Үздіктер марапатталды

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев бір топ ақмолалықтарға мемлекеттік наградалар тапсырды және «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары мен «Құлагер» шығармашылық конкурсының жеңімпаздарын марапаттады.

– Сіздерді егемен еліміздің жарқын мерекесі – тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Тарихы бай, тамыры терең қазақ елі үшін тәуелсіздіктен асқан қастерлі құндылық жоқ. Тәуелсіздік Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи тұлғасымен тығыз байланысты.

Алдағы төртінші онжылдықта бізді бұдан да биік белестер күтіп тұр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолда-уында өркендеудің осы жаңа кезеңіне баса мән бергенін білесіздер, – дей келіп, өңір басшысы таяуда Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің Ақмола облысының Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген жетістіктеріне оң баға бергенін атап өтті.

Бұдан әрі Ермек Маржықпаев облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлестері үшін Президент Жарлығымен бір топ ақмолалықтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалі Ақмола облысы әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысовқа, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұлұлына, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиевке, қоғам қайраткері, «Бұқпа!» газетінің директоры Қайыргелді Әкімбековке (суретте), Аршалы ауданындағы «Агрофирма Поиск» серіктестігінің бас директоры Александр Гусевке, «Қоғамдық келісім» мемлекетттік мекемесінің директоры Ермек Нұғымановқа, Ақмола облысындағы «Аналар кеңесінің» төрайымы Күләш Рахымжановаға, Ж.Мусин атындағы жоғары Көкшетау қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахатқа, Ақмола облысы әкімінің аппарат жетекшісінің орынбасары Венера Талғатқызына және тағы басқаларына табыс етілді.

«Халық алғысы» медалімен Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің командирі Азамат Смағұлов, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасы онкологиялық қызметінің хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрбол Ахметов, Ақмола облыстық «Біз біргеміз» қайырымдылық қорының жетекшісі Қалымтай Шериязданов және тағы басқалары марапатталды.

Сондай-ақ, бірқатар ақмолалықтар Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатына, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына, облыс әкімінің Алғыс хатына және «Қазақстан мәслихаттарының құрметті депутаты» атағына, «Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне 100 жыл» төсбелгісіне ие болды. «Жыл меценаты», «Туған өлке», «Жылдың үздік қамқоршысы», «Жыл тұлғасы» аталымдары бойынша үздіктер анықталды. Ал, «Құлагер» шығармашылық байқауында «Үздік проза» атылымында – «Егемен Қазақстан» газетінің Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі, журналист-жазушы Байқал Байәділов бас жүлдеге ие болып, 500 мың теңгенің сертификатымен марапатталса, «Үздік поэтикалық шығарма» аталымында бас жүлдені иеленген белгілі ақын Алмас Темірбайға да 500 мың теңгенің сертификаты табыс етілді.

Сонымен қатар, «Үздік телесюжет» аталымында «Қазақстан-Көкшетау» телеарнасының журналисі Абзал Азаматұлы 300 мың теңгенің сертификатымен, марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар