Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатысты - АРҚА АЖАРЫ

Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысына қатысты

Кеңестің өңірлердегі мүшелерінің қатысуымен онлайн форматта өткен жиын барысында Президенттің Ұлттық кеңес аясында бұған дейін берген тапсырмаларының орындалу барысы, сондай-ақ қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму мәселелері жөніндегі ұсыныстар талқыланды.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бүкіл халқымыз үшін айрықша мәні бар мерейлі белес, мемлекетіміздің даму жолындағы маңызды меже екенін атап өтті. Сонымен қатар қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылып жатқанын және бұған айрықша мән беретінін жеткізді.

– Біз осы тарихи белеске мықты мемлекет және біртұтас ұлт ретінде жетіп отырмыз. Саяси жаңғыру, экономика құрылымын өзгерту, әлеуметтік саланы дамыту жұмыстары тың қарқынмен жалғасуда. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор үлес қосуда. Ұлттық кеңестің бастамаларын жүзеге асыру үшін 90-нан астам нормативтік-құқықтық акт қабылданды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президентінің айтуынша, кез-келген өзгеріс халқымыздың тұрмысын жақсарту үшін жасалуы керек. Мемлекеттілігімізді нығайтып, әлеуетімізді арттыруды көздейтін ұсыныстарды ғана жүзеге асырған жөн.  Бұл – Мемлекет басшысының айқын ұстанымы.

– Кеңес екі жылдың ішінде еліміздегі көптеген оң өзгеріске жол ашты. Болашақ ұстаздар мен дәрігерлердің, докторанттардың стипендиясы көбейді. Жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы өсті. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім берудің жаңа ережелері бекітілді. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидия екі есе ұлғайды.  Игерілмей жатқан жер теліміне салынатын базалық салық ставкасы артты. Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдік азаматтар мен заңды тұлғаларға сатуға және жалға беруге тыйым салынды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы осы жылдан бастап жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік берілгенін, оны жылжымайтын мүлік сатып алуға, ипотекалық несиені өтеуге және емделуге жұмсап жатқанын еске салды. Соның арқасында жарты миллионнан астам азаматымыз зейнетақы жинағын қажетіне жаратқан. Ал әлеуметтік жағынан әлсіз топтарды  қолдайтын бірқатар шешім қабылданған.

– Биыл алғаш рет көп балалы, мүгедек баласы бар және толық емес отбасылардың балаларына білім гранты берілді. Соның нәтижесінде осындай отбасында өскен 5 мыңнан астам жеткіншек тегін оқуға мүмкіндік алды. Ерекше күтімді қажет ететін балаларға білім беру үшін бөлінетін қаржы екі есе ұлғайды. Қазір бір балаға 730 мың теңгеден астам қаражат бөлінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Кеңес мүшелерінің тікелей атсалысуымен елімізді одан әрі демократияландыруға бағытталған реформалардың төрт топтамасы жасақталғанын айтты.

– Қазір әйелдер мен жастарға өздерінің әлеуетін іске асыруға қосымша мүмкіндіктер бар. Бірақ, біз мұнымен тоқтамаймыз. Инклюзивті қоғам құру барысында ерекше күтімді қажет ететін адамдарды қамту үшін мен партиялардың сайлау тізімдеріндегі квота санаттарының санын көбейтуді ұсындым, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар қалалардың, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлаудың енгізілуі қоғамымызды демократияландыру жолындағы үлкен қадам болғанын айтты. Биыл елімізде 800-ден астам ауыл әкімі сайланып, нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы екі есе жаңарды.

Қазақстан Президенті ауыл әкімдерін сайлау институтын жетілдіру қажет екенін айтты. Сонымен қатар Кеңес мүшелерінің ауыл әкімі үміткерлігіне арнаулы орта білімі бар азаматтарға рұқсат беретін норманы бекітуді ұсынғанына тоқталды. Мұндай жаңашылдық жергілікті деңгейдегі сайлаудың бәсін арттырады. Үміткерлерге, әсіресе өзін-өзі ұсынған азаматтар үшін үгіт-насихат уақытын ұзарту мәселесі өзекті болып отырғанын, сайлауалды жұмыстарды қаржыландыруға сараланған тәсіл қажет екенін айтып, аталған бастамаларды зерттеуді және нақты ұсыныс беруді Президент Әкімшілігіне тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру саласының өзекті мәселелерін шешу жолын ұсынды. Атап айтқанда мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында қауіпсіздікті сақтау өзекті екені айтылды.

– Қазір оқу орындары күзет агенттігімен бір жылға келісім-шартқа отырады. Әдетте, оны жылдың басында жасайды. Бұл – оқу жылының ортасы деген сөз. Мұндай келісімшарттарды ұзағырақ уақытқа, мысалы үш жылға жасаған тиімді болар еді. Оған рұқсат беру үшін заңнамаға өзгеріс енгізу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Білім беру саласын жетілдіруге ерекше тоқталған Қасым-Жомарт Тоқаев мектептердегі орын тапшылығын өте өзекті мәселе ретінде атады. Биылғы Жолдауында 2025 жылдың соңына дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма бергенін еске салды.

– Тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек. Үкіметке заңның сақталуын қатаң бақылауды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы тағы бір мәселе ретінде оқу орындарындағы грант бөлуді айтты. Сондай-ақ жастарға білім беру үшін жоғары оқу орындарына өте көп грант бөлінетінін және студентті оқыту құнына қатысты ой-пікірін ортаға салды.

– Қаржы тікелей грант иесіне берілуге тиіс, яғни студент оқу ақысын өзі төлеуі керек. Бұл – қаражат студенттің арнайы есеп-шотына түседі деген сөз. Оны тек оқу ақысын төлеуге жұмсау керек. Бұл тәсіл жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу саласында бәсекелестікті арттырады. Сондай-ақ мемлекеттік тапсырыстың ашық болуын қамтамасыз етеді. Білім сапасын жақсартып, студенттердің жауапкершілігін арттырады.  Үкімет бұл шешімді жүзеге асыру жолдарын мұқият ойластыруы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде елімізде медицина кадрларының тапшы екенін айтты. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді екен. Облыс орталықтарында, әсіресе, аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Сондықтан Президент өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысы цифрлық технологияны  барынша енгізуді тағы бір бастама ретінде атады. Президент қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ екенін, соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отырғанын жеткізді.

– Қарапайым мәселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр.  «Электронды үкіметтің» базасына әкімдіктердің және Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. Сонда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеміз, азаматтардың уақытын үнемдейміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы банктердің кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды. Қыркүйек айында Алматыда үйден мәжбүрлеп шығару кезінде қоғамды дүр сілкіндірген қайғылы оқиға болды. Мұны ақтауға болмайтын қылмыс деп атаған Президент біздің құқықтық мемлекет екенімізді, барлық даулы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керектігін айтты.

– Ешкімнің заңсыз әрекетпен мәселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті барлық қабылданған шешім бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде мейілінше тиімді болуы керек екенін атап өтті. Сонымен қатар халықтың әртүрлі критерий бойынша жіктелуі тиімді бюджеттік жоспарлау мен жалпы мемлекеттік саясатқа тікелей әсер ететінін, әсіресе, жастардың жас ерекшеліктерін анықтайтын бірыңғай шкала әзірлеу мәселесі өзекті екенін жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқықтарын қорғау жүйесін одан әрі нығайту жөнінде айтты. Президент биылғы маусым айында адам құқықтары саласын кешенді жаңғыртуға бағытталған «Қазақстан Республикасының адам құқықтарын қорғау саласындағы одан әрі шаралары туралы» Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

– Бұған дейін менің бастамаммен еліміз Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің өлім жазасын жоюға бағытталған Екінші факультативтік хаттамасына қосылды. Таяудағы Жолдауымда Қылмыстық кодекстің нормаларын соның нормаларымен үйлестіріп, заң қабылдауды тапсырдым, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ана мен баланы қолдау екенін жеткізді. Әйел адамдар бала күтімімен ұзақ уақыт отырғанда кәсіби қабілетін төмендетіп алатыны, тіпті жалғызбасты ата-аналарға мұндайда тіпті қиынға соғатынын айтып, оларға ерекше еңбек жағдайы жасалуы керек екенін атап өтті.

Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүкіл қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде отбасылық және күнделікті өмірдегі қылмыстарға қарсы күрес мәселелері жан-жақты зерттеледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге, азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға  септігін тигізуі қажет екенін атап өтті.

– Халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған. Әдетте, мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ, демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. «Плюрализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек». Біздің саясатымыздың басты ұстанымы – осы, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөзінің соңында тағы бір мәселеге арнайы тоқталды. Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру туралы үнемі айтып жүргенін, оның  өте маңызды міндет екенін еске салды.

– Реформаларымыздың түпкі межесі – ұлттың сапасын жақсарту. Себебі, халқы мықты ел ғана қуатты мемлекет құра алады. Ал, ұлтымыздың кемелденуі үшін әрбір азамат өресі биік, парасатты болуға ұмтылуы қажет. Яғни, сана өзгермесе, бәрі бекер. Шын мәнінде, жаңғыру тәрбиеден бастау алады. Сондықтан, біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беруіміз керек. Жастардың бойына ең ізгі қасиеттерді сіңіре білген абзал, – деді Президент.

Сонымен қатар жиын барысында Кеңес мүшелері Жеміс Тұрмағамбетова, Қайсар Тұрсынқожа, Тәттігүл Талаева, Александр Данилов және Уайс Ерсайынұлы сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздігіміздің бәріміз үшін ең құнды дүние екеніне баса мән беріп, оны даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасаттылықпен, біліммен, сабырлықпен қорғау қажеттігін, еліміздің біртұтастығы реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі екенін айтты.

Дереккөз:  www.akorda.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар