Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жаңа кітаптары жарыққа шықты. Оның түсаукесер рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Саланың өткені мен бүгінінен сыр шертетін құнды дүниелерде ел тыныштығын күзету ісіне лайықты үлесін қоса білген Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері мен шекарашыларының қырағы қызметі баяндалған. Жаңа кітаптардың тұсаукесерін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің өкілдері ұйымдастырды. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы подпоковник Сайлаубай Ыбыраев, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің 25 жылдығына арнап мақала жазу барысында бас жүлдеге ие болған «Бұқпа» газетінің редакторы Бақыт Смағұл қатысты.
Кіріспе сөз Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовке біріліп, ол бейнебаян арқылы өз құттықтауын арнады. Кейін тұсаукесер рәсіміне кезек келді. Жаңа кітаптардың қызыл лентасын Қазақстан Рес-публикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Сәндібек Қасенов пен облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова кесті.
– Бүгін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың бастамасымен және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығымен өңделіп шығарылған «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары: адамдар, оқиғалар және фактілер туралы хикаялар» және «Мемлекеттік шекара: басы, өзгерістер, ерліктер» атты кітаптарын ресми түрде ұсынып отырмыз.
Бұл ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде даңқты миссияны атқарған және атқарып жүрген азаматтар мен Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қорғау бойынша әскери парызын атқарған шекарашылар туралы жинақталған кітаптар болып табылады, – деген Қазақстан Респуб-ликасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы, полковник Сәндібек Қасенов жинақтардың ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де 30 жыл толу құрметіне орай шығарылғанын айтты. Сондай-ақ, ол әр кітапта ел тыныштығын күзетуде лайықты бағасын алған ең таңдаулы 30 оқиға баяндалғанын мәлімдеді.
Жинақтарда Ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлері және шекарашыларының қырағы қызметі барысында күнделікті жұмысын ашып көрсететін жеке операциялар да енгізілген. Ал, олардың бірегей құжаттар мен жеке мұрағаттан алынған тарихи фотолар арқылы суреттелгені әр оқырманды тәнті етері сөзсіз.
– Облысымызда, Қазақстанымызда Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арналған бірқатар шаралар қолға алынды.
Солардың ішінде, бүгінгі шараның маңызы өте зор. Осы жағдайды пайдалана отырып, күнделікті жұмыс барысында Отан үшін атқарған адал еңбектеріңіз бен ерлік қызметтеріңіз біз үшін бағалы екенін айтқым келеді. Ал, жаңа кітаптардың бүгінгі тұсаукесері сол қайтпас қайсарлықтарыңыз бен жанқиярлық қызметтеріңіздің нәтижесі деп білеміз, – деп сөзін түйіндеген Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова мемлекетіміздің шекарасы бұзылмай, халықтың тыныш ұйықтауына, берекелі өмір сүруіне үлес қосқан Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлеріне өз тілегін білдірді.
Жинақтардың тағы бір ерекшелігі, батылдығы мен ерлігінің арқасында мемлекеттік наградаларға ие болған қызметкерлер мен қызмет барасында қаза болғандар азаматтар да қамтылған. Қоғам дамуына үлес қоса алатын үлгілі еңбектер барша оқырман қауымға арналып, өңір әкімдіктері мен кітапханаларына, жоғары оқу орындарына табысталады, сондай-ақ, кітаптардың электронды нұсқасы «kitap.kz» сайтында орналастырылатынын айта кету керек.
Кітаптардың тұсаукесер шарасынан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің жаңартылған музейі таныстырылды. Жалпы, музей 1992 жылы құрылған екен. Ол осы жылдың қыркүйек айында жаңартылған музейдің ашу салтанатына Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтің өзі қатысыпты.
Музейдің кіреберісіне Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы ілініп, одан кейін мемлекеттік рәміздермен, комитеттің тәуелсіздік жылдары қайта құрылу кезеңінен өткені жайындағы ақпараттармен жалғасын табады. Комитетке төрғалық еткен басшылардың суреттері, соның ішінде, Кәрім Мәсімовтың қолынан алынған алғыс хат, комитетке қарайтын бөлімдердің мақсаттары мен қызметтері, жұмыс барысында тәркіленген жарылғыш заттардың, есіркілердің муляждары, бұрын пайдаланылған байланыс құралдары, қару-жарақтардың макеттері жәдігер ретінде қойылған.
Сонымен қатар, Біріккен Ұлттар Ұйымымен тығыз байланыс орнатқан Ұлттық қауіпсіздік комитеті бірлесіп ұйымдастырған конференциялар мен жиындардың барлығын суреттер арқылы баяндаған екен.
Музей қабырғасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мақтанышы Мәжіт Мырзасейітұлының суреті, өмірбаяны мен әскери киімі қойылыпты. Еске саларлығы, Көкшетау қаласындағы көшеге бұл кісінің есімі берілсе, 2009 жылы қаланың құрметті азаматы атағы бұйырған.
Комитет қызметкерлерінің спорт саласындағы жетістіктері де ұшан теңіз. Салауатты өмір салтын ұйымдастыру мақсатында түрлі сайыстар ұйымдастырылып, олардан жүлделі орын алған белсенділердің суреттері ілінген. Олардың жетістіктері, алғыс хаттары мен дипломдары қоса қойылды.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті өз ардагерлерін де назардан тыс қалдырмаған. Бүгінде, департамент ішінен құрылған ұйымда 151 ардагер бар. Жетімдер үйіне берілген көмек түрлері де музей қабырғасынан орын тауып, ел тыныштығын күзету ісіндегі жауынгерлердің қайырымдылық ісінен кенде емес екенін дәлелдейді.
Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек Данияров.