Әлем біріншілігіндегі жеңісімді тәуелсіз еліме арнадым

Тарихтың тереңіне үңілер болсақ, әрбір тас бетінде қашалған таңбалардың өзінен ата-бабаларымыздың тәуелсіздікті аңсағаны байқалады. Олардың бастан кешкен шайқастары, аштық, соғыстарда төгілген қан мен көз жастары тәуелсіздік ұғымының керемет екенін еріксіз сездіреді.

Ер жүрек батыр аталарымызбен қатар ақ жаулықты аналарымыз да қолға қару алып, атқа қонды. Біреудің көлеңкесінде жүруді ар санады. «Алаш» деп ұрандатқан ата-бабаларымыз азат ел болуды армандады. Соны мақсат тұтты. Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды бабаларымыз халықты Алаш туы астында ел болуға, мемлекет құруға шақырды.

Кеңес дəуірі кезінде Қазақстанда алапат ашаршылықтар болып, халқымызды жер бетінен біржолата құртып жібере жаздады. Бір уыс нан да таба алмай аштан бұралып өлген халқымыз күндердің күнінде азат ел боларымызды сезбестен кеткен болар…

Бүгінде Ұлы дала ұлтының биік арманы орындалды. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қара шаңырақты шайқалтпай, болашаққа бағыттап, тәуелсіздік тұғырын нық ұстап келді.Азаттықтың арқасында алпауыт мемлекеттермен иық тіресіп, жер шарына «Қазақстан» деген атаумен танылдық. Ұлан-ғайыр жеріміз әлем картасынан 9-шы орынға ілігіп, кім-кімді болса да таң қалдырды.

Еліміз егемендік алғалы спортшыларымыз да қай бесекеде болсын, жеңіс төрінен көрініп келеді. Әлемдік ареналарда жергілікті спортшыларымыздың жеңіп алған жүлделері өте көп. Әр спортшымыз ірі додаларда топ жарған кезде баладай қуанатынымыз жасырын емес. Еліміздің жалынды жастары бастарын бәйгеге тігіп, Тәуелсіз елдің жарқын істерін жалғастырып келеді. Әлемдік додаларда жүлдемен оралу оңай шаруа емес. Соған қарамастан, спорт саласында Қазақстанның шаңына ілесе алмай жүрген елдер әлі де бар.

Спорт саласындағы ең биік шың ол – Олимпиада ойындары деп айтар едім. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі осы бір дүбірлі додаға әр төрт жыл сайын жеті мәрте қатысып үлгерген спортшыларымыз Қазақстанның туын көкке көтерді. Ең ірі әлемдік додаларда жүлде салған боксшыларымыздың қатарында Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Ермахан Ибраимов, Болат Ниязымбетов, Бекзат Саттарханов, Бақыт Сәрсекпаев, Серік Сәпиевтерді ерекше атап өткім келеді.

Бокс саласындағы тағы бір жетістігіміз ретінде атақты «Astana Arlans» бокс клубын мысалға келтіруге болады. Спортшыларымыз бұл бүкіл әлемдік бокс сериясының оннан астам маусымына қатысып, барлығынан жүлделі орындарға ие болды. Бұл өз кезегінде қазақ боксының дамуына қосылған үлкен үлес дер едім. Мінекей, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы жетістіктеріміз ауыз толтырып айтарлық. Ол туралы том-том кітап жазып шықсаң да аз болатын секілді. Сондықтан, ең бастыларын еске ала отырып, бұл жетістіктеріміздің қатары алдағы уақытта да толыға беретініне сенімдімін.

Өз басым биыл Белградта өткен бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанып, осы жеңісімді еліме, Отаныма, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнадым. Осы мереке баршамызға құтты болсын! Әр ұлт, әр халық, үшін егемендіктен асқан байлық жоқ. Өркениет көшіне ілескен халқыма тек гүлдену мен көркеюді тілеймін. Әр отбасы салауатты өмір салтын ұстанып, әрқайсысында спортпен айналысатын ұландар көбейе берсін. Ұлт намысын, тәуелсіз ел спортының туын жоғары ұстайық!

Теміртас Жүсіпов,
бокстан әлем чемпионы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар