Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасы және алыстағы ағайын - АРҚА АЖАРЫ

Елбасы және алыстағы ағайын

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде Қазақстан Республикасы әлеу-меттік-экономикалық, мәдени-рухани, ғылым-білім саласында үлкен табыстарға жетті. Еліміздің мұндай биік деңгейге көтерілуі, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұшан-теңіз еңбегінің нәтижесі. Тұңғыш Президентіміздің ерен еңбегінің ең бастыларының бірі – әлемнің әр түкпірінде шашырап жүрген сан миллион қазақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың атажұртқа көптеп оралуына кең жол ашуы болды.

Нұрсұлтан Назарбаев шет мемлекеттерге барған ресми сапарларында сол елде тұратын қазақтармен арнайы кездесу өткізуді дәстүрге айналдырған еді. 1991 жылдың қыркүйек айында Түркияға барған сапары кезінде сол елде тұратын қазақтар Қазақстанның Тұңғыш Пре-зидентін Ыстанбұл әуежайында бірден үш ақсарбас қойды құрбандыққа шалып, қол жайып «Ақсарбас!.. Ақсарбас!» деп ұрандатып, айрықша салтанатпен қарсы алды. Елбасы Ыстанбұл қаласындағы «Мәрмәр» мейманханасында ағайындармен арнайы кездесу өткізді. Кездесу барысында Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу туралы мәселе көтерілді. Нұрсұлтан Назарбаев бұл ұсынысты бірден қолдап, ұлы жиынды ұйымдастыруды Қазақстан делегациясының құрамында барған, Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаевқа тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 1991 жылғы 18 қарашада «Басқа республикалардан және шетелдерден селолық жерлерге жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт өкілдерін Қазақстанда қоныстандырудың тәртібі мен шарттары туралы» Үкімет қаулысы қа-былданды. Сөйтіп алыс-жақындағы ағайындарды атажұртқа жинауға мүмкіндік беретін заңды құжат алғаш рет дүниеге келіп, этностық көші-қонға нақты жол ашылды.

Сол жылғы 31 желтоқсан күні Елбасы Қазақ радиосы арқылы бүкіл шетелдік ағайындарға арнап сөз сөйлеп, «Атамекеннің есігі келемін деген ағайындарға әрқашан да ашық» деп жариялады. Осылайша, алыс-жақындағы ағайынның атажұртқа бет алған ұлы көші ерекше қарқын алды. 1991 жылдан бастап Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғыз-станнан атажұртқа оралған қазақтардың жүгін тиеген көліктер шекарадан ағылып өтіп жатты.1993 жылдың қараша айында өз ішінде соғыс жүріп жатқан Тәжікстаннан бір пойыз қандастарымыз Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына әкелінді. Бұдан кейін екі пойыз Ирандағы қазақтарға аттанып, Түрікменстан-Иран шекарасынан шыққан бір жарым мың адамды Оңтүстік Қазақстан облысына жеткізді. Пойызға сыймай қалған ирандық ағайындар арнайы кемемен Каспий теңізі арқылы Ақтауға бет алды. Бұдан кейін Сауд Арабиясы, Ауғанстан және Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілді.

Көш, әсіресе, Моңғолиямен екі арада қызу жүрді. Баян-Өлгей аймағынан Өскеменге бір күнде қандастар отырған алты-жеті ұшақтың келуі үйреншікті жағдайға айналды. Олардың дүние-мүліктерін тиеген жүздеген жүк көлігі Қазақстан шекарасынан күні-түні ағылды. Ұшақтың кезегін күтуге шыдамағандар Моңғолиядан бірден Ресейге шығып, жол көлігімен келді.

Сырт жерлердегі қандастарын арнайы ұшақ, пойыз, кеме, автобус, жүк көліктерін жан-жақтан қаптатып, күніне мың-мыңдап көшіріп әкелу – арғы-бергі тарихта сирек кездесетін жағдай. Міне, осындай сирек жағдайды Қазақстанның Тұңғыш Президенті жүзеге асырды. Қазақтар атажұртқа жаппай қайтып жатқанда сол жердегі өзге этнос өкілдерінің «Сендерді көшіріп алып жатқан Назарбаев сынды Президенттерің бар қандай бақытты халықсыңдар! Ал бізді ешкім де керек етіп, іздеп жатқан жоқ» деп кәдімгідей көңілдері босап, көздеріне жас алғандарын көрген жұрт әлі күнге аңыз етіп айтады.

Көшті ұйымдастырудың ең ауыр салмағы Саят Бейсенов жетекшілік еткен Еңбек министрлігінің Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаментіне түсті. Бұл департаментте Памир Камалиев, Мұхит Ізбанов, Марат Тоқсанбаев, Данияр Арғынбаев, Ахмет Әбибеков, Марат Қонақбаев сынды алыс-жақындағы ағайындардың хал-жағда-йын жан-жүрегімен сезінетін, қазақ халқының көбеюіне шынайы жанашыр азаматтар жұмыс істеді. Көшті ұйымдастырушылар шекараның арғы жағынан бастап, атажұртқа келгенге дейін ағайындармен бірге болды. Арнайы құрылған штаб көштің барысын күні-түні бақылап, бағыт-бағдар беріп, реттеп отырды.

Сол кездегі көштің барынша сәтті жүруі Сыртқы істер министрлігінің Уәлихан Қоңырбаев басқаратын Консулдық қызмет департаменті мен Ішкі істер министрлігінің Өмірбай Мұсаев жетекшілік ететін Паспорт және виза жұмыстары Бас басқармасының жұмыстарына да тікелей байланысты еді. Бұл екі мекеме де алыстан келген ағайындарға шынайы жанашырлық таныта білді. Соның нәтижесінде алыстан келген ағайындар атажұртта ешқандай әуре-сарсаңға түспей, бірден азаматтық алып, тып-тыныш орналасып жатты.

Елбасының Түркияға сапары барысында берген тапсырмасына сәйкес Жазушылар одағы Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына бір жылға жуық жан-жақты дайындық жұмыстарын жүргізді. Ұлы жиынға бір ай қалғанда, яғни 1992 жылдың 27 тамызында Үкіметтің Құрылтайды өткізу туралы арнайы қаулысы қабылданып, Премьер-Ми-нистрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков бастаған ұйымдастыру комитеті құрылды. Осының нәтижесінде Алматы қаласында қыркүйек айының соңында құрылтай сәтті өтті. Онда «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі құрылып, Елбасы осы ұйымның Төрағасы болып бірауыздан сайланды.

Құрылтайдың салтанатты ашылуында Елбасы әлемдегі бүкіл қазаққа арнап: «Дәл осынау сәтте өзін қазақпын деп сезінетін әрбір адам жүрегі лүпілдеп, атамекенге, тәуелсіз Қазақстанның астанасы Алматыға көз тігуде. Өйткені мұнда дүние жүзінің түкпір-түкпіріндегі иісі қазақ атаулының өкілдері тұңғыш рет салтанатты мәжіліс – Құрылтайға жиналып отыр… Сан ғасырға созылған отаршылдықтың бұғауынан босанып, қысқа мерзім ішінде бүкіл әлем мойындап, абыройы асып үлгерген Қазақстан жұртшылығы сіздерді, ардақты ағайын, туған жерде құшақ жайып қарсы алуда.

Мен Республика Президенті ретінде бәріңізді Дүниежүзі қазақтары Құрылтайының салтанатты ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға «Туған жерге қош келдіңіздер!» – деймін деп, жүрек тебірентерлік сөз сөйлей келіп, алдағы уақытта сырт жерлердегі аға-йындармен байланыс жасаудың нақты екі жолын атап көрсетті. Оның біріншісі – ағайындарды атажұртқа тұрақты көшіріп әкелу. Екіншісі – қазақ диаспорасына сол бұрынғы тұрған жерінде ұлттық ерекшелігін, ана тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтап, қазақ ұлтының құрамдас бір бөлігі ретінде өсіп-өркендей беруіне қолдау жасау. Осыған орай Елбасы жаңадан құрылған Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының мін-деттерін де нақтылап берді.

Кейін мұндай құрылтай Түркістан мен қазіргі Нұр-Сұлтан қалаларында төрт рет ұйымдастырылды. Осы құрылтайлардың бәрінде де Елбасы әлемнің әр түкпірінен келген ағайындардың ортасында болып, қазақ халқының бүгіні мен болашағы жөнінде толғанысқа толы баяндамалар жасады. Қазақстан тарапынан шетелдегі ағайындарға жасалуға тиіс қолдау мен қамқорлықты да үнемі нақты айқындап, бағыт-бағдар беріп отырды. Мұның бәрі әлемнің әр түкпірінде жүрген бүкіл қазаққа жетіп, олардың атажұртқа деген сағынышын, келуге деген ынта-ықыласын арттырды.

1993 жылы Үкіметтің арнайы қаулысымен «Қазақстан» қоғамы таратылып, бөлінген қаржысы, атқаратын қызметі, кеңсесі Қауымдастыққа біржолата берілді. Соның нәтижесінде Қауымдастық басында баспанасы, тұрақты қызметкерлері бар, алыс-жақындағы аға-йындармен тығыз байланыс орнатып, келгендерін күтіп алатын қарашаңыраққа айналды. Осыған орай, жыл соңында Алматыдағы М.Әуезов атындағы театрда Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тұсаукесер салтанаты өтті.

Елбасы салтанатқа арнайы келіп қатысып, қазақ диаспорасымен байланыс және көші-қон жөніндегі өзекжарды ойларын ортаға салды. Ағайындар да атажұртқа деген ризашылықтары мен ұсыныстарын кезек-кезек айтып жатты. Солардың бірі – Қарақалпақстаннан келген журналист Құтмағамбет Қонысбаев еді. Оның айтуынша, Қарақалпақстаннан Қазақстанға қоныс аударатындар айтарлықтай мол, бірақ жер шалғай, сондықтан Алматы мен Қарақалпақстанның

орталығы – Нөкіс қаласының арасында тұрақты қатынайтын жолаушылар пойызы өте қажет. Бұл ұсынысты естігенде залдағы бүкіл жұрт бір сәт тып-тыныш бола қалды. Өйткені ол кезде жаңадан пойыз жүргізу, әсіресе өзге елмен екі арада жүргізу мүмкін емес сияқты еді. Енді Президент не айтар екен? Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев бір сәт те ойланған жоқ. «Бұл мәселе шешіледі. Ағайындарға сәлем айта бар, Алматы мен Нөкістің арасында пойыз жүргіземіз», деп нық жауап берді. Залдағы жұртшылық дүрілдете қол соқты. Көп ұзамай Қазақстан Президентінің ағайындарға берген уәдесі толық орындалды: Алматы мен Нөкістің арасына жолаушылар пойызы тұрақты жүре бастады. Сөйтіп Қарақалпақстандағы ағайындардың атажұртпен тұрақты байланыс жасап, біржолата көшіп келуіне кең жол ашылды.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Елбасының белгілеп берген бағыт-бағдары мен тапсырмалары бойынша шетелдегі ағайындармен байланыс және көші-қон жөнінде жүйелі жұмыс істеуге кірісті.

1992-2004 жылдар аралығында Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған көрнекті жазушы, белгілі қоғам қайраткері Қалдарбек Найманбаев бұл жұмыстарға ерекше еңбек сіңірді. Ол кісі дүниеден өткен соң бұл қызметті Талғат Мамашев атқарды. Ал 2017 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткен әлем қазақтарының V құрылтайында Қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары болып белгілі қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков сайланды.

Елбасының тапсырмаларын орындау барысындағы Қауымдастық жұмысына Өзбекәлі Жәнібеков, Шәңгерей Жәнібеков, Махмұд Қасымбеков, Мұхтар Құл-Мұхаммед сынды белгілі мемлекет қайраткерлері әр кезеңде шынайы жанашырлықпен қолдау көрсетіп отырды.

Қауымдастық аз уақыттың ішінде 30-ға жуық мемлекеттегі қазақ диаспорасымен тығыз байланыс орнатты. Қауымдастық қызметкерлері Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Түрікменстаннан бастап, сонау Моңғолия, Түркия, Иранға дейінгі қазақтар тұратын елдерді түгел аралады. Еуропадағы қазақтар да назардан тыс қалмады.

Бұл сапарларда Қауымдастық қызметкерлері қазақ диаспорасына атажұртқа оралудың жол-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізіп отырды. Мысалы, 1993 жылы Қауымдастыққа Түркияның Ыстанбұл қаласына Ауғанстаннан келген жүздеген қазақ отбасы түрлі қиындыққа ұшырап, атажұртқа жете алмай отыр деген төтенше хабар түсті. Осыған орай, Ыстанбұлға барып, 300-ден астам қазақ отбасын (бір мыңдай адам) жаңа туған балаларына дейін қалдырмай тізімге алдық. Бұл жұмысымызға Ыстанбұлдағы Қазақстан консулдығы қолдау көрсетті. Сөйтіп ағайындардың тізімін Алматыдағы Көші-қон департаментіне өткіздік. Арада көп уақыт өтпей, Ыстанбұлға арнайы ұшақтар жіберіліп, бір

мыңдай адамы бар 300-ден астам отбасы түгелдей Қазақстанға жеткізілді. Қазір бұл ағайындар Түркістан облысы мен Алматы облы-сының Қарасай ауданында өсіп-өніп жатыр.

Барлық жерде Қауымдастық тарапынан көтерілген мәселелер тікелей Қазақстан Президентінің ой-пікірі, ұстанымы ретінде бағаланып, толық қолдау тауып отырды. Осының нәтижесінде Қытайдағы ағайындардың Қазақстанға келіп тұрақты тұруына, жұмыс істеп кәсіпкерлікпен айналысуына нақты жол ашылды. Екі ел арасындағы сонау алпысыншы жылдардан кейін тоқтап қалған көш қайта жанданды. Сөй-тіп аз жылдардың ішінде Қытайдан Қазақстанға 100 мыңнан астам ағайын келді. Қытайдан келіп түрлі оқу орындарына түскен жастардың да қатары барынша көбейді.

Қытайдағы ағайындармен мәдени байланыс жасауға да бұрын-соңды болмаған мүмкіндік туды: Қауымдастық жыл сайын шекараның аржағындағы ағайындарға концерттік бригадалар апарып тұратын болды, ол жақтағы қазақ жазушыларының шығармалары Қазақстанда мемлекеттік тапсырыспен көптеп жарық көре бастады.

Елбасы сырт жерлердегі қазақтан шыққан зиялы қауым өкілдерінің атажұртқа көбірек келуіне ерекше көңіл бөліп, қажет жағдайда бұл мәселеге өзі де тікелей араласып отырды. Түркиядағы көрнекті дін қайраткері Халифа Алтай ақсақал Қазақстанға Елбасының осындай тікелей қамқорлығының нәтижесінде келді. Моңғолияда туып-өскен белгілі ғалым Зардыхан Хинаятұлы да Елбасының нақты қамқорлығына ие болды. Мұндай мысалдар аз емес.

Нұрсұлтан Назарбаевтың астананы Алматыдан қазіргі Нұр-Сұлтан қаласына көшіруі қандастар көшіне жаңа леп, ерекше серпін әкелді. Бұған дейін ағайындар негізінен оңтүстік өңірлерге келіп жатқан болса, енді көш Қазақстанның орталығына қарай бет бұрды.

Көші-қон жұмысының барынша нәтижелі жүруі үшін оның заңдық-құқықтық негіздері дұрыс болуы тиіс. Елбасы қандастар көшін қолға алғанда бұл мәселені де назарда ұстады. Соған орай, 1992 жылғы тұңғыш Құрылтай қарсаңында Үкіметтің «Ұлты қазақ шетел азаматтарын Қазақстанда болған кезінде әлеуметтік-экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету жөніндегі» №791 қаулысы қабылданды. 1996 жылдан бастап қатарынан екі рет «Шетелдегі отандастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы» дүниеге келді. «Халықтың көші-қоны туралы» заң да бірнеше рет жетілдіріліп, қайта қабылданды.

Осындай игі істердің нәтижесінде шетел қазақтары Қазақстанға ағылып келді. Бұл көш, әсіресе, 90-жылдары айрықша мол болып, қандастардың саны жылына 20 мың отбасыға, яғни 80 мыңға адамға дейін жетті. 2000 жылдардың ортасына дейін бұл көш жылына 40-50 мың адамның төңірегінде болды. Сөйтіп атажұртқа 1 млн-нан астам

қандасымыз оралып, Қазақстан халқының бүгінгідей 19 млн-ға жа-қындауына үлкен ықпал етті.

Елбасының алыстағы ағайындармен байланыс жасаудағы алға қойған негізгі міндеттерінің бірі – сырт жерлердегі ағайындарға оқу-білім жөнінен қолдау көрсету еді. Осыған орай, Қауымдастық кезінде Білім министрлігімен бірлесе отырып, сырттағы қазақ жастарын Қазақстанға әкеліп оқыту мәселесін қолға алды. Бүгінгі таңда жер жүзіндегі қазақтар үш түрлі – кириллица, латын, араб әліпбиін пайдалануда. Аты қазақ мектебі болғанымен, әр елдегі оқулықтар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Сондықтан сырттан келетін жастарымыз әуелі дайындық бөлімдерінде білім алуы керек. Осыған орай, әуелі Қаратау қаласынан ағайындардың жас ұрпағына арналған 40 орындық дайындық бөлімі ашылды. Кейін мұндай дайындық бөлімдеріне қабылданатындар саны 1500-ге дейін көбейді. Шетелдегі қазақ балаларының Қазақстандағы лагерьлерге келіп тынығуы да тұңғыш рет ұйымдастырылды. Қауымдастық Иран, Ауғанстан, Түркия, Қытайдағы қазақ кәсіпкер-лерінің Қазақстанда жұмыс істеуіне көмектесті.

Қауымдастық жұмыстарының ең бастыларының бірі – еліміздің қол жеткізген табыстарын және Елбасының Қазақстанды ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жөніндегі қолға алған игі істерін шетелдегі ағайындарға жеткізіп, насихаттап отыру болды. Қауымдастық Елбасының Жолдауларын қазақтар көп тұратын бірнеше елдердің тіліне аударып, оған қоса латын және төте жазудағы нұсқаларын дайындап, таратып отырды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға Қауымдастықтың жанынан жарық көрген «Алтын бесік» журналы, «Туған тіл» альманағы, «Атажұрт» баспасының «Қазақ әлемі» сайты, Талдау орталығы үлкен үлес қосты.

Елбасының алыс-жақындағы ағайындарға көрсеткен үлкен қамқорлығының бірі – Алматыдан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ғимаратын салып беруі еді. Қауымдастық алғаш құрылған кезде төрт-бес бөлмесі бар шағын кеңседе отырды. Бұл алыстан келген ағайындарды күтіп алуды қиындататын. Соған орай Елбасы Қауымдастыққа арнайы жеке ғимарат тұрғызу мәселесін қолға алды. Бұл ел экономикасы әлі де түзелмеген қиын кез болатын. Соған қарамастан, Елбасы қолдауымен Алматының төрінен Қауымдастықтың жеке асханасы, қонақүйі, кеңсесі бар төрт қабатты ғимараты бой көтерді. Ол ұзақ жыл алыс-жақындағы ағайындардың Алматыға келгенде ат басын тірейтін құтты шаңырағына айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында түрлі себептерге байланысты бәсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, жандандырамыз деп атап көрсетті. Осыған орай, жақында Үкімет басшысы 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың атажұртқа оралуы

ұйымдастырылатыны туралы мәлімдеді. Үкіметтің бұл жоспарының орындалуына толық мүмкіндік бар. Өйткені, көш жаңа басталған тоқсаныншы жылдармен салыстырғанда қазір мемлекетіміз әлдеқайда қуатты. Жұмысты ұйымдастыратын мекемелер де жеткілікті. Елбасының кейінгі құрылтайдағы тапсырмасына сәйкес «Отандастар қоры» құрылған. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да қызметін жалғастыруда.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алыстағы ағайындарға деген шынайы жанашырлық қамқорлығы мен игі бастамалары алдағы уақытта лайықты жалғасын табатынына кәміл сенеміз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ,

1992-2017 жылдардағы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

egemen.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар