Өмірі өнеге Өсербай аға

Саналы ғұмырында қоғамға ақадал еңбегімен өз үлесін қосып, қажырлы еңбек еткен ғибратты ғұмыр иелерінің кейінгі жас ұрпаққа тигізер өнегесі аз болмаса керек-ті. Ұға білген адамға қоғамға сіңірген қызметі де, жеке бастарындағы жансүйсінерлік жібек мінезі де әдемі мысал. Сонысымен де қымбат, сол үшін де ардақты.

Біз өткен өнегелі өмір жолын таратып айтқалы отырған Өсербай Рахметұлы кәсіби шеберлігінің, істің көзін таба білетін ұйымдастырушылық мол қабілетінің арқасында замандастарының лайықты құрметі мен қошеметіне бөленген жан. Іскерлігі ғана емес, кісілік келбетімен, адамгершілік ажарымен замандастарының алды болды деуге әбден лайық. Әуелгі еңбек жолын орта мектепте қатардағы мұғалім болып бастаған Өсербай аға 1952-1954 жылдары Петропавл қаласындағы К.Д.Ушинский атындағы мұғалімдер институтының физика-математика факультетін ойдағыдай тәмамдап шыққан. Жалынды жастың көкірегінде қоғамға сіңірер еңбегімді қомақты етсем деген абзал ниеттің болғаны анық. Сол арман қолынан жетектеп, қолтығынан демеп, Мәскеу қаласындағы Бауман атындағы университетке әкелді. Одаққа аты шығып тұрған оқу орны. Кешегі кеңес заманындағы қиян шеттегі қазақ баласының дәл осындай оқу орнына түсіп білім алуының өзі сирек кездесетін оқиға. Талапкерлер де аз емес. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атану үшін бойында берік білім болуы шарт еді. Күллі Кеңес Одағынан жиналған жүздеген талапкердің арасында маңдайы жарқырап, бағының жануы мектепте алған берік білімнің арқасында екендігі айтпаса да түсінікті. Осы оқу орнында алты жыл бойы өндірісті автоматтандыру мен механикаландыру факультетінде терең білім алды. Бұл кезде елімізде мұндай санаттағы мамандар саусақпен санарлық еді. Елге қайтып оралған соң сол кездегі Көкшетау облысының бірқатар кәсіпорындарында әуелі инженер кейін бас инженер болып қызмет ете жүріп, кешке мектепте жұмысшы жастарға математика және физика пәндерінен сабақ берді.
Көзі көргендердің айтуына қарағанда, Өсербай Рахметұлы жан-жақты білімді де білікті маман болған. Ең бастысы, ол өзінің бойындағы білім көкжиегін кемелдендіріп отыруға барынша күш салған. Кәдімгі көркем әдебиеттен бастап сол кездің өзінде шет ел тілдерін меңгеруге ұмтылған. Өйткені, техникаға қатысты әдебиеттердің басым көпшілігі өзге ұлт тілінде жазылғаны жасырын емес қой. Әріптестері арасында саладағы жағымды жаңалық жайында өз пікірін білдіріп, өндірістегі жұмысты автоматтандыра отырып, жұмысшылардың еңбегін мүмкіндігінше жеңілдету.
Қашанда білімге құштар көңіл тәжірибемен ұштасқан кезде талап деңгейінен табылады емес пе? 1976-1979 жылдары Алматыдағы жоғары партия мектебінің толық курсын тәмамдап, партиялық жұмыстың қыр-сырын толайым меңгеріп алғаннан кейін Щучье қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет еткені де бар. Партия қайда жұмсаса да бас тартпай шаруаның жетегіне ілесуді мұрат тұтқан заман емес пе, Өсербай Рахметұлы да облыстың бірнеше аудандарында қызмет етті. Қай жерде болсын адал еңбегінің арқасында абыройға бөленді. Жұлдызы жанған жылдар есебінде 1978-1989 жылдары Көкшетау нан өнімдері комбинатының бас директоры болып қызмет еткен кезеңді айта кетуге болады. Он бір жыл бойы осы жерде табан аудармастан еңбек еткен үлкен ұйымдастырушы, талапты басшы кәсіпорынды солтүстік өңірде ғана емес Қазақстандағы маңдайалды кәсіпорын қатарына қоса білді. Өсербай Рахметұлы басшылық жасаған жылдары комбинаттың атақ-даңқы аспандап тұрды. Оған талантты басшы, істі ілкімді ұйымдастыра білетін ізденімпаз жанның қосқан үлесі де аз емес. Абыройлы еңбек ел аузына ілікпей қалған жоқ. Сол кездің өзінде кез-келгеннің кеудесіне тағыла бермейтін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1989-1996 жылдары Көкшетау облыстық астық инспекциясының басшысы болып қызмет еткен кезінде өзін жоғары дәрежелі іскер маман ретінде көрсете білді. Инспекцияның сан-салалы шаруасын ұршықтай иіріп, бар ісін жолға қойып, ақық дәнді тұтынушыға жеткенше дейінгі жолдағы барша істі біліктілікпен ұйымдастырды.
Ең басты айта кетер қасиеті, болдым-толдым демей, ізденумен өткен, сол білімінің арқасында басшылық жасап отырған ұжымның жұмысын оң жолға қоя білгендігі. Осы арада тілге тиек ететін тамаша жай, Өсербай Рахметұлының бойындағы көшелі басшыға лайықты адамгершілік қасиеттер. Өне бойы нәтижелі еңбекті талап етумен бірге кәсіпорынның қарапайым еңбеккерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға үлкен күш салғандығы. Жұмысшылардың уақытылы баспана мәселесін шешіп, еңбекақыларының толымды болуына мүмкіндігінше назар аударып, қолайлы жағдай туғызып отырған. Бұл туралы кейіпкерімізді көзі көрген көкшетаулық аға буын әлі күнге дейін аса бір ризашылық сезіммен айтады.
Еңбек әрдайым еленетіндігі даусыз. Қай салаға салса да, қабілет-қарымының арқасында ұршықтай иіріп әкететін білікті жан туралы жағымды пікір жетерлік. Іскерлігімен қоса үлгілі от ағасы болды. Жан жары Үмітжан Махметқызы 1957 жылы Көкшетау қаласындағы қазақ педагогика училищесінің түлегі. 1992-1997 жылдары облыс орталығында мектеп-гимназияда қазақ тілі пәнінен сабақ берген. Оған шейін қатардағы білім ошақтарында ұстаздық қызметтің қыр-сырын әбден меңгерген, тәжірибесі толыққан маман болғандығын да айта кетсек орынды болмақ. Ұлағатты ұстаз білім беру саласындағы айта қаларлықтай жаңалықтарды оқу әдістемесіне тереңдей енгізіп, шәкірттерінің алдынан кең жол ашқан.
Кейін Үмітжан Саликова қалалық балалар кітапханасында жұмыс істеп жүрген кезінде оқырмандарды көркем әдебиетке баулудың жаңа тұрпаттағы жолын іздестірумен болды. Ол үшін әртүрлі тақырыптағы оқырмандар конференциясын ұдайы өткізетін. Мектеп оқушыларымен қызғылықты кездесулер өткізіп, жас ұрпақты әдебиет әлемінің сиқырымен баурап, сырына қанықтыруға қызмет жасады. Әсіресе, қазақ әдебиетінің ғажайып туындыларын, қаламгерлердің шығармашылығын насихаттаудағы еңбегі өз алдына бір төбе. Аядай кітапхана ішінде өрістеген алға ұмтылған арман-мұрат бір тұйықта қалмай, халықаралық бағдарламаларды игеруге де ат салысты. Осылайша тұтас бір жас ұрпақты тәрбиелеуге еңбек сіңірді.
Зейнет демалысына шыққаннан кейін де қолынан кітап түспеген. Өйткені, ол оқыған жастың алдынан темірқазықтай жол сілтейтін нысанасы. Өзі ғана біліп қоймай, көкірекке түйген көп жайды жастармен кездесулер кезінде жарқыратып айтып, өзінің салмақты ой-пікірін білдіруді парыз санаған адам.
Жарты ғасырға жуық ғұмыр кешкен Өсербай Рахметұлы мен Үмітжан Махметқызы үлгілі болды. Тіршілікте алдарына қойған мақсат-мұратын орындап, перзенттерін тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қос арыс тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойылса, ол да туған елінің құрметі деп ұғуымыз керек.
Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар