Елдігімізді білдіретін ұлттық нышанымыз

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 1993 жылғы 15 қарашада теңге айналымға енгізілді, ал 1993 жылғы 18 қарашадан бастап ол еліміздегі жалғыз заңды төлем құралына айналды.

Ұлттық валюта – Мемлекеттік символдардың бірі және елдің егемендігі мен тәуелсіздігінің бір атрибуты болып табылады. Ұлттық валютаны айналымға енгізу елімізге өзінің ақша-кредит және бюджеттік-салық саясатын жүргізуге мүмкіндік берді.
Қазақстан Республикасында ұлттық валютаны енгізу қажеттілігі КСРО ақша айналымының бірыңғай жүйесі ыдырағаннан кейін елдерде қалыптасқан өте қиын экономикалық жағдайға байланысты болды. Өте қарқынды инфляциялық процестер барлық саладағы өндірістің құлдырауын күшейтті, халықтың өмір сүру деңгейі төмендеді, жалақы, зейнетақы және жәрдемақы төленбей қалды.
Мемлекет пен халықтың экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Президенті мен Үкіметі өзінің ұлттық валютасын шығару туралы шешім қабылдады. Қазақстанның ұлттық валютасы өте қысқа мерзімде жасалды, бар-жоғы бір жыл ішінде теңге пайда болған еді. Қазақстандық ақша белгілерінің алғашқы партиясын англиялық «Harrison & Sons» компаниясы басып шығарған болатын. Қазақстан валютасы 1995 жылдың көктеміне дейін Англияда басылып келді, ал 1995 жылдың 19 мамырынан бастап теңге номиналдарын Қазақстанның Банкнот фабрикасы басып келеді.
Елдегі күрделі экономикалық жағдайды және қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті ескере отырып, кеңес рублін ұлттық валютаға өте қысқа мерзімде –
1993 жылғы 15 қарашадағы таңғы сағат 8.00-ден бастап 1993 жылғы 20 қараша күнгі 18.00-ге дейін айырбастау керек деген күрделі шешім қабылданды. Осы аралықта Қазақстан Республикасының Ұлттық мемлекеттік банкі мен екінші деңгейдегі банктердің қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеп, халық пен кәсіпорындардан кеңестік рубльді қабылдап, санап, өңдеп үлгерген еді.
Сол жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Мемлекеттік банкінің Көкшетау облыстық басқармасы да қажырлы еңбек еткенін айта кету керек. Облыстық басқарма басшысы Асылхан Зейноллаұлы Оспанов бастаған ұжым – бас бухгалтер Күлбарыш Тәпейқызы Кемпірова, бас есептеу-кассалық орталығының басшысы Әли Күлбайұлы Құдайбергенов, касса қызметкерлері С.К.Кенжеғарина, В.М.Пено, А.Сейсембаева, Ә.Қапезова, Н.Куликова, И.Шестакова, Т.Бовуновская, Н.В.Герасимюк, Г.С.Кравцова, Ю.А.Фильчикова, Т.Григорьева, Г.Таубалдинова, Э.Самигулина, Г.Бегімова, Л.Черникова, Л.Подольская, М.Г.Рева, Ш.Досмағанбетова, Ф.Инназарова, инкассация бөлімінің қызметкерлері Т.Б.Жақанов, Г.Кравцов, М.Ыбраев, М.Қабдөшев, Қ.Қасымов, Н.Төлеев, Н.Ярмоленко, Қ.Ыбраев, В.Рубанов, Н.Қалиев, В.Зверовский, Е.Жұмабаев, Е.Қасенов, Д.Түсіпбеков, Р.Максютов, В.Чайковский, Г.И.Пузач, А.Рудиков, А.Ежов, Ә.Мұхамеджанов, Т.Мүтәләпов, О.Маликов сынды қызметкерлермен бірге облыстық әкімшілікпен және екінші деңгейдегі банктермен шұғыл міндеттер бойынша өзара байланыс орнатып, жұмысты үйлестіріп отырған еді.
Әрбір кассир, бухгалтер мен инкассаторға жүктелген міндет әдеттегі жұмыс режимінен бірнеше есе асып түссе де, жұмыс өте үйлесімді жүрді. Бұл қызметкерлер аз ғана үзілісті санамағанда, өз жұмыс орындарынан шықпай, тәулік бойы еңбектенген еді. Осындай қауырт жұмысқа қарамастан, біздің облыс жұмыс барысында ақшадан жаңылмай, бір де бір қақтығысқа жол бермей, жүктелген міндетті абыроймен өткерген еді. Екінші деңгейдегі банктердің де филиалдарына зор салмақ түсті. Екі ауысымда жұмыс істеп, орасан зор жұмыс атқарған филиалдардың қызметкерлері халық пен облыстағы кәсіпкерлерден уақтылы ақша қабылдап, ақшаны Ұлттық Банкке тапсырып үлгерген еді. Осындай қысқа мерзімдегі жауапты жұмысқа қарамастан, ақша қабылдау процесі үзілген жоқ. Бұқаралық ақпарат құралдары өз кезегінде бұл процесті жан-жақты жариялап, ақша айырбастау барысынан хабар таратып отырды.
Ұлттық валюта Қазақстан Республикасының қалыптасуымен және дамуымен тығыз байланысты. Мемлекетіміздің тарихы, маңызды тарихи оқиғалар, атақты тұлғалар, мерейтойлық даталар мен мәдениет және спорт салаларындағы жетістіктер Ұлттық Банк шығарып отырған банкноттар мен монеталарға басылған. Естелік және мерейтойлық монеталар мен қағаз ақшалар елдің визиткалық карточкасына айналып қана қоймай, республика тарихындағы негізгі кезеңдерді тарихқа таңбалап отыр. Бүгінде теңге әлемдегі ең әдемі банкноттармен бірге ең жақсы қорғалған ақшалардың қатарына да кіреді. Қазір Қазақстанның ұлттық валютасы 18 сатылы қорғау жүйесімен қамтамасыз етілген. Қазақстанның банкноттары мен монеталары жыл сайын беделді халықаралық конкурстар мен көрмелерде жеңіске жетіп келеді.
Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы –
теңге енгiзiлген күн ретiндегi тарихи маңызын атап өте отырып, сондай-ақ қаржы жүйесi қызметкерлерiнiң тұрақты экономикалық өсудi қамтамасыз етудегi рөлiн арттыру мақсатында 1997 жылдың 13 қарашасында ҚР Президентінің Жарлығымен 15 қараша Ұлттық валюта – теңге күні, яғни, Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.
Облыстың қаржы нарығындағы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, зор бақыт, мол табыс, береке-бірлік және мақсаттарының орындалуын тілейміз!
Марат Барлыбаев,
Қазақстан Ұлттық Банкі
Ақмола филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар