Инвестиция салынып, пайдасы істен көрінуде

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шортанды ауданының әкімі Бауыржан Мәлғаждаров өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен тоғыз айдағы қорытындысы жөнінде айтып берді.

Аудан басшысы өз есебін Мемлекет басшысының ел халқына арнаған Жолдауынан бастап, халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге және ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған міндеттердің орындалуы жөнінде айтты.

– Жыл басынан бері ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттары оң нәтижелерге ие. Жылдан-жылға инвестициялар көлемі артуда. Өңірдің экономикасын дамытуға шамамен 10 миллиард теңге бағытталған. Өнеркәсіп саласында нақты көлем индексінің төмендеуі байқалады.

Бұл «Қазақалтын Technology» серіктестігінің кәсіпорны өңдейтін кендегі алтын құрамының азаюына байланысты. Алайда, осы кәсіпорынның жабдықтарын жаңғырту және бейімдеу жылына 1,2 тонна алтын мен күміс қорытпасын шығара отырып, 650 мың тонна кенге дейін жобалық қуатқа шығуға мүмкіндік береді. Ауыл шаруашылығы аудан экономикасының қарқынды дамып келе жатқан саласы болып табылады. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 3,4 миллиард теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту бойынша мақсатты жұмыс жалғасуда. Аудан елордаға ауыл шаруашылығы өнімдерін негізгі жеткізушілердің бірі болып табылады. Эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, мемлекеттік қолдау шаралары жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің 3 пайыздан астам өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Аудан кәсіпкерлерін қолдау тетігі «Бизнес Бастау» жобасы болып табылады,–деген Бауыржан Малғаждаров аталмыш жоба аясында 53 адам оқытылатынын айтты.

Ағымдағы жылы аудан орталығы Шортанды кентінде көп қабатты бір үй салу жоспарлануда. Осы мақсатқа облыстық бюджеттен 355 миллион теңге бөлініпті. Аталмыш іс-шараны жүзеге асыру халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 36 отбасы үшін тұрғын үй мәселесін шешеді.

– Тағы бір алдымызда тұрған міндет халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету болып табылады. Мысалы, Төңкеріс бекетіндегі су құбыры желілерін қайта жаңғыртуға 285,8 миллион теңге бөлінді. Бүгінгі күні 29 елді мекеннің 26,3 мың тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтылған. Биыл 1,2 миллиард теңге бөлініп, шамамен 50 шақырым автомобиль жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Облыс әкімінің қолдауының арқасында 440 миллион теңгеге Шортанды – Пригородное облыстық маңызы бар жолын орташа жөндеу жалғастырылды.

Кешкі уақытта халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 6 елді мекенде 18 көшеге жарық орнату жұмыстары жүргізілмекші, – дей келе, аудан басшысы, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және әлеуметтік салаларда атқарылған және атқарылатын жұмыстар жөнінде айтты. Брифинг соңында журналистер қойған сауалдарға жауап берді.

Рамазан ТІЛЕУОВ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар