Экскурсоводтар біліктіліктерін көрсетті

Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы Көкшетауда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 жұлдызды күн» жобасы аясында «Үздік экскурсовод-2021» республикалық байқауы болып өтті. Байқауға Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан келген 12 экскурсовод қатысып, өзара бақ сынасты.

Байқаудың басты мақсаты – музей жұмысын жандандыру һәм осы қызмет саласында еңбек етіп жүрген жандардың жұмысын бағалау, экскурсиялық қызмет көрсетудің тиімділігі мен сапасын жақсарту, экскурсовод мамандығының беделін арттыру болып табылады.

Байқау екі кезеңге бөлінді. Бірінші кезеңде қатысушылар өздері алдын-ала дайындап әкелген портфолио мен бейне презентацияларды таныстырды. Екінші кезеңде олар қазылар алқасының назарына «Туған жер» тақырыбындағы бейнероликтерді ұсынды. Одан «Музей биатлоны» және «Музейдегі

арбалас» деп аталатын кезеңдерде өз біліктіліктерін ортаға салды.
Байқауға қатысқан экскурсоводтардың өнерлерін бағалаған қазылар алқасының құрамында өңірімізге танымал ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, музей саласының құрметті ардагерлері болды.

Байқау қорытындысы бойынша, Бас жүлдемен және 500 мың теңге сомасындағы сертификатпен Теміртау қаласындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығының қызметкері Валентина Павлик марапатталды. Ал, жүлделі бірінші орынға Мәлік Ғабдуллин музейінің қызметкері Аягөз Махметова лайық деп табылды. Аягөзге диплом және 300 мың теңге сертификат табыс етілді.

Екінші орынға ие болған Көкшетау қаласы тарихы музейінің қызметкері Айнагүл Заитқа диплом мен 200 мың теңге сомасындағы сертификат берілсе, үшінші орын иегері Рудный тарихи өлкетану музейінің қызметкері Александр Кургузкинге диплом және 100 мың теңге сертификат табыс етілді.

Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстан облысындағы Абылай хан резиденциясы музей кешенінің қызметкері Әлиасқар Нәбиев «Креативті экскурсовод» аталымы бойынша марапатталса, «Көрермендер көзайымы» аталымында М.Тынышпаев атындағы Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Айгүл Серікова үздік атанды.
Байқау қатысушыларының барлығы ұйымдастыру алқасының Алғыс хатымен марапатталды.

Ұлмекен ШАМЕНОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар