35 жыл өтсе де, желтоқсанның жарасы әлі жазылған жоқ

Әлі есімде, 1986 жылдың 17 желтоқсан күні таңғы сағат жеті шамасында, кезекші қызметкер болуы керек, телефон шалып, менің сағат сегізде қалалық партия комитетіне келуімді хабарлады. Ол тұста мен Целиноград қаласы (қазіргі Нұр-Сұлтан) Ленин аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімін басқаратынмын. Бірден «не болып қалды екен?» деген күдікті ой туды. Телефон соғушы да «жедел жетіңізден» басқа ештеңе айтпады. «Мүмкін облыстық азаматтық қорғаныс штабының кезекті оқу-жаттығу сабағы өтіп жатыр ма?» деген де ой келді.

Залға қаланың мекеме басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен техникум директорлары жиналыпты. Отырып та үлгермедім, қалалық партия комитетінің бірінші секретары В.Осипенко: «Бименде, ұйқыңды бөлдік пе, Алматыда бауырларың бунт жасап жатқан көрінеді», – деп менімен қалжыңдасқандай болды (кезінде Василий Петровичпен комсомолда бірге қызмет атқарғанымыз бар). Сонда ғана шұғыл бас қосудың себебін түсіндім.

Жиында Алматыда өткен қазақ жастарының бұзақылық әрекетінде ұлтшылдық көрініс басым орын алды деп баяндалды. Сондай-ақ шеруге қатысқандардың көпшілігі арақ ішіп, анаша тартыпты-мыс деген де хабарлама болды. Жарыссөзге шыққан шешендердің бірі, автожол техникумының директоры К. Бекбаев: «Алматыда болған оқиғада ешқандай «национализмнің» белгісі жоқ. Бұл қисынсыз айып. Ал, енді студенттер топ-топ болып жүрмесін, оларды жатақханадан шығармаңдар дейсіздер. Сонда не, азаматтық құқықтан туындайтын заңға қарсы бағытталған шара қолданамыз ба?», – деп, басқалар айта алмай отырған ақиқатты жайып салды. Көп ұзамай аталмыш орта арнаулы оқу орнының бұл басшысы қызметінен қуылды.

Қысқасы, кейін мәлім болғандай, КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачевтың қайта құру демократиясына сенген жастар орталық алаңға келіп, Д.Қонаевтың орнына бұрындары елімізде Г.Колбиннің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайлануына қарсы наразылық білдіреді. Алайда, бейбіт шеру аса қатыгездікпен жазаланады. Қарусыз адамдарға мұздай су шашып, саперлік күректермен қаруланған жауынгерлер оларды аяусыз ұрып-соғады.

Басты бір назар аударатын жәйт, кезінде осы оқиға жөнінде Мұхтар Шаханов бастаған мемлекеттік комиссия өзінің тиісті бағасын берген еді. Бірақ, бұл әділ шешім аяқсыз қалды. Себебі, 1987 жылдың 1 шілдесінде КПСС Орталық Комитетінің «Қазақ республикалық партия ұйымының еңбекшілерге интернационалдық және патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысы туралы» қаулысы шықты. Сорақысы сол – бұл қаулыда желтоқсан оқиғасы «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» ретінде айыпталды. Рас, көп ұзамай КПСС Орталық Комитеті қаулыда берілген «қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деген сипаттаманың қателік екенін мойындап, одақтық «Правда» газетінде ресми мәлімдеме жасады. Әйтсе де, қазақ халқынан кешірім сұралмады. Әдеттегідей баспасөзде жіберілген қатеге байланысты кезекті түзету бергендей болды.

Міне, осы оқиғадан бері отыз бес жыл уақыт өтсе де, меніңше, оның жарасы әлі жазылған жоқ. Жасыратын несі бар, желтоқсан қозғалысы хақында республика деңгейінде арнайы қабылданған шешімдер жоқтың қасы. Бір қызығы, «Дат» пен «Жас Алаш» газеттерінен басқа баспасөз бұл тақырыпты көтермейді. Бәлкім, жоғарыдағы құрылтайшылары бұл әңгімеден аулақ болыңдар деген сыңай танытатын сияқты.

Ал, жазықсыздан тағдырдың тәлкегіне түсіп, оқудан шығарылып, істі болған өрімдей жас қыздар мен жігіттер қаншама?! Бүгінде олардың алды алпыс жасқа жетті. Біразы тіршілігінде ақталмай, өмірден өтті. Осындай жапа шегіп, Кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болған торғайлық Қуанышбек інімнің айтқан әңгімесін қысқаша баяндайын.

– Сол желтоқсан айының қаралы қара суық күндері есіме түссе, қазір де мазам кетіп, жайсыз күй кешемін. ҚазГУ-дің журфагында оқитынмын. «Менің Қазақстаным» әнін шырқап, орталық алаңда жиналған жастарға келіп қосылдық. Күн бата үкімет үйі жақтан қап-қара киінген, қолдарында қалқандары бар жігіттер шыға келді. Әлгілер алдыңғы шепте тұрған студенттерді соққыға жығып, өздерімен бірге алып кетіп жатты. Алаңның тосқауылында сап түзеп тұрған милиция киіміндегі қазақ жігіті: «Мына жерден шығып кет», – деді.

Бірақ, үлгермедім, соңымнан қуып келген екі солдат ұрып құлатты да, сүйрелеп автозекке әкеліп қамады. Содан соң сотталып, комсомол мүшелігінен, университеттен шығарылдым. Кейін әділдік іздеп, Алматыға барамын дегенімде әкем: «Сенің журналист болғаның емес, амандығың керек», – деп жібермеді. Бұл менің өмірімдегі әрі өкініш, әрі орындалмаған асқақ арманым еді, – деп ақынжанды азамат сәл мұңайды. Артынша желтоқсанға арнап жазған өлеңдерін оқыды.

Жалпы, бізде «Ауған соғысына қатысқандар», «Чернобыль апатынан құтқарушылар», «Семей атом сынағынан зардап шеккендер» деген атаулы мемлекеттік статус бар. Ал, желтоқсан қозғалысының құрбандары болғандарға, одан жапа шеккендерге неге тиісті көңіл бөлінбейді?! Бұл тәуелсіздіктің бастауы, ұлттық, одан мүдденің лықсып сыртқа шыққаны еді ғой.

Сөз жоқ, әлдебіреулер өткенді қозғап, еске салудың қажеті не деп уәж айтулары мүмкін. Өкінішке орай, жастардың көпшілігі желтоқсан жайлы толық білмейді. Негізі, Желтоқсан кездейсоқ жай оқиға емес, ол үлкен ерлікке тең, азаттық жолындағы алғашқы тарихи қадам дер едім. Шынында, бүгінгі Тәуелсіздік осы Желтоқсан көтерілісінен бастау алғаны анық.

Екінші ерекше айтайын дегенім, Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздік мерекесін бірге, бір күнде атап өту қисынсыз сияқты. Дәл осы 16-17 күндері Желтоқсан боздақтарын еске алып, орталық алаңда гүл шоқтарын қойып, олардың рухтарына тағзым етудің орнына думандатып той жасап, ән шырқап, бір-бірімізді құттықтау ерсі, жұмсартып айтсақ, ыңғайсыз емес пе?! Сондықтан, ел арасында бұл туралы да әртүрлі пікірлер бар. Дегенмен, тарихтың сабақтастығымен мемлекеттік тәуелсіздігіміз туралы құжат дәл осы 1991 жылдың 16 желтоқсанында қабылданды.

Тәуелсіздік – егемен елдің биік тұғыры. Сондықтан, оны әрдайым қастерлеп мәңгі сақтау басты міндет. Ал, сол азаттық жолындағы Желтоқсаншылардың ерлігін, Отанына деген шынайы сүйіспеншіліктерін ұмытпай, өскелең ұрпаққа өнеге ретінде айтып отыру бізге парыз демекпін.

Бименде ҚАЗАНҚАП,
зейнеткер.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар