Мал басы көбейгенімен, тері өңдейтін кәсіпорын жоқ

Өңірде 300 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 72 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне жұмсалған. Ақмола облыстық мәслихатында өткен индустриалды-инновациялық дамытудың аграрлық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның мәжілісінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Александр Загребин мәлімдеді.

– Іске асырылып жатқан инвестициялық жобаларға келер болсам, құны 2 триллион теңгедей болатын 330 жобаны әзірлеу жоспарлануда. Оның ішінде, 60 жоба осы жылы қолға алынды. 14-і пайдалануға берілсе, 9 жобаның актілері әзірлену үстінде. 37 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Ал, қалған жобалар 2025 жылға дейін жүзеге асыру жоспарлануда, – деп тұрақты отырыста сөз алған басқарма орынбасары күні бүгінге дейін іске асырылған инвестициялық жобалар аясында 14 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқанын айтты.

Шетелдіктердің қатысуымен де бірқатар жобалар жүзеге асырылыпты. Құны 179 миллиард теңге болатын 11 жоба экономика саласын дамытуға бағытталған. Атап айтар болсақ, FINANCIАL SERVICES B.V. деп аталатын нидерландық компанияның инвестицияландыруымен құны 30 миллиард теңге болатын 3 алтын өндіруші фабриканың құрылысы басталды. Ал, Metal B.V. инвесторлық компаниясы құны 40 миллиард теңге болатын жел электр станциясын салуға қатысыпты.

Бұдан басқа, өңірде 2025 жылға дейін іске асырылатын ірі жобалар бар. Солардың қатарында Бурабай ауданында тау-гидрометаллургиялық кешенін, Аршалы ауданында жел электр станциясын, Бұландыда құс фабрикасының 3-ші кезеңін, Аршалы ауданында кірпіш зауыты мен темір бетондық өнімдерді шығаратын зауытты салу көзделген. Десе де, көңілге қонымды осы оң қадамдардың ішінен кемшіліктің басын шалған облыстық мәслихаттың депутаты Бегім Әкімов облыс бойынша Ерейментау ауданында егін және мал шаруашылығы қарқынды дамығанын атап өтті. Оның мәлімдеуінше, жоғарыда аталған шаруашылықтарды дамыту үшін ауданның 2 миллион гектар жері бар. 2017 жылы Ерейментау ауданында 34 мың ірі қара мал басы тіркелсе, бүгінде оның саны еке есеге өсіп, 60 мыңнан асып отыр.

– Мемлекет тарапынан осы мал шаруашылығын дамытуға бөлініп отырған қаражат ауқымды. Мәселен, бүгінде мал терілері тонналап өртелуде. Өздеріңіз көріп отырсыздар, 4 жылда мал басы екі есеге өсіп отыр. Ендігі 4 жылда бұл көрсеткіш тағы екі есеге артса, не істемекпіз? Тонналап өртей береміз бе тағы? Ең болмаса, терінің бір пұшпағы да еш жерге өткізілмейді. Осы кемшіліктің алдын алу мақсатында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары ауыл шаруашылығы басқармасы өкілдерімен бірігіп жұмыс атқарсын, – деген ұсынысын білдірді Бегім Әкімов.

Нұр-Сұлтан қаласының айналасында азық-түлік белдеуін дамыту үшін 46 инвестициялық жоба жоспарланса, соның 18-і бүгінде іске асырылып үлгерілген. Атап айтар болсақ, Аршалы, Біржан сал аудандарында 4 мал бордақылау алаңы, Ақкөл, Атбасар, Бурабай, Біржан сал аудандарында сүт өнімін өңдейтін 11 және Ақкөл, Бұланды, Зеренді, Сандықтау, Ерейментау, Жақсы аудандарында ет өнімін өңдейтін 12 ферма салынған екен. Тұрақты комиссия мүшелері өңірде инвестициялық бастамалар бұдан әрі де жалғасатынын айтты. Егер олар сәтті іске асырылса, жиында көтерілген кемшіліктер де біртіндеп жойылатынына үміт артты.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар