Облыс орталығы басқаларға үлгі болуы қажет

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен тоғыз айдағы қорытындысы жөнінде айтып берді.

Қала әкімі өз есебін Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауынан бастады. Осы орайда, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған міндеттердің тиісінше жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Қаланың өнеркәсіп секторы 170 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, өңдеу секторы 147 миллиард теңгеге өсті. «КАИК» кәсіпорыны 178 комбайн, 1469 трактор, «Kaz Rost Enjineering Ltd» компаниясы 579 комбайн, 646 жатка, «КамАЗ-Инжиниринг» акционерлік қоғамы 1115 жүк көлігін құрастырып шығарды. Сондай-ақ, «Асыл-Арман» серіктестігі 46 миллион дана қап, «ЕНКИ» серіктестігі 90 мың текше метр кірпіш, «Kokshe Bulding Service» серіктестігі 100 мың тонна бетон бұйымдарын өндірді. Негізгі капиталға 44 миллиард теңге инвестиция, тұрғын үй құрылысына 20 миллиард теңге инвестиция тартылды. 170 мың шаршы метр коммерциялық және әлеуметтік тұрғын үй алаңы пайдалануға берілді.

Бұл – 1 мың пәтер. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 265 пәтерлік 6 тұрғын үй пайдалануға берілмекші. 7 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өңделді. Өңірдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қатысуымен 10 жәрмеңке өткізілді. «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының аясында Жол картасы жүзеге асырылуда. Осының арқасында 2 мың жаңа жұмыс орыны ашылды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 10 жоба іске қосылды. 16 838 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді, – деген қала әкімі «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша кәсіпкерліктің негізін 260 адам оқығанын айтты.

Шағын бизнес субъектілерінің жұмысынан бюджетке 12,5 миллиард теңге құйылған екен. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы аясында 40-тан астам көп пәтерлі тұрғын үй жөндеуден өткізіліпті. Сергеев су қоймасында жөндеу жұмысы жүргізіліп, қала ауыз сумен толық қамтамасыз етілмеді. Мұндай жағдай қайталанбас үшін сегіз су ұңғымасы қазылмақшы. Қала әкімінің айтуынша, жылумен қамтамасыз ету мәселесі ерекше назарда тұрған көрінеді.

– «РК-1» бу қазандығына жаңадан газ бен мазут арқылы жұмыс істейтін қазандық, Краснояр селосындағы блоктік-модульдік бу қазандығына қосымша 4 қазандық орнатылды. Ұзындығы 2 мың шақырым кварталішілік және магистральдік жылу жүйесі ауыстырылды. Сондай-ақ, ТМ-2 жылу магистралі, НПС-2 су сорғыш станциясы, бірқатар көшелердегі жылу құбыры қалпына келтірілді. Биылғы жылы 15 шақырым автокөлік жолы жөнделді. Дегенмен, мердігер ұйымдар жол шұңқырларын сапасыз жөндейді. Оларды сот арқылы тәртіпке шақырудамыз. Көкшетаудан Қызыл жұлдыз ауылы арқылы Красноярға баратын жол салынады. Көшелерді жарықтандыру жұмысы жүргізілуде. «Төңкеріс күрескерлері» паркі, Бұқпа төбесіндегі алаң жаңғыртылды. Өткен жылдан бастап халықтың цифрлық сауаттылығын арттыратын, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсартатын, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жоятын «Сервистік әкімдік» жобасы өз жұмысын бастады,–дей келе, қала әкімі білім, денсаулық сақтау, мәдениет, өзге де әлеуметтік салаларда атқарылған және атқарылатын жұмыстар жөнінде айтты.

Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар