Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, «Тәуелсіздік» алаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеге облыстың тоғыз ауданы мен Көкшетау қаласының ауылшаруашылығы тауарын өндірушілері, сондай-ақ, «Кokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік коорпорациясы» акционерлік қоғамы қатысты.
Жәрмеңкеге облыс әкімі Ермек Маржықпаев барып, азық-түлік бағасы мен сапасына, сондай-ақ, ұйымдастыруына назар аударды.
Аталған жәрмеңкеде өңірдің 80-ге жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері 62 миллион теңге сомасына 40 тоннадан астам өнім ұсынды. Қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өндірушілердің 40-тан астам азық-түлік түрлерін сатып ала алады. Бағалар қала бойынша орташа деңгейден 10-15 пайызға төмен.
Жалпы, жәрмеңке барысында облыс шаруалары 27,8 тонна ет және шұжық өнімдерін, 1 тонна балық, 55,4 мың дана жұмыртқа, 4,5 тонна сүт және сүт өнімдерін, 2 тоннадан астам ұн, 2 тонна картоп тәрізді азық-түлік өнімдерін саудаға шығарды.