Ақмола облысы – «жасыл» аймақта

Коронавирус індетінің таралуына қатысты өңірдің эпидемиологиялық жағдайы біршама тұрақталды. Бұл жайында өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина хабарлап, Ақмола облысы «жасыл» аймаққа өткенін айтты.

Десе де, әлеуметтік-экономикалық саладағы нысандардың қызметіндегі карантиндік шектеу шаралары «жасыл» аймаққа өткеннен соң 7 күннен кейін ғана жұмсартылмақ.

–Осы жылдың 20 желтоқсанындағы жағдай бойынша облысымыздың 50 мыңға жуық тұрғыны коронавирус індетін жұқырғаны расталды. Соның, 43544-і ересек адамдар болса, қалғаны 14 жасқа дейінгі балалар. Індетті жұқтырған азаматтардың басым көпшілігі жазылды. Тек 888-іне әлі күнге дейін ем-дом шаралары жүргізіліп жатыр, – деді Айнагүл Советқызы. Облыстың «жасыл» аймаққа өтуіне қарамастан, кей аудандар «қызыл» аймақта қалғанын атап өту қажет. 19 ауданның 8-і, яғни, Ақкөл, Егіндікөл, Бұланды, Біржан сал, Шортанды, Есіл, Сандықтау аудандары мен Степногорск қаласы «қызыл» аймақта. Оның себебін, өңірдің бас санитарлық дәрігері былай деп түсіндірді.

–Бұл аудандарда жүргізілген бақылау жұмыстарының нәтижесінде соңғы 2 аптада коронавирус індетін жұқтырушылардың қатары көбейгені байқалды. Науқастардың саны 1 адамға көбейсе де, біз ол ауданды «қызыл» аймаққа өткіземіз, – деді өңірдің бас санитарлық дәрігері. Бүгінде өңір стационарларында 300-ден астам науқас ем алуда. 36 тұрғын жан сақтау бөліміне жатқызылған. Солардың ішінде, 3-інің жағдайы аса ауыр екен. Өлім мен өмірдің ортасында жатқан жандардың барлығы коронавирус індетіне қарсы екпені мүлдем салдырмағаны мәлім болды.

Жаңа оқу жылы басталғалы COVID-19 індетін бір мыңнан астам оқушы жұқтырып үлгеріпті. Соның салдарынан, 31 мектепте 47 сынып карантинге жабылып, қашықтықтан оқыту жүйесіне көшірілген.

– Қазақстан бойынша 12 жастан жоғары жеткіншектерге, жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға 15 қарашадан бастап Комирнати екпесі салына бастады. Нәтижесінде күні бүгінге дейін аталмыш топқа жататын адамдардың 3 мыңға жуығы екпе салдырды. Солардың 69-ы жүкті әйелдер болса, 693-і бала емізетін аналар. Ал, қалған бөлігін 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрайды.

Бұдан басқа ағымдағы жылдың 20 қарашасынан бастап халықты жаппай ревакциналау қолға алынды. Содан бері өзінің иммундық жүйесін нығайту, індеттен сақтану үшін 9706 адам ерікті түрде ревакциналаудан өткен.

Ақмола облысы бойынша індеттің алдын алу шараларын жүргізу үшін 207 бақылау тобы құрылды. Бақылау тобының мүшелері жыл басынан бері карантин талаптарын сақтауға қатысты 30 мыңнан астам нысанды тексерді. Соның 689-ында бұл талаптардың бұзылғаны анықталып, құны 94,6 миллион теңге болатын 725 әкімшіліктік айыппұл салынды. «ASHYQ» пилоттық жобасына өңір нысандарының 5 мыңға жуығы енгізіліпті.

Олардың барлығына ресми түрде QR-кодтар берілген. Осы қосымша арқылы «сары» және «қызыл» статусы бар 2 мыңнан астам адам карантин талабын сақтамағаны анықталды. Аталмыш азаматтарға бағыт алған мекемелері мен кәсіпорындарына кіруге рұқсат берілмеді. Тиісінше оларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, үй карантинінде болуға кеңес берілді.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек Мағзұмов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар