Өндірісті қаланың тыныс-тіршілігі бір қалыпты

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өткен он айдағы қорытындысын алға тартты.

Қала әкімі өз есебінде Мемлекет басшысының ел халқына Жолдауындағы міндеттерді іске асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен ағымдағы жылдың қорытындыларына тоқталды.

– Ақмола облысының өнеркәсіп өндірісіндегі Степногорск қаласының үлесі шамамен 16 пайызды құрайды. Қаланы құраушы кәсіпорындардың тұрақты жұмысы, өндіріс көлемінің өсуі, оның ішінде «Қазақалтын ТКМК» акционерлік қоғамында кен, «СТКХК» серіктестігінде уран, «ЕПК Степногорск» акционерлік қоғамында подшипниктер, «Астана Нан Кемикалз» серіктестігінде пестицидтер, «SSAP» серіктестігінде күкірт қышқылы, «Альфа Органик» уытты спирт зауыты» серіктестігінде этил спирті, «Степногорск ЖЭО» серіктестігінде жылу энергия-сы және электр энергиясын өндіру, «Сареко» серіктестігінде сирек кездесетін металдардың ұжымдық концентраттары 141,7 миллиард теңгеден астам өнім шығаруға, сондай-ақ, өнеркәсіптік өндіріс индексінің 105,9 пайызға дейін, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 103,5 пайызға дейін өсуіне қол жеткізуге мүмкіндік берді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде 106 адам оқытылды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» бағдарламасы аясында 35 шағын несие, 55 грант берілді.

Қала экономикасына инвестицияға 58,6 миллиард теңге жіберілген. Степногорск өңірінің тау-кен өндіру саласында ірі ауқымды жобаларды іске асыруға байланысты ең үлкен үлес «Алтыналмас» компаниясының еншілес кәсіпорындары – «Ақсу Technology» серіктестігі мен «Қазақалтын» компаниясына келді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 35,7 миллиард теңгені құрады,– деген өңір басшысы өнеркәсіп өндірісінің көлемі мен негізгі капиталға салынған инвестициялардың артуы жөнінде айтты. Сондай-ақ, халықты әлеуметтік қолдау мен жұмыспен қамту мәселелері қолға алынды. Бүгінгі таңда, аталмыш іс-шараларды іске асыру жұмыстары жүргізілуде.

– Ағымдағы жылдың 1 қарашасына жұмысқа орналасу мәселесі бойынша 1715 адам өтініш білдірді, оның ішінде 1385 адам жұмысқа орналастырылды. Қаңтар-қазан айлары аралығында 1243 жаңа жұмыс орны құрылған. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. 126 миллион теңге сомасына 4 мыңнан астам адамға көмек көрсетілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері жүріп-тұруы қиын 63 адам үшін «Инватакси» қызметі жұмыс жасауда. «Өмір» арнайы әлеуметтік қолдау орталығында жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық көрушілерге де қол ұшы берілуде,– дей келе қала әкімі білім, денсаулық және мәдениет салаларында атқарылған және атқарылатын іс-шаралар жөнінде айтты.

Рамазан ТІЛЕУОВ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар