Ұлағат сәулесін себезгілеген абзал жан

«Адам қартайғанда не дана, не бала, не шала болады дегенді естуім бар. Мен ақсақалдардың ақылгөй, дана болғанын қалаймын». Бір ғасырға жуық ғұмыр кешіп, арының алдында азаматтық тазалығын сақтай білген ел ағасы Айдархан Әбдірахманұлы Темірбаевтың жүрекжарды осы сөзін жиі еске алып, ақылгөйлігіне, кісілік келбетінің баяндылығына иіліп тағзым етемін.

Уақыт көшіне ілесіп, өмірде өкінбейтіндей дұрыс таңдау жасағанда ғана көздеген мақсатыңа жетерің хақ. Бағың сыналар шешуші сәттерде алдында сүйеу болар көңілі көлдей ағаң болғаны қандай жақсы. Ақыл-парасатымен елін бірлікке, жастарды өнегелілікке шақыра білген үш бірдей «Құрмет белгісі» орденінің иегері, қоғам қайраткері, қазақ журналистикасының ардагері Айдархан Темірбаевты нақ осындай көреген қарияның қатарына жатқызар едім.

Топырағынан май тамған ақ қайынды орман алқабында орналасқан Солтүстік Қазақстан облысының Орталық ауылында 1928 жылдың күзінде өмірге келген Айекең ел өміріндегі өтпелі кезеңдердің ауыртпашылығын үлкендермен бірге бөлісті. Әбдірахман әкесі екі сапты араны жалғыз өзі тартатын, он қолынан өнер тамған ағаш шебері болатын. Көркіне ақылы сай, үй ішін жұпыдай таза ұстап, сәнді киінетін Мәмила анасының балаға деген махаббаты шексіз болғанымен, қайғының қара бұлты бұл шаңырақты да айналып өтпеді.

Тұла бойы тұңғыштары Ахат отыз бес жасында соғыста шәйіт болса, одан кейінгі өрімдей үш ұлы оқуын бітіріп, өмірге жаңа ғана қадам басқанда опатқа ұшырады. 1945-1946 жылдары Кенигсберг қаласында комендант қызметін атқарып, елге оралған Қаратайдың да өмірі қысқа болды. Аялап алақанға салып мәпелеп өсірген бес ұлынан қас-қағым сәтте көз жазып қалу ғазиз анасына оңай болған жоқ. Қайғы-қасіретке жүрегі шыдай алмай, ғұмыры ерте үзілді.

Алайда, Алла тағаланың рақымшылығы шексіз ғой. Ата-анасы мен бес бірдей бауыры жасамаған жас пен көре алмай кеткен қызық Айдарханның пешенесіне бұйырды. Біреудің ала жібін аттап, ешбір қиянат жасамаған мінезі сабырлы, кішіпейіл, қайырымды азамат Айекеңнің бақытқа бөленуінің сыры неде?

Тоқсан жасқа жетіп, баянды да ғибратты ғұмыр кешу адам үшін үлкен олжа. Толассыз еңбекпен өрнектелген осы уақыт ішінде ол баспасөз саласында, партия органдарында қырық жеті жыл абыройлы қызмет атқарып, кәсіби біліктілігімен, шығармашылық ізденісімен көзге түсе білді.

Халқымыздың тұлғалы перзенттері Бәйкен Әшімов, Хасан Бектұрғанов, Еркін Әуелбеков, Мақтай Сағдиев, Оразбек Қуанышев оның қаз басқан әр қадамына сүйсініп, үнемі қолдау көрсетіп отырды. Жас кезінен қимас досы болған Төлеу Сүлейменов, Тұрар Бекмұғанбетов, Кеңес Рахимов, Сейдахмет Секенов, Рамазан Ишмұхамбетов, Білдаш Шүлембаев Айекеңді үнемі төрге оздырып, үлгі тұтатын. Сәкен серіні айтпағанда әдебиеттің алыбы Сәбит Мұқанов, ғалым-филолог Есмағамбет Ысмайылов, қаһарман ұшқыш Талғат Бигелдинов, ән еркесі Ермек Серкебаевпен достық қарым-қатынаста болғанын көпшіліктің білмеуі де мүмкін ғой. Сәбеңнің жазған хаттары асыл мұрадай үйінде сақтаулы екен.

Қазақ халқының мақтанышына айналған осы тұлғалардан басқа Айдархан Әбдірахманұлының азамат болып қалыптасуына әкесіндей айрықша қамқорлық жасаған көрнекті қоғам қайраткері Қазжан ағасы мен ақылды Сәруар жеңгесінің тәлім-тәрбиесі мен өнегесі өлшеусіз дер ек. Тіпті, қазақы ғұрыппен жеңгесі қайнысының атын атамай, «Жансаям» дейтін. Ал, Айекеңнің өмірлік музасы екі қыз, бір ұлдың сүйікті анасы Делофруздің Сәруар жеңгесіне деген ықыласы тіптен өзгеше болатын. Қазақ айтатын абысыннан гөрі келіндігі басым еді.

Жетінші класты бітірер – бітірместен майданға кеткен ағаларының орнын басып, тылда еңбек етті. Соғыс бітісімен, кәрі әке-шешесі Айдарханды «енді оқу оқы, білім ал» деген үмітпен Айыртау аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Қазжан ағасына аманаттайды. Алайда, бір ауыз орысша білмейтін ауыл баласына бірден 8 класты алып жүру оңай болсын ба? Кішкентай қайнысының қиналып жүргенін көрген Сәруар жеңгесі Көкшетаудағы қазақ педучилищесінде оқытуды жөн көреді. Дер кезінде әрі дұрыс қабылданған осы шешімнің арқасында ол аталған орта оқу орнын 1949 жылы үздік бітіріп шығады.

Әдебиетке, шығармашылыққа бейімі барын байқаған Қазжан ағасы оны Зеренді аудандық «Социалистік жол» газетіне қызметке жіберіп, сынамақшы болады. Айекең болса бұл сенімді абыроймен ақтап, газет жұмысын ұршықша үйіреді. Үш жылдай жауапты хатшы, жеті жыл табан аудармастан редактор болады. Сөздің құны бөздің құнынан арзандау болып кеткен қазіргі заманда аудандық газетті кейбіреулердің қомсынуы да мүмкін. Ал, ол тұстағы аудандық газеттер шын мәнінде азуы алты қарыс басылым болатын.

Бос сөзді сұбықаны сүймейтін, аузы дуалы, айбынды редактор Айдархан Темірбаев қаламының желі бар Баймұрат Азнабаев, Есмұханбет Айтмағамбетов, Мәтен Бижанов, Иван Щепак, Юрий Тараков, Амантай Ахетов сынды сайыпқыран жігіттерді төңірегіне топтастырып, тәрбиеледі. Кейін есімдері аталған бұл азаматтардың өздері де бір-бір шығармашылық ұжымдарды басқарып, қазақ журналистикасының хас шеберлері атанды.

Жер көлемі мен шаруашылықтарының саны жағынан Зеренді ауданын бірнеше орап алатын Қызылту өңіріне жаңа қызметке ауысуы отыз үш жасар жігітке көрсетілген үлкен сенім болатын. «Красное Знамя» және «Қызылту» газеттеріне бір жылдай ғана редактор болып істесімен, Айдархан Темірбаев аудандық партия комитетінің хатшысы, кейін екінші хатшысы болып сайланды. Өзіне жүктелген міндет пен жауапкершілікті жете түсінген жас хатшы совхоздарды аралағанда алдымен қазақ ауылдарының тұрмыс-тіршілігіне көбірек ден қоятын.

«Херсон» совхозына барған бір сапарында Күрлеуіт ауылындағы мүлдем жөндеу көрмеген мектептің мүшкіл халіне қатты налиды. Бұл ойын шаруашылық басшысы, Социалистік Еңбек Ері А.Вагинге былай жеткізіпті: «Жақсы мектепте оқыған балалар көңілді болады, жайдары жүреді, оқу үлгерімі де соған сай өрбиді. Осы жағдайды ойласаңыз екен, басқадай айтарым жоқ». Еттен өтіп, сүйекке жететін осы сөзден кейін совхоз директоры әлгі ауылға жаңа мектеп салдырып беріпті.

Никита Хрущевтің бәтуасыз көп реформаларының салдарынан аудандық партия комитеттері штатының қысқартылуына байланысты Айдархан Темірбаев «Жанауыл» совхозы парткомының хатшылығына жіберіледі. Әрдайым өз қызметіне сын көзбен қарауға дағдыланған ол шаруашылықта жүйелі басшылықтың жоқтығын байқайды. Мәскеудің номенклатурасымен келген директор ішімдікке салынып, тәртіпті мүлдем ақсатып жіберіпті. Даңдайсыған басшыны ешкім тезге сала алмаса керек. Партком хатшысы аудан басшыларының алдына мәселені тікесінен қояды.

Сөйтіп, әділдік жеңіп, шаруашылық тізгінін «Толбухин» совхозының бас агрономы, іскер маман Петр Щерба ұстайды. Жалпы Қызылту өңірінде істеген он жыл Айдархан Әбдірахманұлы үшін шындалу, кемелдену мектебі болды. Ресеймен шекаралас орналасқан аудандағы шаруашылықтардың басым көпшілігі тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары құрылғандықтан, Кеңес Одағының әр аймағынан келген басқа ұлттың өкілдерімен танысты. Адамдармен тез тіл табысу тәжірибе жинақтауға да игі ықпал етті.

Бес жылдай Көкшетау ауданындағы кәсіподақ ұйымдарында істегеннен кейін Айдархан Темірбаев 1976 жылы облыстық партия комитетінің аппаратына біржола ауысады. Партиялық-ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істегенде кадрларды іріктеп, орналастыруда өте-мөте сергектік танытты. Аяғы қылдан тайып, тағдыр тауқыметін тартқандар мен әлдебір қаскөйліктің, көре алмаушылықтың кесірінен жалаға ұшырағандар Айекеңнің тарапынан әділдік тауып жатты.

Облыстық партия комитетінде бөлім басқару ол тұста кез келген коммунистің пешенесіне бұйыра бермейтін. Ал, Айдархан Әбдірахманұлы болса, өзі жетекшілік еткен жалпы бөлім жұмысының сыйпатын өзгертіп, аудандармен, бастауыш ұйымдармен байланысын нығайтты. Бұл орайда Мақтай Сағдиев 1990 жылы Мәскеудегі саяси әдебиет баспасынан шыққан «Сколько правды, столько и веры» кітабында былай деп жазады: «Координировать работу по перестройке стиля и методов партийного руководства хозяйственным и культурным строительством мы поручили заведующему общим отделом обкома партии А.А.Темирбаеву».

Атамыз қазақ «жақсыда жаттық жоқ» демей ме. Көкшетау ауданына қызметке келген сәттен Айдархан ағаның адамды жатырқамайтын, әркімді істеген еңбегіне, қызметіне қарап бағалайтындығын ұқтым. Арада біраз уақыт өтіп қызмет бабымен Краснояр селосына біз де көшіп келдік. Арамыздағы таңғы шықтай мөлдіреген тап-таза қарым-қатынас енді бұрынғыдан да жақындай түсті.

Айекең халық ақыны Көкен Шәкеевпен туған құда болғандықтан, дәм-тұзымыз да жиі араласатын болды. Аудандық партия комитетіне қызметке ауысып, қызмет істей бастағанымда ол мені Алаштың арда азаматы Мақтай Сағдиевпен таныстырды. Осы бір қадам да жақсылардың арасын көзге көрінбейтін жібек жіппен жалғап, мәңгілік достастығымызға дәнекер болды. Бүгінгі ғибратты ғұмырымдағы қадамымды нықтап, құлашымды биіктерге сілтеткен ұстазымның бірегейі болған Айдархан Әбдірахманұлынан да көз жазып қалғаныма қырық күннің жүзі болыпты-ау. Жанын жаннатта болғай, асыл аға!

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар