Құлшынымыздың жемісі мол, жетістігі әр алуан

Еліміз тәуелсіздік алған отыз жыл ішіндегі Ақмола, Көкше өңірлерінің ілгерілеуі, дамуы серпінді болды. Алғашқы жылдардағы қаражат жетіспеуі, шет елдік компаниялармен байланыстың болмауы, жаңа технологияларды игеру, тиімділігі жоғары кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы құрылымдарын құру тәжірибелерінің жоқтығы біраз қиындықтар әкелгені сөзсіз.

Алайда, Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары белсенділігі, тәуекелі мен алғырлығы арқасында еліміз бұл кедергілерден тез өтіп, басқа салалардағы сияқты өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларында да жаңа бағыттағы жұмыстарын жедел игеріп әкетті.

Жалпы, Ақмола облысының жері құнарлы, астық өсіруге қолайлы болса, қойнауы да кенге толы құт мекен. Өңірде алтын, уран, боксит, сүрме, мыс, молибден, кобальт, коалин сазы, кварц құмы, түрлі құрылыс материалдары өндіріледі. Тәуелсіздік жылдары тұсау кескен «Көкшетау минералды сулары», «Алтынтау Көкшетау», «Қазақалтын», «ЕНКИ», «Новопэк», «КАИК», «Казрост Инженеринг», «Евразия Групп Казахстан», «Көкше-Цемент» сияқты кәсіпорындар өнімдері еліміз тұтынушыларына кеңінен танымал. Олар уақыт талабына сай құрал-жабдық, технологияларын жаңғыртып, үнемі жетілдіру үстінде. Облыстың өнеркәсібі негізінен өндіру және өңдеу салаларынан тұратындықтан, үнемі осы саланың үздік жетістіктері сарапталып, озық әдістері іске пайдаланылып отырылады.

Өңірде құрылыс саласы аса қарқынды жүруде. Оған облыс орталығы Көкшетау қаласындағы қолайлы, көк тіреген көп қабатты тұрғын үйлер, «Сарыарқа» шағын ауданы, жаңа қалалық емхана, онкология ауруханасы, «Бурабай» қысқы спорт сарайы, «Bolashaq» сарайы, «Зерек» сияқты балабақшалар, Назарбаев зияткерлік мектебі, «Рио», «Кристал», «Смол» тәрізді сәнді сауда үйлері, мектептерге қосымша салынған ғимараттар дәлел. Қопа көлін жағалай айналма жол салу, абаттандыру, жағажайлар ашу одан әрі жалғасуда. 630 орындық аурухана салынбақ. Жалпы, 1991 жылдан 2020 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 миллион теңгеден 1 триллион теңгеге дейін өсті.

Сол сияқты біздің өңір ірі астық өндірушілер сапында. 12501,1 мың гектар ауыл шарушылығы жері болса, оның 4806,1 мың гектары егістік жер. Ал, 287,8 мың гектар жеріміз шабындық, 72, 2 гектары жайлым. Егін егуге 16,1 мың тұқым себу агрегаттары, 1222 жоғары өніктілікті егін егу кешендері қолданылады. Өткен қуаңшылық қысқан жаздың өзінде егіннің әр гектарынан 8,8 центнер сапалы дән жиналды. «Nur Otan» партиясының 2019 жылдың 27 ақпанында өткен 18-ші съезінде Елбасы тапсырмасымен жүзеге асқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша ауылдық жерлерге жол салу, таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында да айтарлықтай жұмыстар атқарылды.

Аталмыш бастамамен 67 мың тұрғыны бар 27 елді мекен қамтылса, ол жерлерде 8, 5 миллиард теңгеге 77 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде Атбасар ауданындағы Бастау ауылында Жастар орталығын салу, Жақсы ауданының Жақсы ауылында, Целиноград ауданының Ақмол ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешендерін салу, Бурабай ауданының Мәдениет ауылында спорт кешенін салу;

Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы стадионды, Зеренді ауданындағы Алексеевка кентіндегі су желісін қалпына келтіру сияқты жұмыстар бар. Жақсы ауылы мен Жақсы ауданындағы Запорожье ауылындағы, Атбасардағы Полтавка ауылындағы, Шортанды ауданындағы Новоселевка ауылындағы мектептер, Жақсыдағы Оқушылар үйі мен екі Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткізілмек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейтуге және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту» деген болатын. Біздің облысымыз ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп салаларындағы серпінді іс-қимылымен еліміздің осы құлшынысына сүбелі үлес қосары сөзсіз.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретте: Көкшетау қаласында жанадан салынған «Bolashaq» сарайы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар