Біздің қателіктерімізді қайталамасаңыздар екен

Осыдан бір жарым айдай уақыт бұрын жұбайым екеуімізде жөтел пайда болып, дене қызуымыз көтеріліп, басымыз ауырып, осы мазамыздың кетуі бірнеше күнге созылғандықтан, жергілікті дәрігерлік амбулаториядан жолдама алып, Көкшетау қаласындағы №1 емханаға барып, көрінуге мәжбүр болдық.

Бізді қараған дәрігер денсаулығымыздан ешқандай ақау таппай, жүрек соғуымызды тыңдап, бірнеше дәрі-дәрмектер түрлерін жазып, өзіміздің медициналық мекемеде емделуге кеңес берді.

Келесі күні менің жағдайым күрт өзгеріп, ауру қысып, қайтадан жоғарыда аталған емханаға бардым. Мені қабылдаған пульмонолог дәрігер, екі өкпемнің 55-60 пайызы зақымдалғанын анықтап, коронавирус диагнозын қойып, қасындағы медбикенің қадағалауымен жедел жәрдем автокөлігіне отырғызды.

Осылайша облыс орталығының Садовый елді мекеніне апаратын жолға жақын жердегі таудың баурайында орналасқан аурухананың «Н» блогына түстім. Мұнда қажетті жағдайлардың барлығы жасалыпты. Екі кісілік палата жаңа төсек орынмен, дәретхана, жуыну бөлмесімен, медициналық қызметшіні шақыртатын тетікпен жабдықталыпты. Желдету, еденді жуу талаптары қатаң сақталатын көрінеді. Айта кету керек, бұл ұқыптылық маған бірден ұнады. Тамақтану тәртібі, берілетін астың сапасы мен құнарлығы да ойдағыдай екен.

Енді емделу барысына келсем медбикелер таңғы алтыда дене қызуын өлшеп, ем-дом жасап отырды. Алғашқы күннен бастап қан сынамаларын алып, эритроцит, лейкоциттердің көлемін айқындау, тағы басқа зертханалық зерттеулер жүргізілді. Әр күн сайын денсаулығымыз мұқият тексерілді. Компьютерлік томография да ұдайы жасалды. Күн тәртібін қатаң сақтаудың, сапалы ем қабылдаудың, бөлімше меңгерушісі Сәуле Жұматаеваның, емдеуші дәрігер Дина Баржанованың біліктілігі мен шипалы қолдарының арқасында екі аптадан аса уақытта қатерлі науқастан толық жазылып шықтым.

Қатты ауырып, үйде қалған жұбайым шектеу шараларын сақтап, уақытында дәрілерін ішіп, ем қабылдауының нәтижесінде коронавирус диагнозы дәлелденбеді. Дегенмен ас ішуге тәбеті болмағандықтан, дене салмағы 8 килограмға төмендепті.

Газет оқырмандарына айтарым, денсаулықтарыңызға аса сақ болыңыздар. Сәл ауытқуын байқасаңыздар, уақытты жіберіп алмай, бірден дәрігерге көрініңіздер. Біздің қателіктерімізді қайталамаңыздар. Баршаңызды коронавирус науқасына қарсы екпе алуға шақырамын. Ата-баларымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген дана сөздерін әрдайым естеріңізде ұстаңыздар дегім келеді.

Сөз соңында айығуымды тілеп, үнемі хабарласып отырған барлық туған-туысқандарыма, есімдері аталған ақ халатты абзал жандарға, бөлімшенің барлық медбикелеріне, басқа да қызметшілеріне, Өркен отбасылық амбулаториясының бас дәрігері Исмайыл Бөлтеновке, медбике Сезім Сонгинаға шексіз алғысымды білдіріп, еңбектеріне толымды табыстар тілеймін.

Қорлан АХМЕТЖАНОВА,
медиатор.
Өркен ауылы,
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар