Әр шаруашылық біздей болғысы келсе, бұған тек қуанамыз

Тәуелсіздік – қасиетті ұғым. Оның әкелген еркіндігі, ізгі әсері, игі ықпалы мол. Егемен елдің іргесін қалап, оны әлемдік дамудың жарқын жолына түсірудегі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін атап айтуға тиіспіз.

Бүгінгі таңда «Родина» агрофирмасы» көпке танылған, қол жеткен табыстары, нәтижелері мақтан етуге тұрарлық, тұрғындары – өнікті еңбектері, қызметтері мен тұрмыстарына дән риза болса, ол – тәуелсіздігіміздің арқасы. Тәуелсіздік біздің санамызға да үлкен серпіліс әкеліп, жаңаша ойлауға, үлкен істерге батыл кірісуге, таптаурын әдеттерден арылуға да септігін тигізді.Біз тәуелсіздік жауапкершілігін толық сезіне отырып, мемлекеттің ауыл шаруашылығын қолдауына сүйеніп, бір мақсатқа жұмыла еңбек етіп, ауылдық жерде де қолайлы да қызықты тұрмыс кешуге болатындығын дәлелдедік.

Біздің агрофирмамыз ең соңғы технологиямен жабдықталған көпсалалы ауыл шаруашылығы құрылымы. Өз өнімдерімізбен астанамыз Нұр-Сұлтан қаласының азық-түлік белдеуіне сүбелі үлес қосып келеміз. Шаруашылық жоғары сапалы өнім өндіру мен сақтауды жүйелі жолға қойған. Оның ішінде дән мен сапалы тұқым, сүт пен сүтті өңдеу, ет, жеміс түрлері бар. 760 адам жұмыс істейді. Олар қолайлы, қауіпсіз жерде, жақсы көңіл-күйде, алаңсыз еңбек етеді. «Сүйікті жұмысың болу, жұмысыңа қуана, сағына барудың мәні өмірде зор» деген қағида әбден дұрыс айтылған. Тұрғындар тұрмысқа қажетті нәрселердің бәрімен қамтамасыз етілген.

Ауылымызда тігін ательесі, шаштараз, сән салоны, мейрамхана, дәмхана, сауна, кір жуатын орынға дейін бар. Мәдениет сарайы, балабақша, спорт сарайы, тағы басқа әлеуметтік мекемелер қызмет істейді. Тоқтала кетсем, тек 2014-2016 жылдар аралығында ғана 260 миллион теңгеге 28 коттеджден тұратын «Жастар» шағын ауданы салынды.Мәдениет пен демалыс бағына 30 миллион, жастардың жазғы дәмханасына 3,5 миллион, хоккей кортына 38 миллион, бу қазандығы мен жылу желісіне 127 миллион, мектеп, мәдениет сарайын, дәрігерлік амбулаторияны жөндеуге 40 миллион, студенттерімізді оқытуға 12 миллион, әртүрлі қосалқы көмек, кісі жерлеу, емдеу, ардагерлерге қолғабыс сияқты көмектерге 20 миллион теңге қаражат бөлінді.

Мекенімізді абаттандыру, безендіру, ағаш егуге де қомақты қаражат жұмсалды. Мұның бәрі тұрғындардың денсаулығы, көңіл- күйі, алаңсыз, өнікті жұмыс жасауына оң әсер беретіні сөзсіз. Көз алдарында, өз қолдарымен жүзеге асырған дүниелерін жұрт қадірлейді. Ұжымда өзара сыйластық, жанашырлық, құрмет, сондай-ақ, бірлесе қол жеткізген табыстарымыз үшін мақтаныш сезімі де бар. Әр шаруашылық біздей болғысы келсе, бұған тек қуанамыз.

Еліміз тәуелсіздігінің 30 жылдығы аса маңызды мереке. Отыз жыл ішінде мемлекетіміз іргесін бекітіп, экономикасын нығайтып, әлем алдында өзінің бейбітшіл, берекелі ел екендігін танытып, қарыштап алға басып келеді.Халқымыз Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақсат еткен, нұсқаған межелерге жетуге жұмылған.

Өзара бірлігі жарасқан, көп ұлт өкілдерін бір шаңырақ астында біріктіре алған Қазақстанның болашақта бұдан да зор биіктерден көріне береріне әбден сенеміз. Барша қазақстандықтарды осынау мәртебелі мерекеміз, мерейлі мерейтойымызбен шын жүректен құттықтаймын!

Иван Сауэр,
«Родина» агрофирмасы» серіктестігінің басшысы, Қазақстанның Еңбек Ері.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар