Алғыс айтатын жөнім бар

Дерт меңдеп, дауа іздегенде дәрігерге жүгінетініміз анық. Иә, ауру азабын тартқан сәтте ажалға араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз ғой.

Мұндайда уайым кешкен жүрекке сабыр сыйлайтын, күдікті сейілтіп, үмітті қайта жандырып, аурудан айықтыру үшін бар күш-жігерін аямайтын қолы алтын, жүрегі нұрлы ақ желеңді абзал жандарға қандай мақтау сөз айтсаңыз да артық етпейді. Олардың көмегімен тоқтаған жүрек те қайта соғуы мүмкін, сөнген үміттер де алаулайтыны бар…

Жас пен кәріге, жалпы адамзаттың бәріне мейіріммен қарайтын, өзгенің өмірі үшін күресіп, көңіл шуағын сыйлайтын төгетін денсаулық сақшыларына менің де айтар алғысым шексіз.

«Ауру айтып келмейді» деген. Таяуда мен де қатты сырқаттанып, Көкшетау қалалық көпбейінді аурухана жанындағы жұқпалы аурулар орталығына түсіп, «Е» блогында ем алдым. Әуелі Алла, содан кейін осы ауруханадағы дәрігерлердің арқасында аман қалдым десем артық емес.

Әсіресе, жұқпалы аурулар орталығының жетекшісі Сәуле Жұматаеваға, өзімнің емдеуші дәрігерім Бағлан Сейітмұхамбетоваға, жалпы практика дәрігері Индира Джахинаға, ЕДШ бойынша нұсқаушы Зоя Счастливаяға, медбикелер Светлана Ахметова, Светлана Сарыбоина, Маржан Омарова, Карина Шаврина, Әсел Маекенова, Наталья Пак, Лариса Кондратьева, Елена Близнюкке алғысым шексіз.

Олардың әр емделушіге кішіпейілділікпен қарайтын кісілік келбетіне, жан баласына жанашырлық білдіріп, жан жылуына бөлей білетін адами абзал қасиеттеріне сүйсінесің, риза боласың. Осындай шипалы қолды дәрігерлердің арқасында көптеген науқас ауруынан айығып, отбасына оралып, қауышып жатыр.

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген өте орынды бір сөз бар. Осы орайда, дертіме шипа, жаныма қуат берген аурухананың барлық медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз екендігін айтқым келеді. Еңбектеріңіз үстем болсын, абырой биігінен көріне беріңіздер. Осылай емделушілеріңіздің ақ алғысы өздеріңізге қанат бітіріп, қайрат сыйласын!

Ақмарал ЕСЖАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар