Ақпейілді абзал жан

Өмірден озып кетсе де, көпшіліктің көңілінде көпке дейін сақталып, өзін аңсатып тұратын адамдар болады. Сондай елдің ыстық ықыласына бөленген жанның бірі, 1971 жылдан бастап құрметті еңбек демалысына шыққанға дейін Ақмола облысының Бұланды аудандық ауруханасында жемісті еңбек еткен Ғалым Қайырбекұлы Сәдуақасов еді.

Бүкіл саналы ғұмырын туған жерінің тіршілігіне арнаған, бала кезінен адамдарға жанашыр болуға ұмтылған осы бір жанның сол ізгілікке толы жүрегі түптің-түбінде өзінің дәрігер мамандығын таңдауына түрткі болды.

Ғалым Қайырбекұлы 1946 жылы 4 желтоқсанда Көкшетау облысының Щучье ауданына қарасты Кіндікқарағай ауылында туған. Ауылдағы жетіжылдық мектептен кейін Макинск қаласында орта мектепті бітірді. Осы шағын қаладан арман қуып, Целиноград мемлекеттік медицина институтына оқуға түседі. 1971 жылы хирург-дәрігер мамандығын алған жас түлек көп ойланбастан Макинск қаласына келіп, аудандық ауруханада еңбек жолын бастайды.

Осы ауруханада 1983 жылға дейін дәрігер-хирург болып қызмет істеп, одан әрі 2009 жылдың соңына дейін осы емдеу орнының бас дәрігері болып еңбек етті. Бас дәрігер болып істеген уақытында аудандық аурухана жұмысына жаңа шаруашылық механизмдері, міндетті және ерікті медициналық сақтандыру кезеңдері, экономикалық тиімділікке бағытталған денсаулық сақтау ісін реформалау процестері енгізіліп, соның нәтижесінде аурухана ұжымы нарықтық қатынастар жағдайында тиімді жұмыс жүргізді.

Атап айтқанда, аудандық аурухана жұмысының сапалық көрсеткіші едәуір артты: емделіп шыққандар саны артты, стацио-
нарда жатып ем алудың мерзімдік ұзақтығы қысқарды, емханаға қаралушылар саны артты, хирургиялық емдеу бойынша өлім жағдайлары болған жоқ, сәбилер өлімі күрт азайды.

Ғалым Сәдуақасовтың бір айтарлық қасиеті, жас мамандарға қолдау білдіруге ықыласты болатын. Аурухана кадрларының біліктілігін арттыруға үнемі мүдделі болып жүретін. Дипломнан кейінгі білімді жетілдіретін институттарда жыл сайын 5-6 дәрігер кәсіби біліктілігін көтеріп келетін болды. Соның нәтижесінде аудандық ауруханада жоғары, бірінші және екінші категориялы дәрігерлер көп болды.

Бірінші басшы ретінде аурухананың материалдық-техникалық базасына да ерекше көңіл бөлді. Босану, хирургия, терапия, неврология, туберкулезге қарсы, қан құю бөлімшелерін қайта жарақтандырды. Барлық бөлімшелер қазіргі заманға сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Аурухананың ішкі құрылымдық бөлімшелері түгелдей компьютерлік жүйеге қосылды. Ғалым Сәдуақасов жас мамандарға жақсы тәлімгер бола білді. Оның көптеген шәкірттері бүгінгі таңда Ақмола облысы көлеміндегі, сондай-ақ, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина мекемелерінде жемісті еңбек етіп жүр.

Аудан тұрғындары Ғалым Қайырбекұлын тек жақсы дәрігер ретінде біліп қоймай, оның негізгі жұмысымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да белсенді араласатынын айрықша бағалайтын еді. Жерлестерінің қолдауымен Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болды. Аудан мен қаланың қоғамдық өмірінде болып жататын түрлі шараларға белсене қатысты.

Ғалым Сәдуақасов өзінің еңбек жолындағы биік жетістіктері үшін Қазақстан Републикасы Президентінің Құрмет Грамотасымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет Грамотасымен, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасына 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. «Бұланды ауданының Құрметті азаматы» атағының иегері атанды.

Бүкіл саналы ғұмырын адамның денсаулығын сақтауға арнаған, дәрігер деген жауапкершілігі өте үлкен мамандыққа адалдық танытқан, бір мекемеде табан аудармай 37 жылдай еңбек еткен, аудан тұрғындарының сый-құрметіне бөленген Ғалым Қайырбекұлы Сәдуақасовтың есімін сақтау үшін Ақмола облысының Бұланды аудандық ауруханасына беруге лайық деп ойлаймыз.

Бұл ойымызды ауданның көптеген тұрғындары, әріптес дәрігерлер, шәкірттері де қолдайтыны сөзсіз. Өйткені, ақ халатты абзал жанның туған жеріне, жерлестеріне деген адал еңбегі мен адамгершілік қасиетін жұртшылық айшықтап айтып жүреді.

Тегінде адам жасаған жасымен емес, жасаған ісімен есте қалатыны айқын. Олай болса, осыдан он жыл бұрын дүниеден өтіп кеткен ақпейілді азаматтың, білікті дәрігердің, қамқоршы басшының жарқын есімі, қажырлы ісі әлі де көпшіліктің көңілінде сақталып қала бермек.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар