Мемлекеттік тілдің тағдыры өз қолымызда

Еліміз тәуелсіздік алумен бірге, қазақ тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, қазақ тілінің қоғамның барлық саласында толыққанды, мәртебесіне сай қолданылуы қамтамасыз етілмеуде. Мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілінің ахуалы сырттай қарағанда жақсы болып көрінуі мүмкін. Себебі облыс, қала, аудан әкімдіктерінде, жергілікті атқарушы мекеме, органдар қазақ тіліндегі іс қағаздардың пайыздық үлесі 90 пайыздан жоғары немесе 100 пайызға жеттік деп есеп береді.

Мәселен, Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің маманы Күнім Оразбаева қалалық «Көкшетау» газетіне (2021 жылғы 19 тамыздағы №33) «Мәдениет – елдің асыл мұрасы» тақырыбында берген сұхбатында «2019-2021 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі – 84,5 пайыз, ал мемлекеттік органдардан қазақ тілінде шығатын іс-қағаздардың үлесі 100 пайызды құрайды» деп жазыпты. Мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарының көрсеткіштерінің өскені әрине, қуантарлық жағдай. Бірақ, сол іс-қағаздарының саны мен сапасына кей кездері күмәнмен қарауға тура келеді.

Мысалы, сотқа 2021 жылдың 7 айында мемлекеттік мекемелер мен органдардан барлығы 1453 талап арыз түссе, оның 539-ы немесе 37,1 пайыз ғана мемлекеттік тілде берілген. Сонда іс-қағаздардың үлесі қалайша 100 пайыз болмақ?! Осы орайда, Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңның 4-бабының сақталмағаны анықталып, облыс соттарымен мемлекеттік мекемелердің атына 2018 жылы барлығы – 30, 2019 жылы – 75, 2020 жылы – 83, 2021 жылдың 7 айында 43 жеке ұйғарымдар шығарылған болатын. Ал, өңіріміздегі мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі – 84,5 пайыз болатын болса, неліктен күнделікті өмірде мемлекеттік тілдің қолданылуында басымдық байқалмайды?!

Мысалы, 2021 жылдың 7 айында сотқа жүгінген азаматтарымыздың 40,3 пайызы қазақ ұлтының өкілдері бола тұра, олардың 13 пайызы ғана сотқа арыз-шағымдарын мемлекеттік тілде берген. Бастапқыда талап арыздардың орыс тілінде берілгеніне қарамастан, облыс соттары қылмыстық істерді қабылдауда, азаматтық істерді алдын ала зерделеу барысында істерді мемлекеттік тілге ауыстыру мәселелерін қолға алып, іс жүргізу тілін мемлекеттік тілге ауыстыруда төмендегідей көрсеткішке қол жеткізілді: 2018 жылы – 273 (0,5 пайыз), 2019 жылы –1002 (0,9 пайыз), 2020 жылы – 781 (1,5 пайыз) болса, ал 2021 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 614 іс (2,2 пайыз).

Тіл мәселесінің күрмеуін шешу үшін ең бірінші, мемлекеттік қызметке қабылданатын мамандарға қазақ тілін меңгеруіне қатысты нақты талап қоятын уақыт жетті. Әрине, бүгінгі күні заңда мемлекеттік тілді білу талабы болмағандықтан, басшылар да, қызметкерлер де қазақ тілін білмей-ақ, еш кедергісіз мемлекеттік қызметке орналасуда.

Мемлекет пен мемлекеттік тіл – егіз ұғым. Демек, мемлекеттің міндеттері мен функциялары тек мемлекеттік тілде жүзеге асырылуы тиіс. Ал, мемлекеттік тілді білмейтін, тілді оқып үйренуге құлқы жоқ, мемлекеттік қызметші қалайша өзіне жүктелген міндеттерін жүзеге асыра алады?! Бұл істе алдымен мемлекеттік қызметші үлгі көрсетіп, өз елінің патриоты болуы керек емес пе?!

Халықпен етене араласып, жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе, жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы қарапайым халық пен билік арасын алшақтатады. Мысалы, тек қазақша сөйлейтін қандастарымыз мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету мекемелеріне барған кезде, мемлекеттік тілде қызмет ала алмаған жағдайлар жиі кездесуде. Көп мәселе бірінші кезекте басшыларға байланысты. Жиындар мен конференциялар, мәслихаттың сессияларында және тағы басқа басқосуларда «орыс тілде» сөйлеп отырған жоғары лауазымды шенеуніктерді көргенде олардың күнделікті өмірде қай тілге басымдық беретіндігі айдан анық. «Талабы бар тоқсан тілді меңгерер, талабы жоқ тоқсан сылтау өңгерер» дегендей, тілді үйрену мәселесі адамның ниеті мен санасына, ішкі мәдениетіне байланысты.

Өткен айда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақтың орысша баяндама жасағаны дұрыс емес. Әрбір басқарманың, департаменттің басшысы соған тырысуы керек» – деді. Міне, мемлекеттік тілді құрметтеудің айқын үлгісі. Басқа облыс басшылары Бердібек Сапарбаев ағамыздан үлгі алса ғой, шіркін!
Сот жүйесіндегі негізгі қозғаушы күш, басты тұлға судья болып табылады. Өкінішке орай, сот саласында да мемлекеттік тілді толық меңгермеген судьялар мен сот мамандарының бары жасырын емес. Соңғы кездері жекелеген азаматтар тарапынан мемлекеттік тілде шығарылған сот шешімдерінің сапасына қатысты айтылып та, жазылып та жүрген сын-ескертпелер, көңіл толмаушылық, кемшіліктердің бары сирек жағдай емес.

Бұл да судьялыққа үміткерлерге тілді меңгеруіне байланысты қойылатын нақты талаптардың болмауынан. Сондықтан, соттар осы кемшіліктерді мойындап, олардың алдын алу үшін қажетті жұмыстарды жүргізудеміз. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілді жетік меңгермеген судьялар мен сот қызметкерлері үшін жыл сайын мемлекеттік тілді үйрену курстары ұйымдастырылған. Ай сайын мемлекеттік тілде қаралған қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істер мен қабылданған сот актілерін дайындау сапасы, ондағы мемлекеттік тілді дұрыс таңдау және қолдану тәжірибесі туралы талдау жасалады. Сонымен қатар, соттарда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын көтеруге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде өткізіледі.

Аталған іс-шаралардың арқасында бүгінгі күні 7 айдың қорытындылары бойынша Ақмола облысы соттарында жалпы қаралған істердің 15,5 пайызы мемлекеттік тілде. 4 жыл бұрын бұл көрсеткіш 1,3 пайыз еді. Біз бұл көрсеткішке әрбір істі қарар алдында тараптарға, әсіресе, талап қоюшылар мен сотталушыларға олардың құқығын түсіндіру арқылы жеттік.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, тіл жанашыры Қазыбек Исаның айтқанындай: «Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей оны үйрену де сондай мүмкін емес» демекші, тек талап қойылған жерде заң арқылы міндет белгіленген кезде бұл мәселе шешімін табады деп есептеймін.

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050»: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді-өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген сөздерін барша қазақстандық құптайды.
Тіл мәселесіне қатысты Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің ұлтаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.

Бүгінгі таңда Ата Заңымыздың 7-бабының 2-тармағының төңірегінде біраз пікірлер туындауда. Осы заңның дұрыс қолданылуы жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазбек Иса «Dalanews» ақпараттық желісінде Қазақстан Республикасының Президентіне «Қазақ елінде қазақша нан сұрай алмай отырсақ, бұған қазақ билігі жауапты!» тақырыбында үн қатқан болатын.

Депутат үндеуде «Конституция бойынша орыс тілі тек «мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады». Алайда, «Ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөз орыс тіліне ресми тіл деген статус бермейді» деген болатын. Бұл туралы Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 23 ақпандағы №3 қосымша Қаулысының негізінде көрсетілгенін де тілге тиек етті. Демек, қазақ тілінің мемлекеттік тіл статусынан жоғары статус болмайды, сондықтан да мемлекеттік тіл оқ бойы алда тұруы қажет, ал басқа тілдер мемлекеттік тілдің жетегінде жүруі тиіс екендігін назардан тыс қалдырмауымыз қажет.

Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс-қағаздарын жүргiзу тiлi. Ал, Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы болып табылады. Ендеше, мемлекеттік тілді білу, меңгеру әрбір Қазақстан Республикасы азаматының міндеті болуы тиіс.

Ал, кешегі 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі» – деген ұранмен қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала беретіндігіне баса назар аударды. Сонымен қатар, «Қазақ тілі шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі» – деп, болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қою қажеттілігін ескерткен болатын.

Мемлекеттік тілдің тағдыры өз қолымызда. Елбасының сөзімен айтқанда, бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Себебі тіліміз – бірлігіміздің тірегі, халқымыздың ұлттық байлығы. Тіл түзелмей, қоғам түзелмейді, мемлекеттің де, ұлттың да болашағы күңгірттене береді. Сондықтан да, еліміздің қоғамдық-рухани өмірінде ұлттық тіл саясатын барынша батыл қолға алып, қарқынды жүргізетін уақыт жетті деп есептеймін. Өйткені, Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қалуы тиіс!

Досжан ӘМІР,
Ақмола облыстық сотының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар