Ұлттық өнерімізге кең өріс ашылды

Ежелден құт қонған, кие дарыған қасиетті Көкше жері таланттарға кенде болған емес. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Көкшетау қаласының еліміздің мәдени астанасы атануы да бабалар салып кеткен өнердің сара жолын жалғастырып жүрген ұрпақтың бар екендігін айқындап тұрғандай. Осы отыз жылдың ішінде еліміз өмірдің сан түрлі сынағынан сүрінбей өтіп, абырой биігінен көрініп отыр.

Мен кешегі Кеңес дәуірінде сахнада қалай еңбек етсем, еліміз тәуелсіз мемлекет болғалы да сол қарқынмен халқыма қызмет етіп келемін. Өйткені, «өнер» деген киелі ұғым, заманға тәуелсіз дүние. Тек бір ғана ерекшелігі – еліміз егемендік алғалы еңсеміз түзеліп, өзгемен теңеліп, өзіміздің қазақ болып туғанымызды мақтан тұтатын болдық. Тәуелсіздік жылдарының тағылымы бөлек, шабыты шалқар екендігі анық. Осы ұлы мақсат жолында қайтпас қайсарлық танытып, жұмыла жұмыс істеудің өзі бақыт екендігін сезіндік.

Біз – Ұлы Абылай 48 жыл хандық құрған «байтақ даланың жұлдызы – сұлу Көкше өңірінің» қазағымыз. Сол Абылай хан армандарын орындаған Елбасы Н.Ә.Назарбаев халық рухын биіктетіп, салт-сананы жаңғыртуда өлшеусіз еңбек сіңірді. Жасампаз ұрпақ өзіне жүктелген сенімді ақтайды деп сенеміз. Өйткені, ертеңгі күннің ерен жолдары белгіленіп, тиісті қамқорлық жасалып отыр. Бұл – өнер адамдарын қанаттандыратын қадам.

Көкшетау ежелден ән бесігі атанған киелі өлке. Осындай табиғи сұлулығы қыл қаламмен салынған суретінен асып түсетін, бау-бағында сайраған бұлбұлынан жезтаңдай, күміс көмей әншісі басым түсетін Көкшенің төрінде қазақ театрының болмауы әділетсіздік еді. Сол әділетсіздікті тәуелсіздік жеңді. Елімізде ата-бабамызға арман болған тәуелсіздік таңы атып, қазақ театры қанат жайды. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ана тілімізбен қайта қауышып жатқан тұста Көкшетауда халықтың қалауымен, елдің атқа мінер азаматтарының бастауымен, облыс басшылығының қолдауымен ашылған қазақ театры шынымен тарихи қадам болды.

1995 жылы Көкшетауда театр ашу туралы Жарлық шыққаннан кейін мен ертең Астана болайын деп тұрған Ақмоланы кейінге қалдырып, өзімнің туған Көкшеме оралдым. Сондағы мақсатым – қалған өмірімде өзімнің туған еліме еңбегімді сіңіру, туған жерімде театр өнерінің өркендеуіне септігімді тигізу. Және де, көрнекті театр саңлағы Жақып Омаровтың «Еліңе қайт. Жаңадан ашылған театрға Алматыдан өрімдей жас балалар бара жатыр, соларға бас-көз бол!» –
дегені де себеп болды.

Жақып Омаров – осы елдің азаматы, еліміздің жанашыры, өнердің тілін, өнердің қыр-сырын білген жан еді, Алматыда академиялық театрда істеген тәжірибесі бар деп үлкен сенім артып, белгілі актер Мұратбек Оспановқа театрдың міндетін жүктеді. Дәл сол жылы Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясынан түлектер келді. Сол өрімдей жастар жас театрдың ең алғашқы шығармашылық ұжымы болатын. Сонымен, облыстық қазақ театрының шымылдығы заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоты» спектаклімен ашылды. Менің Көкшетау сахнасында бірінші сомдаған осы бір керемет қойылымдағы Ақтоқты анасының рөлі еді.

Туған жерімнен бір түйір тарыдай болып кетіп, атақ-абыроймен таудай болып оралған мен үшін бұл айтулы сәт болатын. Анамды аңсап келгенімде, көкшетаулық көрерменнің алдында алғашқы рет Ана рөлінде шығатын болғаным мені қуантты да тебірентті. Иә, сол кезде жұдырықтай ғана болып келген ұл-қыздар қазір бір-бір шаңырақтың иесі болып, ұрпақтарын тәрбиелеп, елге танылып отыр. Олардың әрбіреуін өзімнің туған балаларымдай жақсы көремін.

Көзді ашып-жұмғанша ел Тәуелсіздігіне де отыз жыл толғалы тұр. Кеше ғана өзім келіп керегесін құрып, уығын қадаған қара шаңырағымыз өзіміздің қазақ тетарына да 25 жыл толып отыр. Ендігі тілеуім, өзім жеткен биікке театрдағы жас артист ұл-қыздарым жетіп, халықтың сүйіспеншілігіне ие болса екен. Менің қол жеткізген барлық жетістіктерім халықтың өнерімді бағалағаны деп білемін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Жібек БАҒЫСОВА,
Қазақстан Республикасының Халық әртісі,
«Парасат» орденінің иегері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар