Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Өмірін күйді зерттеуге арнаған - АРҚА АЖАРЫ

Өмірін күйді зерттеуге арнаған

Күй – ұлттық қазынамыз. Елордада осы құндылығымызды қадірлеген айтулы шара болды. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының Күләш Байсейітова атындағы камералық залында белгілі күйші-домбырашы, ұстаз, фольклортанушы ғалым Айтжан Тоқтағанның «Күй – ғұмырым, ұстаздық – тұғырым» атты концерті өтті.

Еңбегімен елге сыйлы болып отырған Айтжан Есенұлы 1946 жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында дүниеге келді. Құманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының түлегі. Елу жылға жуық ұстаздық қызмет атқарып келеді. Күй тарихын терең зерттеуші, бірнеше ғылыми еңбектер мен кітаптардың авторы. Соңғы жылдары ұлы күйшілеріміз Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек туралы көп томдық еңбектерін жарыққа шығарды.

75 жастың белесіне көтерілген өнер иесіне Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың құттықтау хаты табыс етілді. Жылы лебізін білдірген министр ұстаз-ғалым А.Е.Тоқтағанның егемен еліміздің мәдениеті мен өнерін дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан дарын иесі, сыйлы азамат екенін атап өткен. «Қазақ тарихының өнер әлемінде тылсымнан тербеп күй төккен Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл, Тәттімбет, Байсерке, Дина, Сүгір, Қазанғап сынды Ұлы Дала дарындарының дәстүрлі жолын жалғастырып, талғампаз тыңдарманның жүрек төрінен орын алдыңыз. Алдағы уақытта Отанымыздың үлкен нәтижелер мен мол табысқа жетуі жолында игі бастамаларыңыз жүзеге асып, еселі еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз» –делінген құттықтау хатта.

Осы кеште сөз алған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешов өнер иесіне көрсетіліп жатқан құрмет ұстаздың еңбегінің жанғаны екенін, бала кезінен өзіне де қанат бергенін айта келіп: «Өнерді қазақтың қара домбырасы арқылы ұғындық. Ал, Сіздей ұстаздың арқасында күйдің қасиетін біліп, азамат атанып, саяси-қоғамдық істерге араласып жүргеніміз анық. Осы орайда, Сізге алғысымды білдіремін», – деді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өз құттықтауын жолдады. Онда өңір басшысы: «Киелі домбыраның қос ішегімен үндесіп, астасып жатқан дәстүрлі күй өнері биікке шарықтауына мол үлес қосып келесіз. Тылсым күй әуенінің табиғи қалпы сақталуына, көрермен көңілінен шығуына жоғары талғаммен, үлкен жауапкершілікпен қарайсыз. Сізді өңір жұртшылығы Құрманғазы мен Дина, Қали, Мәмен, Оқас сынды күй алыптарының заңды жалғасы деп таниды. Өнер саласына қосқан өлшеусіз қызметіңізді жерлестеріңіз әрқашан мақтан тұтады», – деп еңбегін жоғары бағалаған.

Өнер иесінің мерейтойына Батыс Қазақстан облысынан бір топ азамат келді. Жәнібек ауданының әкімі Азамат Сафималиев жерлестерінің ыстық сәлемін жеткізіп, сый-сияпат көрсетті.

Сонымен бірге Айтжан Есенұлына ТҮРКСОЙ ұйымының Бас xатшысы Дүйсен Қасейіновтің және Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаеваның құттықтаулары берілді.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның ректоры Арман Жүдебаев ұстазын құттықтады. «Біз Айтжан ағаның шәкірттеріміз. Ол – өмірін күйге арнаған адам. Қазақ күйін зерттеуді Ахмет Жұбанов бастаған болса, Айтжан аға сол сара жолды жалғастырушы. Бүгінде музыка мектептері мен оқу орындарындағы мыңдаған шәкірт А.Тоқтағанның кітаптарынан дәріс алуда. Бұл – ұстаздың баға жетпес еңбегі.

Бір шаңырақта бақытты ғұмыр кешіп, ұрпақ өсіріп, өнердің өркендеуіне қызмет етіп келе жатқан Айтжан аға да, Перизат апайымыз да айрықша құрметке лайықты жандар. Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық мектепте біз Перизат Елеусізқызының қолында өскен болсақ, Қазақ ұлттық консерваториясына келіп, Айтжан ағадан тағылым алдық. Қазіргі таңда жетістіктерге жетіп жүргеніміз осындай ұстаздардың арқасы», – деді. А.Жүдебаев өзі басшылық жасап отырған іргелі ұжым мен өз атынан А.Есенұлының иығына шапан жапты, П.Елеусізқызына камзол кигізді. Одан кейін қолына домбыра алып, Құрманғазының «Төремұрат» күйін орындады.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ақтаудан келген Рухия Батыршева ұстазына:
«Ақыл-ой, терең білім кемесімен
Өттіңіз талай уақыт белесінен.
Ағасыз Ақжайықтан түлеп ұшқан,
Еңбегің ұмытылмас ел есінен!», – деп жырдан шашу шашты. Маңғыстаулықтардың сәлемі ретінде Сүгірдің термесін орындап берді.

«Күй анасы» қорының жетекшісі Төлеген Қуанышев: «Ұлағатты ұстаз ретінде жас буын күйші-домбырашылардың кәсіби шеберлігін арттырып, дарынды шәкірттер мен ізбасарлар дайындап шығардыңыз. Ғылыми еңбектеріңізден сусындап, өзіңізден тағылым алған дарынды жастар қазақтың қоңыр домбырасының күмбірлеген үнін әлемге танытуда», – деді.

Күй мерекесіне айналған концертке арнайы келген шәкірттері кезек-кезек сахнаға көтерілді. Олар Құрманғазы, Тәттімбет, Қазанғап, Әлікей, Дәулеткерей, Дина, Сүгір, Тоқа, Есжан, Мұқсиын, Шортанбай, Бәзғалам, Манарбек, Жантөре, Естей, Нұрғиса және басқа да композиторлардың үздік туындыларын көрермендер назарына ұсынды. Осы кеште Жексенбек Нұржауов, Сәлім Ізтілеуов, Батыржан Мықтыбаев, Руслан Баймурзин, Талғат Оразаев, Мұрат Әбуғазы, Талап Хамзин, Бақытбек Қайралапов, Болатхан Тәшімов, Марат Нүкеев, Данияр Байжұманов, Асылбек Кенегесов, Нұрбек Тапалов, Меруерт Юсбекова, Динара Нұрбаева, Нұркен Әшіровтер киелі домбыраның шанағынан күмбірлете күй төкті.

Мерейтой иесінің қызы, бүгінде ұстаздық қызметте жүрген Айтолқын Тоқтаған Динаның күйін көкке өрлетіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Келесі кезекте сахнаға көтерілген Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали Мұхиттың «Айдай» әнін шырқады.

Танымал өнерпаздар Айнұр Нұрбергенова, Гүлбахрам Мұсабекова және Тоғжан Үмбет бастаған «Қыздар тобы» және Бекайдар Қалиев жетекшілік жасайтын «Серпер» ансамблі күй қазынамыздың қадірін асқақтатты.

Ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленген А.Тоқтаған концертке қатысқан өнер иелеріне, шәкірттеріне жүрекжарды алғысын білдірді. «Шәркірттерім еліміздің әр өңірінен, атап айтқанда, Алматы, Талдықорған, Ақтау, Орал, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Көкшетау, Петропавл қалаларынан келді. Қазір бәрі де жауапты қызметтегі азаматтар. Өнер жолында қол жеткізген атақ-абыройлары да бар. Бәрі де өмірден өз орындарын тапты.

Бүгінгідей күрделі кезеңде осы шараға қауырт жұмыстарын тастап, келіп тұр. Құдіретті күйдің мәртебесін арттырды. Ұстаздық қызметтің бір ғанибеті – шәкірттердің сыйлайтыны! Мен көп жыл оқытушы болдым. Бір білетінім, мен – әр шәкіртіме адалмын!», – деп толқи сөйледі.
Сахнаға түгел шыққан қатысушылар Құрманғазының «Сарыарқасын» бір леппен орындап, концерт бағдарламасын түйіндеді.

Айбатыр СЕЙТАҚ,
ақын-журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар