Тыныштығы үшін өмірдің сіңіп еді еңбегі

Жаны қалмай, тәуелсіздігіміз үшін қуанған, жұрт таныған, ел сыйлаған Балғабек Балташевтың да өмірден өткеніне бір жыл болды. Біз жас жігіт күнімізде танысып, өмір бойы дос болып едік. Мен 1965 жылы Алматы мал-дәрігерлік институтында оқып жүріп, тәжірибе алуға Н.П.Цой басқарған құс фабрикасына жіберілгенмін. Сол кезде Балғабек Щучье аудандық милиция бөлімінде жас офицер болатын.

Көп ұзамай мен оқуымды бітіріп, Көкшетауға қайтып оралып, қызметке орналастым. Әртүрлі жауапты қызметтер атқарып, зейнеткерлікке шықтым. Біз, Балғабек, Дулат, Жәпит, Жылқайдар, Дәулет, Зейнолла, Сүйіндік деген азаматтар өмір бойы дос-жолдас болып, отбасымызбен жақын араластық. Жастық дәуреннің қызығын бірге өткіздік, қызық-қуанышымыздың да, кездескен қиындықтардың да ортасында, бірге болдық.

Олардың әрқайсысының азаматтықтары, жақсылықтары туралы ұзақ-ұзақ айтуға бармын. Қазір Сүйіндік екеуіміз өткен достарымызды сағына еске алып отырамыз. Кейінгі балалар біздің әңгімемізді тыңдап, өткендерге деген сағыныштарын басатындай. Бұл жолы Балғабек досымды еске алмақпын.

Біріншіден, Балғабек тектілердің ұрпағы болатын. Ол кезінде қазақтың күміс көмей, бұлбұл әншісі Біржан салды құрметтеп, ардақтаған, аса беделді Жанбота болыстың тұяғы. Ол туралы 2002 жылы марұм Төлеген Қажыбаев «Асылдың сынығы. Балғабек атақты Жанбота болыстың бүгінгі ұрпағы» деген мақала жазған. Сол мақаласында Төкең Балғабектің сөзін былайша келтіреді: «Жанбота Атығайдың Елтоқ тармағынан тарайды.

Оның әкесі Қарпық, оның әкесі Сарғыз. Сарғыз Абылайдың қырық батырының бірі болған Қожамбеттің тұяғы. Жанботадан бермен қарай таратсам, бүгінгі Мәдениет елді мекені ірге тепкен өңірінде отыз жыл болыс болған Жанботадан Сантай, одан менің ұлы атам Балташ туады, одан Әнуарбек, одан мен өмірге келгенмін». Бұл – оның тектілігінің дәлелі. Балғабек әрқашан әділ, шыншыл, қызметте алғыр болатын. Ешқашан айнымайтын осы мінезінің тереңнен келе жатқаны байқалып тұратын.

Екіншіден, Балғабек кәсіби маман, шыңдалған шебер, өте тәжірибелі басшы болды. Ол ауыл шаруашылығы техникумынан кейін Елабуга қаласындағы КСРО Ішкі істер министрлігінің орта арнаулы мектебін, Мәскеудегі Ішкі істер министрлігінің жоғары мектебін, сосын КСРО Ішкі істер министрлігінің Академиясын оқып бітірді. Ылғи қылмыскерлерді іздестіру, шұғыл да қауіпті қызметтерде болды. Қаншама күрделі қылмыстарды ашты, қаншама кәсіби ізшілерді тәрбиелеп шығарды. Қатардағы офицерден облыстық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасарына дейін көтерілді. Қиын істе шаршап-шалдықпай, сүрінбей өрге басу, оның биігіне шығу да екінің бірінің қолынан келмейтін шаруа.

Үшіншіден, Балғабек жоғары шені, биік лауазымына қарамастан, өте қарапайым, кішіпейіл, көпшіл, орташыл адам болды. Әңгіме десең әңгіме, ән десең әнге бар еді. Отырыстың көркі еді ғой, Балғабек!.. Нұрзипа екеуі үш баланы оқытып-тоқытып, тәрбиелеп өсірді, немере, шөбере сүйіп, сексен төрт жас жасап, өмірден озды.

Өмірімізде талай қызық күндер болды. Сондай бір жарқын сәт Балғабек досымыздың ұлының Жәпит досымыздың қызын алуы болған-ды. Ол кезде бәріміз қуанып, мәре-сәре болып едік. Достығымыз туыстыққа жалғасып, арамыз бұрынғыдан да беки түсті.

Өмір бойы дос болған соң, әрине, бәріміздің бала-шағымызға дейін әлі күнге араласып тұрады. Біздің өзара достығымызды ұрпағымыздың жалғастырарына сенімдімін. Сөйтіп, өмір жалғасып жатыр.
Қимас дос, елге қадірлі қайран Балғабектің жылдық дұғасына да жеттік. Уақыт шіркін, қаншалық тез өтеді, десеңізші. Жарқын жүзді, ақкөңіл, адал досты көрмегелі бір жыл… Енді, не дейін, достым. Жатқан жерің жайлы, жаның жаннатта болсын! Сенің есімің ешқашан жүректен өшпейді.

Құмарғали ДОСОВ,
құрметті еңбек және спорт ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар