Топонимдер ұлттық ерекшелігімізге сәйкес келуі керек

Осындай тақырыпта «Қоғамдық келісім» үйінде Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің және «KAINAR» кәсіби дайындықтың жоғары мектебінің ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-практикалық оффлайн-онлайн семинар болып өтті.

Семинар барысында Ақмола-Жамбыл облыстарынан жиналған тіл мамандары облыстардағы тарихи атаулардың этимологиясын терең зерделеу, нақты дәлелдерге сүйене отырып, тарихи атауларды қалпына келтіру мәселесі туралы орамды ойларын ортаға салды. Атап айтсақ, «Ақмола облысы топонимдерінің өзгеру динамикасы» туралы Гүлнәр Бекенова, «Жамбыл облысы топонимдерінің өзгеру динамикасы» тұрғысында Зиба Құламанова, «Тарихи топонимдерді зерттеудің жалпы мәселелері» туралы Гүлмира Мәдиева, «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» турасында Сәуле Иманбердиева, «Ақмола, Жамбыл облыстарының көне картасы» атты тақырыпта Қуат Сапаров баяндама жасап, тарихи мәні зор көне атаулардың мағынасына терең бойлау мәселесіне тоқталып өтті.

Ақмола облысы топонимдерінің өзгеру динамикасы туралы баяндаған «KAINAR» кәсіби дайындықтың жоғары мектебінің» директоры, филология ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Бекенованың айтуынша, аталмыш іс-шараның басты мақсаты Ақмола өңіріндегі топонимдерді зерттеу процесін түсіндіру болып табылады. Бұған дейін осындай семинар Жамбыл облысында өткізілген екен. Жиында Ақмола өңіріндегі барлық топонимдер зерделеніп, олардың арасында идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды өзгерту қажеттігі айтылды.

Сондай-ақ, аталмыш жоба аясында Қазақстан Республикасы және Ресей Федерациясының мұрағаттары мен кітапханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарының жүргізілгендігі, байырғы тарихи атауларды анықтау үшін ортағасырлық және жаңа кезеңде шыққан карталармен жұмыс жасалғаны туралы сөз қозғалды.

Жиында сөз сөйлеген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Сәуле Иманбердиева еліміздегі өңірлердің топонимдерін қайта құру диахроникалық әдісін қолдану бойынша ғылыми жобаға екінші жыл қатарынан қатысып отырғандығын айта келіп, осы ауқымды жоба аясында Қазақстанның барлық облыстарының 3D форматта картасы жасалатынын атап өтті. Бүгінде бұл жұмыс Қазақстанның Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарында атқарылса керек.

– Бұдан басқа, жер бедері туралы толық ақпарат беретін ежелгі қазақ атаулары туралы талдамалық анықтамасы бар тарихи карталардың каталогы әзірленді. Биыл топонимика бойынша мұндай зерттеулер Ақмола және Жамбыл облыстарында жүргізілуде. Өткен жылдан айырмашылығы, биылғы жылы үш кестеден тұратын сөздік құрастырылады. Біріншісінде – елді мекендердің атаулары, олардың этимологиясы, нақты мекенжайы беріледі. Екінші кестеде – Тәуелсіздіктің 30 жылында қайтарылған тарихи атаулар туралы ақпарат болады. Үшінші кестеде – идеологиялық тұрғыдан ескірген барлық атаулар тізбектеледі. Атап айтар болсақ, Ақмола облысында мыңға жуық осындай атау бар. Жұмыс соңында біз аналитикалық анықтамасы бар карталар каталогын ұсынамыз», – деді ғалым.

Сәуле Иманбердиеваның пікірінше, бұл игі іс ауыл шаруашылығы, фитомедицина және басқа да салаларды дамытуға да өз үлесін қосуы мүмкін.

Айта кетуіміз керек, Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы географиялық қоғамда жыл сайын топонимия стандарттарын жаңартып, дайындайды. Аталмыш стандарттарда БҰҰ-ға мүше әр ел ұлттық ерекшеліктерге сәйкес келетін топонимдердің тізілімін жасауы керек деген ереже бар. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Гүлмира Мәдиева тарқатып айтып, тарихи топонимдерді зерттеудің ортақ мәселелері турасында өз ойларын ортаға салды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар