Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Халықтың денсаулығын ойлаған Өмірбек еді - АРҚА АЖАРЫ

Халықтың денсаулығын ойлаған Өмірбек еді

Қазақтың «туған ай туралған етпен бірдей» деген бір ауыз сөзінің астарында мол мағына бар екендігін аңғара бермейтініміз бар. Шындығында, мынау жарық дүниеде уақыттан жүйрік ештеңе жоқ-ау. Күні кеше жалпақ жұртқа жақсы ісімен аты шыққан менің Өмірбегімнің жалған дүниені тәрк етіп қайтпастың кемесіне мініп кеткелі бес жыл қас пен көздің арасындай өте шыққан екен-ау.

Сөзімнің басын менің Өмірбегім деп бастағаныммен, шын мәнінде елінің ұлы еді. Бар ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған адамның тіршілігінде қол жеткізген толайым табыстары кейінгі жас ұрпақ үшін өміршең өнеге болуы әбден ықтимал. Бүгінде араға бес жыл салып ет жүрегім езіліп, көңілім тебіреніп, қолыма қалам алғандағы мақсатым саналы ғұмырында халқына қалтқысыз қызмет еткен жанның есімі тағы бір жаңғырып, аруағы шат болсыншы деген ниет қана. Көзі тірісінде өз еңбегіне сай құрмет пен қошеметтен кенде болған жоқ.

Бірақ, асылдың жүзін уақыт шымылдығы тұмшаламайды емес, тұмшалайды екен. Бүгінгі беймаза тіршілікте, жалпақ жұрт жаман тұмаумен алысып жатқан уақытта күні кеше ат үстінде жүргенде, әлеуметтің ортасында болғанда есімі құрметпен аталған азаматтар ептеп ұмытыла бастағаны ма, қалай?!.

Жаратқан иеге мың да бір шүкіршілік, аты аталмай қалды деп айта алмас едім. Қазір жаман тұмау жайлағалы адамдардың бағзы уақыттағыдай араласуы сирек. Ал, бұрын кісі басы қосыла қалғанда Өмірбекті еске алатын. Оның еңбегін саралап, кең жүрегінің лүпіліне, адал еңбегімен жеткен мақсат-мұратына ризашылық білдіретін. Өзім де есімнен шығарған күнім жоқ. Арайлап таң атса да, алаулап күн батса да, Өмірбегім жанымда жүргендей.
Әлі есімде, Қарағанды медицина институтының соңғы курстарында оқып жүрген кезінде онкология кафедрасында сабақ берген Отто Иванович Бибер деген шынайы білікті, тәжірибесі өте мол мұғалімі болды.

Өмекеңді сол кісінің жасаған операциялары қызықтырады екен. Орайы келгенде қатысып та жүріпті. Отто Иванович асқазанның қауіпті ісігін электро-хирургиялық операция жасау арқылы емдеу әдісін енгізген маман екен. Сол еңбегін арнайы тақырып етіп алып, диссертация да қорғаған. Әр жолыққан сайын Отто Иванович Көкшетау облысында сырқаты асқынған аурулардың өте көптігін айтып, аяп отырыпты. Ұстазының сендерде әлі күнге дейін онкология саласының білгір маманы жоқ дейтін сөзі Өмірбектің намысына тиетін. Бәлкім, шебер дәрігердің елдегі ахуалға алаңдап, жаны ашып айтқан жалғыз ауыз сөзі қамшы болған шығар, Москваға оқуға бару сәті 1961 жылдың наурыз айында туды.

Енді бірер ауыз сөз Көкшетау облыстық онкология диспансері туралы. Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бұйрығы бойынша 1956 жылдың 21 мамырында облыстық аурухананың хирургия бөлімінің жанынан небары 25 орындық диспансер ашылған. Ұжымдағы алғашқы басшыларды сол кезде облыстық ауруханада жұмыс істеген хирургтердің аты-жөндерін тағы бір тірілтіп, елдің есіне сала кетсек аруақтары шат болар еді. Т.Соловьева, Е.Бектұрғанов, Г.Афанасьев. Облыстық аурухананың құрамынан бөлініп, Сәтбаев көшесінде орналасқан кішкентай ағаш үйден орын тепті. Небары 4-5 палата.

Екі кішкентай бөлме операциялық блог әрі ем-шара жасайтын кабинет. Ұжымда бар болғаны он бес-ақ адам жұмыс атқарды. Диспансердің өз басында арнайы бөлінген жеке кабинет болмағаннан кейін қалалық ауруханада науқастарды қабылдап жүрді. Ол кабинет онкокабинет деп аталатын. Онкокабинеттің жанында хирургия кабинеті болды. Қолы бос уақытында қарап отыруды жаны сүймейтін Өмірбек оларға да көмектесетін. Бір жағынан науқасты ажалдан арашалау, екінші жағынан үздіксіз ота жасау арқылы өз машығын жетілдіре берді. Осылайша екі жылдың қалай өте шыққанын да сезбей қалды. Жай жылдар емес, ізденіс пен еңбекке толы мазмұнды да мағыналы жылдар.

Жоғары оқу орнының ректоры Петр Моисеевтің айтқан сөзі әрдайым есінде еді.
–Сен институтта өте жақсы оқыдың. Мұндай талап пен талант ешқашан жерде қалмауы керек. Ғылым қуып, аспирантурада оқығаның жөн. Мен сені Москваға оқуға жіберемін,–дейді екен.

1961 жылы Москвадағы П.Герцен атындағы институтқа онкология саласы бойынша білімін жетілдіруге барғанда көптеген таныс жолдастарын кездестіріпті. Олар орталық санитарлық-гигиеналық институтта оқып, білім алып жатыр екен. Тіпті, кейбіреулері кандидаттық диссертацияларын да қорғап үлгеріпті.

Онкология хирургиясының академигі А.Савицкийдің дәрісі өз алдына ғажап бір әлем. Өз саласының түйткілдерін бүге-шігесіне дейін білетін ақ бас академиктің аузынан шыққан әр пікір, әр лебіз тұңғиық теңіздің иіріміндей өзіне тартып, тереңге батырып әкететін. Бәлкім, сондықтан ба екен, онкология саласына ынта-шынтасымен берілген.
Қай жерде де қамшы салдырмай үздіктер қатарында болуға тырысатын хас жүйріктерге ғана тән қасиет бұл жолы да дағдылы машығынан жаңылдырған жоқ. Емтиханды кілең беске тапсырып, абыройға бөленді. Сөйтіп, шіліңгір шілде айында көгілдір Көкшетауға қайтып оралса, алдынан тағы бір жаңалық тосып тұр екен. Денсаулық сақтау бөлімінің бастығы В.Скиртач:

–Диспансерді басқарған Г.Афанасьев Алматыға көшіп кетті. Енді ұжымды басқаратын кісі жоқ. Менің қолымдағы мөрді аласың да, 1961 жылдың 25 шілдесінен бастап диспансердің бас дәрігері боласың,–дейді.

Тосыннан айтылған хабар қаншалықты жақсы болса да жүрегін қобалжытпай қоймағаны анық. Өйткені, жауапкершілік жүгі тым ауыр. Ұзақ жыл алған білім мен тәжірибеге сүйеніп ота жасау бір басқа, материалдық-техникалық мүмкіндігі тым әлсіз, әлі аяғынан толық тұрып кетпеген ұжымға басшылық жасау бір басқа.

Дәл осы бір сәтте өзіне көрсетілген сенім мен жауапкершілік жүгі көңіл таразысын тербетіп тұрғаны анық еді. Біресе сенімнің салмағы басса, енді бірде жауапкершілік үстем болады. Қалай болған күнде де жолайрықтағы қос соқпақтың бірін таңдауы керек. Өзіне салса бірден қарсы болған. Бірақ, басшы көнетін емес. Сондағы айтатын уәжі:

– Сен оқып келдің, онкология саласында осы Көкшетауда сенен басқа маман жоқ екенін өзің де жақсы білесің, сондықтан, уақытты созбай, жергілікті онкология саласын құрып, жалғыз қала ғана емес, облыста көп жұмыс атқаруың керек,–дейді.
Ел мұраты бәрін жеңіп кетті. Шынында да осы салаға көңілі ауып, шын ниетімен берілгеннен бері жұдырықтай ет жүрегін елжірететін жай – елдің денсаулығын жақсарту, анығында айтып келетін ажалдан құтқару емес пе. Ал, жауапкершілік қай жерде болмасын бар.

Өмірге құштар Өмірбегімнің өмірден өткен кезі де осындай қыстың басы еді. Қара суықтың келген уақыты. Қара суықпен бірге жанымды тоңдырған қаралы сәт те жеткен болатын. Бір ғажабы, туған күні мен өмірден өткен күні орайлас. Бір қуантып, бір жылататын сол күндерді тағы бір еске алсам деп едім.

Менің айтқанымның қисыны келе ме, жоқ па, кім білсін әйтеуір, ел үшін еңбек еткен Өмірбектің атын көп көңілінде қалдырғым келеді. Менің бұл ұсынысыма көпшілік те қарсы болмас деп ойлаймын. Ат шығару үшін емес, кейінгі ұрпаққа үлкендер үлгісімен тәрбие берілуі үшін. Өз денсаулығын ойламай, өзгенің саулығы үшін бар ғұмырын сарп еткен жанның өміршең өнегесі желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ой салып, темірқазық нысана тәрізді болып тұрса, жарасымды емес пе?!

Рауза БӘЙКЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар