Өнеркәсіп өнімі екі есеге артқан

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингтер легін Есіл ауданының әкімі Еркебұлан Баяхметов жалғастырды. Дәстүрлі жиында БАҚ өкілдері алдында ауданның тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері мен қоғамдық-саяси жағдайы баяндалды.

Атап айтар болсақ, ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту жұмыстарын жүргізу барысында өнеркәсіп өнімінің көлемі 2 миллиард теңгені құраған, өңдеу өнеркәсібі 1 миллиард теңгеден асқан.

–Ауыл шаруашылығы бойынша өндірілген жалпы өнімнің құны 34 миллиард 814 миллион теңгені құрап отыр. Биылғы құрғақшылыққа байланысты астық өнімінің түсімі төмендегені байқалды. Соған қарамастан, диқандарымыз өз кәсібилігін көрсетіп, 313 мың тоннадан астам дән жинады, – деген аудан басшысы ірі қара мал санына да тоқталып, бүгінде 18 511 басты құрағанын айтты. Алайда, 200-ге жуық бас бруцеллез ауруына шалдыққандықтан, оған қоса, азық құны күрт жоғарылағандықтан, ірі қара мал саны біршама азайған.

Жалпы, елдің өнеркәсіптік индустриясы өңір экономикасын дамытуда өз септігін тигізері сөзсіз. Соның дәлелі ретінде, ауданда өндірілген өнеркәсіп өнімі 2,3 миллиард теңгеге жеткенін айтуға болады. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге артыпты. Мұндай өсу қарқынын аудан әкімі құрылыс материалдарын өндірумен, сондай-ақ, шағылтастар мен ұсақтастарды көптеп шығарумен байланыстырып отыр.

– Бүгінде Есіл ауданында қолданыстағы кіші және орта бизнес субъектілерінің саны 1189 болса, бөлшек тауар айналымының көлемі 4 жарым миллиард теңгені құрады. Бұл дегеніміз, кіші және орта бизнес нысандарын тұрақты дамыту үшін тиісті жағдай жасалғанын, халықтың сатып алу қабілетін қалпына келтіруге бағытталған шаралардың тиімді іске асқанын көрсетеді, – деді аудан әкімі өз есебінде.

Есіл ауданының экономикасын дамытуға тартылған инвестицияның көлемі 8 миллиард теңгені құраған. Бұл қаржылар ауыл шаруашылығы техникалары мен қондырғыларын сатып алуға, өндірістік және сауда нысандарын салуға бағытталды. Мәселен, шаруашылық субъектілері үшін астықты тез жинайтын 23 комбайн сатып алынған екен.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, көп балалы отбасыларға, жетім және әлеуметтік әлсіз топқа жататын жандарға 45 пәтерлі тұрғын үй салынды. Сондай-ақ, Елорда күнін мерекелеу қарсаңында есілдік 32 отбасына жеке инвестор салған әрі облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың тікелей қолдауымен 343 миллион теңгеге сатып алынған жаңа көппәтерлі тұрғын үйдің кілттері табысталды. Ескере кететін жәйт, бұл пәтерлер тек кезекте тұрғандарға ғана емес, сонымен қатар, медицина, білім мен төтенше жағдай органдарының қызметкерлеріне де бұйырды.

Ауданда 40 шақырымдық Бұзылық-Алматы автожолында орта жөндеу жұмыстары басталыпты. Сондай-ақ, облыстық маңыздағы Есіл-Свободное-Раздольное автожолында орналасқан 13 шақырымдық көпірдің құрылысы да жүргізілуде.

Осы жылдың өзінде есілдік 402 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 185 жас іс-тәжірибесіне, әлеуметтік және қоғамдық жұмыстарға жіберілген екен.
–Ал, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 80 адам бизнесті жүргізудің негіздері бойынша оқытылды. Солардың алтауына шағын несиелер беріліп, 39-ына гранттар бөлінді. Мұның барлығы жаңа бизнес ойларын іске асыру үшін жасалуда, – деген аудан басшысы 1000-нан астам адамға әлеуметтік көмек көрсетілгенін айтты.

Айгүл МЫРЗАҚҰЛОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар