Қалыпқа сыймайтын тұлға

Халқымыз 1 желтоқсан күні еліміз үшін таразының айтулы өлшеміндей тарихи теңдессіз күн – Тұңғыш Президент күнін атап өтеді. Осы орайда көпшіліктің ойына атаулы мерекенің шығу тарихы оралуы анық. Осыдан он жыл бұрын, яғни, 2011 жылғы 10 желтоқсанда Парламент Сенатының толық отырысында «Қазақстан Республикасының мерекелері туралы» Заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына қол қойылды. Қазақстан Республикасының алғашқы Президент күнін атап өту Қазақстан Республикасының Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ел алдындағы зор жетістіктерін тану мақсатымен қолға алынған.

Мұның себебі қандай деген заңды сұрақ туындайды. Себебі егеменді елдің негізін қалап, арнасын айқындап, кемел келешегіне шам-шырақтай сәулесін ұсынғанТұңғыш Президенттің ұлт алдындағы еңбегі ұшан-теңіз.

Тарихымыз бен өткенімізді зерделейтін болсақ, сонау осыдан отыз жыл бұрын 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет жалпыхалықтық сайлау өтіп, егемен Қазақстанның негізін салушы – Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың басым көпшілігі Назарбаевты жақтап дауыс берді. Ол дегеніміз жаңа қоғам қалыптасуының өтпелі кезеңінде осындай тұлғаға өз сын-сағатын, сабдарлы саясатын, көштің жетегін тапсырған Қазақстан халқының нақты бір бірегей таңдауы еді.

Шын мәнінде, сан қырлы саясатының арқасында тәуелсіз терезесі тең ел қалыптасып, өшкеніміз жанып, ошағымыз қайта тұтанып, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Мемлекеттің еркін де егемендігін қамтамасыз еткен құнды құжаттарға қол қойылды. Айталық, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығының өзі теңдессіз тарихи қадам болатын немесе сол жылдың 25 қазанында Қауіпсіздік кеңесі және мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылуы сол кезеңдегі батыл да берік ұмтылыс еді. Оның алдында ғана «Одаққа бағынған мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдарды ҚКСР иелігіне ауыстыру туралы» және «ҚКСР-ның алмас және алтын қорын құру туралы» Жарлық шығарды. Қазақ елі деген алтын шаңырақтың алтын діңгегі осылай қаланып еді.

10 желтоқсан күні Президентті ұлықтау рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев көпұлтты халқына адал қызмет етуге, Ата Заңды қатаң сақтауға, азаматтардың еркіндігі мен құқықтарын кепілдендіруге, Қазақстан Республикасының Президентіне жүктелген міндеттерді адал орындауға ант берді. Келесі жылдардағы Президенттің қызметі – оның антына берік екендігін толық дәлелдеді.

Жоғарғы Кеңестің шешімімен Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы деп өзгертілді. Жаһандық картада Қазақстан Респуб-ликасы деген жаңа мемлекет дүниеге келді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданды. Осы заң негізінде еліміз өзінің Тәуелсіздігін жария етті.

Осы заңымызда біздің зайырлы, құқықтық, демократиялық мемлекет екендігіміз тайға таңба басқандай анық көрініп тұр.
Елдің іргесі осынау үш он жылдықта тәуба, сөгілген жоқ. Ұлтаралық татулыққа қылау түспеді. Қытай, Ресей сияқты алпауыттармен және көршілес ағайындарымыз Қырғызстан, Түрікменстан және Өзбекстанмен шекараны реттеуге еш қантөгіссіз және араздықсыз қол жеткіздік. Каспий кеңістігін де бірлесе пайдалануда жағалау елдерімен тіл табыстық. Қарап отырсақ тәуелсіз саясаттың басым бағыттарын айқындап алып, бет-бағдарымызды сыртқы әлемге таныта білудің өзі оңайға түспесе керек.

Белгілі саясаттанушы Сайын Борбасов Нұрсұлтан Назарбаевты «еліміздің сәулетшісі» дей келе, «1993 жылы «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы» деген еңбек жазды. Сонда «Қазақстан құқықтық демократиялық мемлекетке айналуы үшін қандай қадамдарға бару керек, экономиканы дамыту үшін қандай міндеттерді атқару керек, нарықтық қатынастарды қалай қалыптастыру қажет, Қазақстанның мемлекеттік мүддесі дегеніміз не?» деген сауалдарға бағдарламада қамтылған салалардың бәрі өз жемісін, нәтижесін берді» деп жазады. Ал, танымал ғалым Уәлихан Қалижанов: – «Ғасырлар тоғысып, заман алмасып жатты. Өзгермеген бір-ақ нәрсе! Ол – егемен ел болам деген қазақтың арманы еді.

Енді қазақ қызы күң бола алмайды, енді қазақ ұлы құл бола алмайды! Қылбұрау бостандық рухын тұншықтыра алмайды. Тәуелсіздіктің көк жебесі болып Нұрсұлтан Назарбаев тарих сахнасына шықты. Әлем назары Қазақстанға ауды» – деп жазды. Рас, қазақ елінің жеке шаңырағын тігуі бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Күйінгені бар, сүйінгені де баршылық. Көршілес елдің баспасөз құралдары жарыса жазды, осы елдің қашан құлайтыны мен алақан жайып-ақ ертең-ақ «өзінің бұрынғы қотанына» сұранатындығын. Алысты, көк жүзіндегі көкжиекті бойлайтын кемеңгер басшымыздың ойы мүлдем басқа болатын. «Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы» деп Н.Назарбаев қадап айтқандай, Егемендік, Тәуелсіздік, Ана тілі ұлтты біріктіруші күшке, ұлттық идеологияның рухани тірегіне айналды.

Өркениет жолы – сара жол болып таңдап алынды. Президенттік саяси институт енгізілді. Міне, содан бері тәуелсіздік туын шайқалтпай, берік ұстап, көк Байрағымыз әлемдік тулардың қасында қатар желбіреп тұр. Көптеген елдер ғасырлар бойы сүрлеумен жүретін жолды біз қысқа уақытта еңсердік. Отыз жылға жетер-жетпес уақытта Қазақстан әлемнің азулы мемлекеттерінің қатарынан өз орнын ойып алды. Қазақстан Президентінің ұсыныстары жаңа әлемдік тәртіпті орнықтырудың көзіне айналды. Кеңістік қазақ елі, ұлты, тарихы мен мәдениет, жері мен шаруасы, тұлғалары бар екенін таныды. Назарбаев жаһандық саясаттың мінберінен сөз алды. Дауысы Алтайдан асып, Есілді бойлай шығып, кәрі Каспийден өтіп, Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен бір-ақ шықты.
Біз халықаралық мінбелерден көрініп қана қоймай, алпауыттар мен ақылдылар, қалталылар мен азулылар санасатын саяси ойыншыға айналдық. Бұл – Н.Назарбаевтың ғана таққа отыруы емес, қазақтың таққа отырғаны емес пе?!.

Қазақстандық даму жолы, көпқырлы сыртқы саясат, ядролық қарудан бас тарту, ұлтаралық келісім мен діни толеранттылық, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, СВМДА сияқты ұйымдардың бойына қан жүгірту, ЕҚЫҰ, ОИС, ҰҚШҰ сынды іргелі ұйымдарға төрағалық ету, Дәстүрлі әлем діндері лидерлерінің төрт съезінің Қазақстан жүрегі – Астанада өтуі Қазақстанның қысқа мерзімде алған белесі мен толайым табысы. Бұған толып жатқан мәдени, туристік, спорттық іс-шараларды қоссақ, бедел биігінің қаншалықты белес алғандығын көрер едік.

Елбасы «Әуелі – экономика, сонан соң саясат» деді. Мұның өзі мәуелі жемістерін берді. Қазақстан әлем өркениетінің озық тәжірибесін игерді. Жаңа технологияларды алып жүретін жаңа ұрпақ, жас кадрлар қажеттігі туды. «Болашақ» бағдарламасы, Назарбаев интеллектуалды мектептері, Назарбаев университеті, басқарудың жаңа жүйесі, көппартиялық, сөз және баспасөз бостандығы, халық ассамблеясы, тіл мәртебесі, ұлт жоспарлары осылардың бәрі тәуелсіздіктің жемісі. Ұлттық идеология, ұлттық болмыс, ұлттық ұстаным бекіді.

Бұл мерекенің тойлануының ұлтқа өзіндік берері мол. Осы мереке арқылы жас ұрпақ еліміздің даму жолын танып, оның ел болып қалыптасу жолында қандай тұлғаның аянбай еңбек еткенін жадында сақтауына үлесін қосады. Бірінші желтоқсан – Қазақстанның шежіресінде үлкен мәнге ие, сондықтан, аталмыш мерекенің Тұңғыш Президент күні ретінде тойлануы өзі тұлғаға деген құрмет, тарихи тағзым, танымды тағылым!
Кезіндегі Еуропа елдерінің ішінде тұңғыш әйел басшы, ағылшын консервативтер партиясының көшбасшысы Маргарет Тетчер былай деген екен: «Назарбаев – қалыпқа сыймайтын тұлға». Сұсы мен айбарынан бүкіл Кеңес елі сескенген «Темір ледидің» бұл сөзі бекерден-бекер айтылмаса керек. Бұдан артық қандай теңеу қажет!

Аманай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы
Көкшетау университеті ректорының кеңесшісі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар