Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Құнары мол, киелі қазақ жері Ел ардағы Еркіндей ерлер туған! - АРҚА АЖАРЫ

Құнары мол, киелі қазақ жері Ел ардағы Еркіндей ерлер туған!

Көкшетауда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік еңбек ері Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің ескерткіші ашылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Көптен күткен осы бір салтанатты іс-шараға Көкшетау қаласының тұрғындары, ақиық азаматтың көзін көрген, қол астында жұмыс істеген үзеңгілес серіктестері мен шәкірттері, зиялы қауым өкілдері, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен әр жылдары Еркін аға бірінші хатшы болып жемісті қызмет атқарып, ел игілігін еселей білген, сөйтіп, осы өңірлердің тарихында жарқын із қалдырған Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, құрамына кешегі Торғай өңірінің бір бөлігі кіретін Қостанай облыстарынан келген делегация мүшелері, асыл ағаның ұрпақтары мен туған-туыстары және туған ауылынан келген жерлестері қатысты.

Биыл егемен еліміздің қастерлі құндылығы – тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай облысымызда бірқатар ауқымды іс-шаралар іске асырылуда. Солардың ішіндегі ең елеулісі – халқымыздың біртуар перзенті Еркін Нұржанұлы Әуелбековке ескерткіш орнату киелі Ақмола, Көкше өңірлері, тіпті тұтастай еліміз үшін де аса айтулы оқиға болып отыр. Бар саналы ғұмырын халық мүддесіне арнаған асыл тұлғаға орнатылған ескерткіштің биіктігі – 4,5 метр, мүсіншісі – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Тоқсан Ермеков. Ескерткіш қола мен граниттен жасалған. Оның жұмыстары Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен «Еркін Әуелбеков қоры» арқылы жүзеге асырылды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев өз құттықтау сөзінде:

– Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековке арнап ескерткіш орнату – барша көкшетаулықтар көптен күткен толғанысты сәт. Бұл салтанатты шараның ел тәуелсіздігінің 30 жылдығында іске асырылып отырғанына қуаныштымын. Себебі, Еркін Нұржанұлы Әуелбеков егемен еліміздің негізін қалаушы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызметтес серігі. Тәуелсіз еліміздің қалыптасуына өз үлесін қосқан қазақ елінің көрнекті қайраткері. Кербез Көкше жерінде туып, сүйікті Көкшетауының, еліміздің басқа да аймақтарының дамып, көркеюі үшін ерен еңбек еткен Еркін ағамыздың жарқын бейнесі жерлестерінің жүрегінде мәңгі орын тапты.

Біз бүгін көптен бері облыс орталығында осы еңселі ескерткіштің бой көтеруін асыға күткен Еркін ағаның кешегі серіктестерінің, басқа да аға ұрпақ өкілдері, бүкіл жұртшылықтың ой-аңсары сәтімен жүзеге асты деп білеміз, – дей келе, осы ескерткіш қойылған көрікті аллеяға да Еркін Әуелбековтің есімін беруді ұсынды. Мұны сол арада көптеп жиналған кәрі-жас та қуана құптады. Облыс әкімінің сөзінде қазіргі жастардың осындай білімді де білікті, өз елі мен жерін шексіз сүйген, сол үшін аянбай қызмет еткен аяулы жерлесімізден әрдайым үлгі алуы, осындай асқақ тұлғаларымызды мақтан тұтуы қажеттігі де атап өтілді.

1999 жылы Көкшетау қаласының орталық көшелерінің біріне Еркін Әуелбековтің есімі берілді. Былтыр мемлекет қайраткерінің 90 жылдығы атап өтіліп, түрлі ауқымды іс-шаралар жоспарланған болатын. Алайда, еліміздегі карантиндік шектеулерге байланысты олардың бірқатары онлайн және офлайн форматтарда өткізілді. Соған қарамастан, қос тілде Еркін ағаның өмірі мен қызметіне арналған «Көкшенің асыл перзенті», «Өңір даңқын асырған» атты кітаптар жарық көрді.
Шара барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы, денсаулық сақтау саласының ардагері Болат Жанәділов сөз сөйлеп, Еркін Әуелбековтің бар саналы ғұмырын, ұлтының болашағына бағыштаған, халқым деп еміреніп өткен біртуар тұлға екендігін жиналған көпшілікке жан-жақты жеткізе білді.

Сонымен бірге, даңқты жерлесімізге осындай бір еңселі ескерткіш орнатылса деген көптен бергі ел тілегін де ескеріп, осынау игі істің басы-қасынан көрінген облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа көкшетаулықтардың, сонымен бірге осы салтанатқа жиналған қонақтардың зор алғыс-сезімін жеткізді. Бұдан соң ескерткішке қаржы жинау ісіне белсене ат салысқан «Еркін Әуелбеков қорының» басшысы Оразкен Нұртазин да ақжарма тілегін білдіріп, осы біткен істің қолдаушысы болып табылатын облыс әкіміне қор медалін тапсырды.

Бұдан кейін еңселі ескерткішті ашу құрметі облыс әкімі Ермек Маржықпаев пен Еркін ағаның туған інісі Болат Нұржанұлы Әуелбековке беріліп, ақ жамылғы баяу сырғып түскенде, халқы сүйген ерен тұлғаның көпке таныс жарқын жүзі де жарқ етті. Ескерткіштің жұрт күткендей көзкөрім болып шыққанына, асқаралы аға бейнесі мен болмысының шынайы да мазмұнды айшық тапқанына көпшілік қуанышында шек болмады.

Бұл күні түннен бастап, келіп қалған қыстың белгісіндей алғашқы ақ ұлпа қар да жауып, жер беті осы бір көркем келбетімен көз тарта түскендей еді. Мұны да көпшілік ұлы даланың өз заманындағы тұғырлы перзентінің еліне деген ақ ниет, адал пейіліне балады. Енді туған жері – Көкшетауда Еркін Әуелбековтей ел ардақтысының да жұрт сағынғанда, аяулы бейнесін еске алғанда тебірене келіп, тағзым ететін еңселі ескерткіші бар. Олай болса, осы бір ақ түйенің қарны жарылғандай болған ақжарылқап күн мен игілікті шаруа баршамызға да қайырлы, құтты болсын! Ер есімі әрқашан ел есінде жарқырай түссін!

Осы айтып жатқан сөзіміздің ақиқаттығын дәл осы күні Көкшетау қаласында халқымыздың біртуар перзентінің туғанына 90 жыл толуына және еңселі ескерткішінің ашылу құрметіне өткізілген ғылыми-практикалық конференция да барынша растай түсті.

Жоғарыда біз айтып өткен меймандар мен ақмолалық және көкшетаулық азаматтар қатысқан бұл конференцияны Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Конференция барысында аталмыш шараға Қызылордадан арнайы келген мемлекет және қоғам қайраткері Аңсат Сәдуақас Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа жолдаған құттықтау хатын облыс әкімінің орынбасары Мәлгаждар Тәткеевке салтанатты түрде табыс етті.

Осы бір ердің еріне тағзымымызды, руханилығымызды көрсететін тағылымды кештің шымылдығы рухты өлеңмен ашылуы да заңды еді. Мінбеге өңіріміздің талантты ақыны, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспан көтеріліп, өз лебізін жырмен өрнектеді. Бұдан кейін Еркін ағаның көзін көрген, қызметтес, сыйлас, сырлас болған жандар бірінен-соң бірі мінбеге шығып, өз естеліктерімен бөлісті.

Көкшетауға Еркін Әуелбековтің рухын асқақтатып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген сыйлы меймандарға тағы бір мәрте Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың алғысын жеткізіп, құттықтау лебізін білдірген облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде:

–Біз, бүгін, облыс орталығы Көкшетау қаласында қазақ халқының ұлы перзенті Еркін Нұржанұлына арналған ескерткіштің ашылғанына куә болдық. Еркін Нұржанұлы Көкшетау, Қызылорда, Торғай өңірлерін басқарды, екі министрлікке жетекшілік етті, ел дамуына қосқан қомақты үлесін саясаткерлер, ғалымдар, ақындар мен жазушылар, өлке жұртшылығы жоғары бағалады. 38 жасында Көкшетау облысын басқарып, өңір тізгінін асқан іскерлікпен өз қолына алды. Сол жылдары облысымызда қырыққа жуық қазақ ауылдары ірілендіріліп, шаруашылықтарға айналды. Облыстың рухани өмірінде үлкен серпіліс болды.

Біз ақмолалықтар, ел ардағы Еркін Әуелбековтің өнегелі өмірін ғибрат етіп, қашанда үлгі тұтамыз һәм жарқын бейнесі мәңгі жадымызда болмақ, – деп атап көрсетті.

Ғылыми-практикалық конференцияда Қазақстан Респуб-ликасы Парламенті Мәжілісінің экс-депутаты, Қазақстан халықтық партиясы орталық комитетінің құрметті хатшысы Владислав Косарев сөз сөйлеп, Еркін Әуелбековтің азаматтық ажары, кісілік келбеті, адалдықты ту еткен адами абзал қасиеті туралы тарқатып айтып берді. Жиында сондай-ақ, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының еңбек ардагерлері де өз естеліктерін ортаға салды. Мемлекет және қоғам қайраткері Әбдіжәлел Бәкір сөз сөйлеп, 1985-1989 жылдар аралығында Қызылорда облыстық партия комитетін басқарған, сөйтіп, соңында өшпес бедерлі із қалдырған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы орамды ойларын ортаға салды.

– Кешегі кеңестік жүйенің ірі тұлғаларының бірі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО Коммунистік партиясы және Қазақ ССР Компартиясы Орталық Комитеттерінің мүшесі Ерекең ерен еңбегімен, маңдай терімен, қажырлы қайратымен, парасат-пайымымен, сергек ақыл-ойымен ерекшеленетін шынайы саяси қайраткер. Өзіне тән іскерлікпен, қажырлылықпен, ерекше дарындылықпен Ерекең біздің облыста жаңа жұмысына құлшына кірісті. Содан Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайына терең талдау жасай отырып, оны тығырықтардан шығарудың сан салалы тиімді жолдарын жалықпай іздеді. Тапты да. Ол ең алдымен, өңірдің өзіндік мүмкіндіктерін шебер пайдаланып, өз ырысын өзіне бұйыртты, – дей келіп, атақты профессор тұғырлы тұлғаның қызылордалықтарға сіңірген ерен еңбегі туралы тарқатып айтып берді.

Жиын соңында конференцияға қатысушыларға көрнекті тұлғаның 90 жылдығына орай шығарылған естелік кітаптар мен медальдар табыс етілді. Осылайша ел мақтанышы, ел ардағы, атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің жарқын бейнесі еңселі ескерткішімен, тартымды да тағылымды жиынымен көкшеліктер жүрегінде тағы бір жарқырап, асқақтай түсті. Осы бір елдік ісіміз алда да ұзағынан сүйіндіргей!

Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ,
Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар