиард теңгеге қызыл кірпіш өндіріс орнының, Үлкен Сары-Оба көлінің жағасында демалыс аймағының, астықты кептіру құралымен жабдықталған екі бидай сақтау қоймасының құрылысы жүргізілуде.
Аршалы ауданы осы газ желісіне алғашқылардың бірі болып қосылады. Ол үшін Аршалы кентінде автоматты газ тарату станциясы салынды. Ауданда барлығы 17 елді мекен газға қосылады, оның ішінде 14 елді мекенде жұмыстар ағымдағы жылы аяқталатын болады.
Бұдан басқа, бюджет қаражаты есебінен Жібек жолы ауылы мен 42-ші Разъезд ауылында инженерлік желілер құрылысы жүргізілуде. Ауданда 188 мың тонна астық жиналды, ағымдағы уақытқа пішендеме дайындау 8,3 мың тоннаны құраса, жемшөп те қажетті мөлшерде дайындалған.
2021 жылы ауданда 193 бас малға арналған 5 ет фермасы құрылды. Ағымдағы жылдың он айында 23,6 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Биыл ауданның автомобиль жолдарын дамытуға 2,3 миллиард теңге, жолдарды күрделі жөндеуден өткізу жобаларының шеңберінде ағымдағы трансферттер бойынша 500 миллион теңге қаражат бөлінді. Белоярка ауылынан «Екатеринбург-Алматы» трассасына дейін құны 3 миллиард теңгені құрайтын ұзындығы 67 шақырым жолды орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ауданда әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударылуда.
Брифингте журналистер мен әлеуметтік желі арқылы көкейдегі сұрақтарын жолдаған аймақ тұрғындары аудан басшысына сұрақтар қойып, оларға тұшымды жауаптар алды. Сұрақтардың дені жол құрылысы, газбен жабдықтау, ауыз су мәселесі тұрғысында өрбіді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар