Зеренді аудандық мәдениет үйінде «Ақмола облысы бойынша 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргінге байланысты ғылыми-зерттеу жұмысы мен архивтік және өзге құжаттарды саяси-құқықтық бағалау» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Оның жұмысына алыс және жақын шетелдердің ғалымдары, өлкетану мамандары, облыстық әкімдіктің, архивтер мен музейлердің қызметкерлері, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушылары, орта мектептердің тарих пәні мұғалімдері, этно-мәдениет бірлестіктерінің және ардагерлер ұйымдарының өкілдері, докторанттар мен магистранттар қатысты. Алдымен, олар Үлгілі ауылы жанындағы Жыланды тауының солтүстік етегіндегі орман арасындағы алаңға барды.10 гектарды алып жатқан бұл алаңда 1930-1953 жылдары №3 концентрациялық лагер орналасыпты. Мұнда «халық жауы» деп айдар тағылып, Одақтың түкпір-түкпірінен әкелінген 2 мыңдай сотталғандар және саяси тұрғыда жау атанған жергілікті тұрғындар қамауда отырыпты. Оларды жүз шақты атқыш күзеткен екен. Сотталғандар отын дайындап, Қарағанды облысындағы көмір өнеркәсібіне және өзге де қажеттіліктерге жіберіліп отырыпты. Бәрі адам айтқысыз қиын жағдайда жұмыс істеген.
Алғашында соттталғандар қысы-жазы өздері қазған жертөлелерде тұрыпты. Кейін өздері барақ салған екен. Мұнда әйелдер мен ер адамдардың барақтары болыпты. Бірақ, бір-бірімен араласпаған көрінеді. Барақтардың айналасы тікенек сыммен қоршалған екен. Әр тұста күзет мұнарасы тұрыпты. Лагерьдің қызметкерлері мен күзетші-атқыштары жақын маңдағы селода тұрған. Бүгінгі күні бұл алаңда жазасын өтеушілер отырған барақтардың жұрты ғана қалыпты. Сол бір қайғы-қасіретке толы жылдардың белгісі болып лагерь бастығы әйелінің зираты тұр. Оның басына ағаштан қашап ескерткіш қойылған екен. Оның қасында жермен жексен болған лагерь еңбеккерлерінің зираты бар. Жергілікті тұрғындар өз естелігінде өмірден өткен жазасын өтеушілерді ауру малдармен бірге бір орға лақтыра бергенін айтады. Мұндай төмпешіктерге ешқандай белгі қойылмаған. Біз осынау үрейлі жерде азапқа толы жылдарғы жауыздықты көз алдымызға еріксіз елестетіп, үнсіз тұрумен болдық.
Түс ауа аудандық мәдениет үйінде конференцияның өзі де басталды. Бұл шараны Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі Аманай Сейітқасымов ашып жүргізіп отырды. Конференцияға қатысушылар саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі, осы игі істі қолдау жөніндегі жобалық кеңсенің басшысы Сабыр Қасымовтың, уфалық профессор, белгілі ресейлік ғалым Роза Буканованың, Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Зәуреш Сақтағанованың онлайн-режимдегі сөздерін, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі педагогикалық институттың директоры Ақбота Бексейітованың, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі қашықтықтан оқыту орталығының басшысы Марат Өтегеновтың баяндамаларын, Уголки селосының тұрғыны Нығметжан Зәкіриннің естелігін, Приречный селосының тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі Наталия Стоктың және тағы басқалардың баяндамаларын қызығушылықпен тыңдады. Конференция барысында шараны ұйымдастырушылар дайындаған бейнефильмдер көрсетілді.
Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Райхан Ғабдуллина өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлығынан кейін тарих ғалымдары саяси қуғын-сүргін көрген адамдар сталиндік уақытта қалай азап шеккенін ашық зерттеуге белсенді атсалысып жатқанын айтты.
–Бүгінгі күні мемлекет тарапынан ұлттық тарихты сыйлау және қолдау жоғары деңгейде тұр. Бұл тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында қол жеткізген жетістіктеріміздің бірі. Саяси қуғын-сүргін кезінде қазақ халқы өз жеріне КСРО-ның түкпір-түкпірінен қоныс аударған азаматтарды қабылдады. Қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған сол этностардың өкілдері бүгінгі күні бізбен қоян-қолтық еңбек етуде. Соларға сыйластықтың белгісі ретінде маңызды жұмысқа кірістік. Біздің мақсатымыз – жалпы тарихымыздың қайғылы әрі қанды күндері өмірден озған барлық адал азаматтардың есімін толық ақтап алу. Ауданымыздың тарихшылары мен архив мамандары жұмысының арқасында лагер орындары арнайы картаға енгізілді. Әр лагердің сұлбалық жоспары жасалды. Бұл жұмыстың арқасында келешекте қасиетті нысандар Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне енеді. Қуғын-сүргіннің құрбаны болған азаматтарды ақтап, есте сақтаймыз. Бұл біздің маңызды парызымыз әрі міндетіміз,–деді Райхан Ғабдуллина өз сөзінде.
Конференция соңында қатысушылар резолюция қабылдады. Осы резолюцияға сәйкес, 2022 жылдың 31 мамыры – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Уголки, Симферополь, Үлгілі және Приречный елді мекендері аумағында орналасқан бірқатар лагер бөлімшелерінде ескерткіш белгі орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, 1920-1950 жылдары Ақмола облысы аумағында саяси қуғын-сүргіннің тарихын анықтау ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастыру, ұжымдық монография мен архив құжаттары жинағын жарыққа шығару, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті жанында өлкетанушылардың облыстық бірлестігін ашу, өткізілген ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижесінде деректі фильм сериясын шығару көзделіп, соңғы қорытындысында өңірлік тарихты кеңінен насихаттау және өткен тарихқа деген тұрғындардың қызығушылығын арттыру мақсатында лагерь бөлімшелері орналасқан орындарда туристік бағыт түзу де жоспарда бар.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
Зеренді ауданы.