Ерейментауға бирма боксы келді

Ерейментау жерінен шыққан белгілі тұлғалардың бірі – журналист, фольклоршы, шежіреші Ғалымжан Мұқатов. Бұл кісінің өңір тарихы үшін жасап кеткен еңбегі өлшеусіз екені көпке аян. Дегенмен, біздер, ерейментаулықтар осы уақытқа дейін Ғалекеңнің қызы Елемес апамызды ғана білетінбіз. Дегенмен, ол кісінің Тобай (Толыбай) атты жалғыз ұлы болғанынан хабардар едік.

Сөйтсек, осы Тобай ағамыздан Қайрат атты бір ұл бар екен. Және бұл Қайрат жай ғана көптің бірі емес, аты мәлім кәсіби спортшы болып шықты. Өткен аптада осы Қайрат бауырымыздың ұйымдастыруымен Ерейментау қаласында бирма боксынан аймақтық турнир өтті. Біздер жарыстың алдында Қайрат Толыбайұлынан аздаған сұхбат алып едік.

–Мен Ғалымжан атамыздың жалғыз ұлы Толыбайдың баласымын. Ол кісіні ел ішінде Тобай деп атаған. Толық аты-жөнім – Мұқатов Қайрат. Бүгінде Қазақстандағы бокс федерациясының президентімін және жекпе-жектің бір түрі – панкратион спортынан әлем чемпионы деген атағым бар. Бұл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылында алған жетістіктерім. Сондай-ақ, спорттың төрт түрінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін.

Қысқаша айтсам, спортпен көп жылдардан бері айналысып келемін. Енді бүгін бабаларымыздың туған жерінде, батырлардың елінде осы бирма боксынан турнир өткізсек деп келдік. Бұл жарыс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және өз атам, журналист, жазушы, фольклоршы, өлкетанушы, ұстаз Ғалымжан Мұқатовтың рухына бағышталып отыр. Бүгінгі өтіп жатқан бұл турнирге солтүстік аймақтағы Павлодар, Екібастұз, Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Ерейментау, Бурабай, Қарағанды секілді қалалардан жас спортшылар қатысып отыр.

–Шынын айтсақ, көп адамдар әзірше бирма боксы дегеннен хабарсыздау, сондықтан, шамалап түсіндіре кетсеңіз?
–Дұрыс айтасыз, бирма боксы біздерге жаңа жетіп жатыр. Ал, қазір әлем бойынша бұл спорттың түрі өте жедел дамып келеді. Халықаралық турнирлер, әлем және Азия, Еуропа чемпионаттары жиі өтіп жатыр. Қазақстанда спорттың бұл түрінен федерация құрылғалы 8 ай ғана болды. Қазір соның жұмысын қолға алып жатырмыз.

Бұл сайысты біздер жастардың спортқа деген назарын аудару және салауатты өмір салтын насихаттау үшін Бөгенбай батырдың елінде арнайы ұйымдастырып отырмыз. Біздің осы бастамамызды барынша қолдап, мәдениет үйінде өткізуге мүмкіндік берген аудан әкімі Абай Еламанұлына айтар алғысымыз шексіз, – дейді Қайрат Толыбайұлы.

Сол күнгі додаға Нұр-Сұлтан қаласынан, көршілес қалалардан, сондай-ақ, маңайдағы елді мекендерден меймандар келіп қатысып, спорттың бирма боксы секілді жаңа түрімен танысып, риза болып қайтты.

Зарина КЕҢЕСОВА.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар