Ақмола облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жол-көлік оқиғасы қарашаның 23-де түнгі сағат 00:10 Перекатное станциясының тұсында, «Екатеринбор-Алматы» автожолының 967 шақырымында орын алған. Бұл туралы Жақсы аудандық ПБ кезекшілік бөліміне хабар түскен.
Белгілі болғандай, Қостанай қаласы бағытында жүріп бара жатқан «Hyundai Sоlaris» автокөлігінің 52 жастағы жүргізушісі рульді басқара алмай, қарсы бағытта келе жатқан «Audi В-4» көлігімен бетпе бет соқтығысты. Салдарынан «Hyundai Sоlaris» көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы (Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары) оқиға орнында көз жұмды. Ал, Атбасар қаласының тұрғыны басқарған Audi В-4» көлігінің 59 жастағы жүргізушісі мен екі жолаушысы, сондай-ақ, «Hyundai Sоlaris» көлігінің тағы бір жолаушысы түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Осы оқиғаға байланысты полиция ҚР Қылмыстық кодексінің 345-ші бабының 4-ші бөлігі «көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптама тағайындалды.