Халықты жұмыспен қамту – елдің жағдайын жақсарту

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік мәжілісінде нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті, дене шынықтыру мен спортты дамыту мәселелері қарастырылып, аудан басшыларына қолға алынған жобаларды жүзеге асыру барысында бөлінген қаражатты жыл соңына дейін игеру тапсырылды.

Әкімдік мәжілісіне облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Өңір басшысы мәжілісті әдеттегідей кадрлық өзгерістерден бастап, жаңа басшыларды таныстырып, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мәжілісте қаралған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы алғашқы мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова жан-жақты баяндады. «Еңбек» бағдарламасы аясында 8046 адам жұмыспен қамтылыпты. Соның ішінде бағдарламаның бірінші бағыты – техникалық және кәсіптік білім беру мен қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 104 пайызға орындалған, алайда, 6 ауданда көрсеткіштер облыстық деңгейден төмен. Нақты айтқанда, олар – Целиноград, Бұланды, Шортанды, Сандықтау, Аршалы аудандары мен Степногорск қаласы.

«Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша 2729 адам жұмыспен қамтылып, бұл жылдық жоспардан асыра орындалып, 112 пайызды құрады. Десе де, Ақкөл, Зеренді, Ерейментау аудандарында аталмыш бағыттағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Бұл ретте, облыс әкімі аудан басшыларын қатты сынға алып, жұмыспен қамтудың қай бағдарламасы болмасын, тиісті деңгейде атқарылуын талап етті. Ал, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 3468 адам жұмыспен қамтылған. Ең төменгі көрсеткіштер Көкшетау қаласы мен Сандықтау, Егіндікөл, Жақсы, Жарқайың Целиноград, Ерейментау аудандарында байқалады. Бұл ретте, облыс әкімі аймақ басшыларын біраз сынап, әрбір көрсеткіштің артында адамдардың тағдыры, яғни, қалалар мен аудандардағы, одан әрі елді мекендердегі тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі тұрғанын айтты.

Сонымен, облыста жұмыспен қамту шеңберінде 5,5 миллиард теңгенің 11 жобасы қолға алыныпты. Бүгінгі күнге дейін бұл қомақты қаржының небары 60 пайызы ғана игерілген екен әрі аталмыш жобаларға бағытталған қыруар қаржының 3,1 миллиард теңгесі республика қазынасынан бөлініпті.

–Біз халықты жұмыспен қамтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды іске асыру үшін мемлекеттен қаншама қыруар қаржыны сұрап алып жатырмыз. Егер бағдарлама аясында бөлінген қаржы игеріліп, тиісті жобалар уақытылы аяқталып, тапсырылмаса, біздің көрсеткіштеріміз нашарлап кетеді. Сондықтан, аудан әкімдері жұмысты тиімді ұйымдастырыңыздар және қаржыны игеріңіздер, –деді Ермек Маржықпаев.

Күн тәртібіне сәйкес отырыста Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев спорт бағытында ағымдағы жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бүгінде облыста 2521 спорт және дене шынықтыру ұйымдары жұмыс істеп, оларда 262707 адам спортпен шұғылданады. Ұйымдардың
1736-сы елді мекендерде орналасқан. Облыста спорт және дене шынықтыру бағытында 2429 қызметкер қызмет етеді. Олардың 1459-ы жалпы білім беретін мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында сабақ беретін дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері, 491-і жаттықтырушы-оқытушылар, 252-сі нұсқаушы.

Мәжіліс барысында 2020 жылы іске қосылған дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің бүгінгі жағдайы, ағымдағы жылы аяқталуы тиіс «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан спорттық нысандардың жай-күйі, спортшыларды даярлау мәселесі талқыланып, жаттықтырушылардың жұмысы сыналды. Облыс басшысы Бурабай ауданының Мәдениет, Жақсы ауданының Жақсы, Сандықтау ауданының Балкашино елді мекендерінде жүргізіліп жатқан құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстары бойынша аудан әкімдерінен сұрастырып, ондағы жұмыстардың барысына көңілі толмайтынын, жыл соңына дейін ол жұмыстар аяқталмай қалып, бөлінген қаражат игерілмесе, өз қаражаттары есебінен нысандарды аяқтайтындарын қатаң ескертті.

Сонымен бірге, мәжілісте тиісті басшылардан облыстағы эпидемиологиялық ахуал, вакцинация, оқушылардың екпе алуы бойынша жүргізіліп жатқан түсіндірмелік-насихат жұмыстарыда сұралды.
Жиын соңында аймақ басшысы Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжановты асқаралы 60 жасқа толған мерейлі жасымен құттықтап, жылы лебізін білдіріп, ілтипат көрсетті.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар