Биыл елімізде ЭКО арқылы 25 мыңыншы сәби дүниеге келді

Балалы бола алмау – өте нәзік, азабы көп күрделі тақырып. Бұл қолыңды шығарып алу, суық тию, остеохондроз емес,– бұл, әдетте, бала көтере алмай жүрген келіншектердің көз жасы, психологиялық күйзелісі, достарымен және туыстарымен бұл мәселемен бөлісе алмауы, адамды іштен жейтін өкініш пен мұң. «Неге сәби көтере алмаймын?», «Менің басқалардан қай жерім кем?», «Неге мен?» – деген сауалдар арқылы әйел өзін «қара құрдымға» айдап сала алады. Жыл өткен сайын бедеулік денсаулық саласының күрделі мәселесіне айналып барады. Статистикаға сәйкес, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы осы проблемамен өмір сүріп келеді екен.

Бүгінгі таңда экстрокарпоралды ұрықтандыру немесе денеден тыс ұрықтандыру – бұл бедеулікке тап болған кез келген жұпқа қолжетімді, репродуктологтар үшін әдеттегі процедура. Осыған қарамастан, денеден тыс ұрықтандыру айналасында әлі де көптеген аңыз, қорқыныштар мен қайшылықтар бар. Экстрокарпоралды ұрықтандырудың өткені мен бүгіні, оның мүмкіндіктері, генетиканың мәселелері туралы «Экомед» клиникалар желісінің медициналық директоры, дәрігер-репродуктолог, андролог және «Қазақстанның 100 жаңа тұлғасы» жобасының жеңімпазы Алмаз Ибрагимовпен әңгімелескен едік.

–Алмаз Құрманәліұлы, алдымен өзіңіз, қызметіңіз жайында айтып кетсеңіз? Сіз қалай және неліктен дәрігер-репродуктолог боламын деп шештіңіз?

–Мен Өзбекстанның Сырдария деген қазақ ауылында, көпбалалы отбасында дүниеге келдім. 1995 жылы Қазақстанға қоныс аудардық. Әкеміз дүниеден ерте, 35 жасында көз жұмды. Мен ол кезде  9 жасар баламын. Отбасымыздың екінші перзентімін. Алдымда менен бір жас үлкен ағам, екі қарындасым, інім бар. Бізді асырау үшін мектепте математика пәнінен сабақ беретін анамыз екі ауысымда жұмыс істеп, жиі ауырып, сырқаттанып қалатындығын көргендіктен, жас кезімде осы анам үшін дәрігер боламын деп шештім. Мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды медициналық академиясына оқуға түстім, арманымның орындалуына жол ашылды. Әрине, көптеген ер балалар сияқты хирург, нейрохирург немесе кардиохирург боламын деп жүретінмін. Жатақханаларда орын жете бермегендіктен, төртінші курстан бастап бір туысқан ағамызбен бірге арзандау пәтер жалдап тұратын болдық.

Ол ағамыздың үйленгеніне 7 жылдан асқан, бірақ, ол кезде жаспын ғой, неге перзенттері жоқ деген сұрақ туындамайтын. Кейін бірге тұрып, араласа келе, перзенттің болмауы ол кісілер үшін өте қиын әрі күрделі мәселе екенін, кейде соның салдарынан үйде жанжалдың да болып тұратынын, ол кісілердің өзімен қатар балалары бар басқа жанұялармен араласқысы келмейтінін, перзентінің болмағанына байланысты қысылатынын күнде көріп жүрдім. Өздері де дәрігерлерге көп барып, қаралып, көптеген дәрілер қабылдап, айлап емделіп, ол көмектеспегендіктен көңілдері түсіп жүргендерін де көретінмін. Оларға шын ниетпен көмектескім келді. Күнде интернетке кіріп, бедеулік деген не, оның түрлері мен емделу жолдары туралы мәлімет іздей бастадым.

Бұл оқиға бедеулік мәселесін зерттеуіме, осы салаға келуіме түрткі болды. Медакадемияны үздік бітіргеннен кейін еліміздің «Болашақ» бағдарламасы бойынша бірінші Мәскеу медициналық академиясының клиникалық ординатурасына оқуға түсіп, онда екі жарым жылдай оқып, білімімді жетілдірдім. Кейін Қазақстанға оралып, елімізде алғаш ашылған «Экомед» бедеулікті емдеумен айналысатын арнайы клиникаға жұмысқа қабылдандым. Еуропада, АҚШ-та білімімді жетілдірдім. Бүгінде дәрігер-репродуктологпын. Әлгі жас отбасының тарихына қайта ойыссам. Бірнеше жыл өткеннен кейін оларды Қарағанды қаласында бір тойда кездестірдім. Арада 11-12 жыл өтсе де, балалары жоқ екен.

Олар менің мамандандырылған емханада жұмыс істейтінімді, «Болашақ» бағдарламасы бойынша осындай білім алғанымды білетін. Шын жүректен бала сүйгісі келетін, бірақ, жастары қырыққа келіп қалғандықтан денеден тыс ұрықтандыру жасауға жүрексініп жүрді. Менің де күмәнім болды, адамдарға үміт беріп, кейін нәтиже болмаса ше? Шынымды айтсам, ол кезде тәжірибем де аз еді.

Бірақ, не болса да, бұл адамдарды Астанаға шақырдым. Аллаға шүкір денеден тыс ұрықтандыру процедурасы сәтті өтті. Қазір олардың 7 жасар қызы бар, бақыттарында шек жоқ. Мен бұл адамдарға қарап, олардың өмірінің қалай өзгергенін, қаншалықты бақытты болғанын көріп жүрмін. Сондай сәттерде хирург болмай қалғаным қандай жақсы болды деп қоямын. Адамдарға нағыз бақыт, ана болу бақытын сыйлайтын мамандық иесі болып жүргенімді мақтан тұтамын.

–1978 жылғы 25 шілде күні денеден тыс ұрықтандыру (ЭКО) арқылы әлемдегі тұңғыш бала – британдық Луиза Браун дүниеге келген болатын. Ал, бізде Қазақстанда эко арқылы дүниеге келген сәби туралы айта аласыз ба? Жалпы елімізде неше бала эко арқылы осы дүние есігін ашты?

– Елімізде алғашқы болып бедеулікті емдейтін «Экомед» орталығының негізі Алматы қаласында 1995 жылы қаланғанын білесіздер. Кейін елорда Астанаға ауысқаннан кейін 2008 жылы бас шаһарда осы емхананың бөлімшесі ашылды. Орталық жетекшісі танымал эмбриолог, биология ғылымдарының докторы Салтанат Берденқызы Байқошқарова. 1996 жылы 31 шілде күні ең алғашқы денеден тыс ұрықтандыру әдісімен дүниеге қазақстандық сәби – қыз бала дүниеге келді. Қазіргі кезде ол шет елде, Лондон қаласында оқуын бітіріп, қызмет атқарып жүр.

Ол қызымыз БАҚ қудалауына қаламын ба деп қорыққан шығар, өзін жария етіп, сұхбат беріп, журналистермен тығыз қарым-қатынас жасаған емес. Әркімнің өз заңды құқығы деп есептейміз мұны. Биыл Алматы қаласында өткен қазақстандық репродуктивтік медицина қауымдастығының конгресінде біз денеден тыс ұрықтандыру әдісімен отанымызда 25 мыңыншы баланың дүниеге келуін атап өттік. Қазіргі кезде бұл әдістің көмегімен дүниеге келіп жатқан балалардың саны күннен күнге артуда. Біздің орталығымызда күніне екі-үш бала дүниеге келеді. Бұл өте үлкен жетістік.

–Экстракорпоралды ұрықтандыру тәсілінің бүгінгі жетістіктері жөнінде не айтар едіңіз? Қазақстанда репродуктивті медицина қаншалықты дамыған және біздің клиникалар қаншалықты бәсекеге қабілетті?

– Дүниежүзінде біздің елімізде болсын, репродуктивтік сала медицинаның ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі. Қазіргі кезде денеден тыс ұрықтандыру әдісі бедеулікті емдеудің ең нәтижелі әдісі. 20 жастағы әйелдің бір етеккір циклында бала көтеру мүмкіндігі – 15-20 пайыз, 30 жаста – 10 пайыз, 40 жаста – 5 пайыз. Ал, экстракорпоралды ұрықтандыру әдісінің нәтижелілігі бұдан бірнеше есе жоғары.

Осыдан 20-25 жылдай бұрын жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтеру көрсеткіші бір жасағанда 10-15 пайыз болды. Ал, қазір 40, ал қосымша күрделі технологияларды пайдаланғанда 60 пайызға дейін жетті. Яғни, денеден тыс ұрықтандыру жасаған 10 әйелдің төрт-бесеуінде эмбрион жетіледі деген сөз. Дүниежүзіндегі адам ұрпағын өрбіту саласында қолданылатын қазіргі заманға сай небір технологиялар шықты. Жыл сайын әлемнің ең мықты мамандары жиналып, осы саланы әрі қарай дамытудың жай-күйін талқылайды.

Соның арқасында талай жетістікке жеттік. Мысалы, бұрын аналық ұрықтың, эмбриондардың криоконсервациясын жасау, яғни, қатырып қоюдың нәтижелі тәсілі жоқ болатын. Ал, қазіргі таңда эмбриондарды, аналық ұрықтарды, аталық ұрықтарды қатырып сақтап қою, эмбриондарға генетикалық диагностика жасап, арасынан дені сау баланың тууына көбірек үміт беретін эмбриондарды іріктеп алу және технологиялық жағынан сапалы эмбриондарды өсіруге арналған техникалық мүмкіндіктер елімізде бар. Бұның барлығы үлкен жетістік деп айтуға болады.

–Жуырда Америкаға тәжірибе алмасуға бардыңыз. Сол жайында тарқатып айтып берсеңіз. Жалпы іссапарға жиі шығып тұрасыз ба?

–Америка Құрама Штаттарында америкалық репродуктивтік медицина қауымдастығының жыл сайынғы үлкен конгресі өтті. Бұл конгресте осы салада болып жатқан жаңа емдік әдістермен таныстық, пікір алмастық. Өзіміз үшін, халқымыз үшін пайдалы жаңалықтарды елімізге алып келдік. Әсіресе, ер адамдардың бедеулігінің ауыр түрлері бағытындағы, эмбриондарды генетикалық зерттеу және сапалы эмбриондарды сол арқылы іріктеп алу бағытындағы жұмыстар қызығушылық тудырды.

–Денеден тыс ұрықтандыру – дүниежүзінде қымбат тұратын технология екені белгілі. Ал, елімізде бұл әдіске жүгінгісі келетіндердің қалтасында қанша қаржы болуы керек? Оны тегін жасаудың бағдарламалары жайлы айтып кетсеңіз? Осыған қалай және қашан қатысуға болады?

–Денеден тыс ұрықтандыру әдісінің құны біздің елімізде орташа есеппен алғанда 900 000 теңгеден 1 500 000 миллион теңгеге дейінгі қаржыны қамтиды. Оның жартысынан көбін көбінесе аналық бездерді ынталандыруға арналған дәрілік заттар құрайды. Айына әйел адамда бір ғана аналық ұрық пісіп жетіледі, бағдарламаның нәтижелілігін арттыру үшін бірнеше аналық ұрықтың пісіп-жетілуін ынталандыру мақсатында дәрілік заттар пайдаланылады. Егер эмбриондарға қосымша генетикалық талдау жүргізілетін болса әрине, бұл әдістің құны арта түседі.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауына сай, 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасы жарияланды және денеден тыс ұрықтандыру әдісіне квоталардың саны 7 есеге, яғни, 7000 квотаға көбейтілді. Бірнеше жылдан бері қол жеткізе алмай қиналып жүрген адамдардың көбі биыл осы квота бойынша денеден тыс ұрықтандыру жасап, қазіргі кезде жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жатыр. Бұл бағдарлама келесі жылдары да жалғасын табады.

Бағдарламаға қатысып, квота алу үшін бірінші кезекте жергілікті емханаға барып, акушер-гинеколог, адролог, уролог дәрігерлеріне қаралып, зерттеулерден өту керек. Егер бедеулік анықталып, денеден тыс ұрықтандыру жасау қажет болса, онда ерлі-зайыпты жергілікті отбасыны жоспарлау орталықтарына тіркелуі керек. Әрі қарай кезегі келген кезде денеден тыс ұрықтандыруды өткізетін орталықтарға жолдама берілетін болады. Ақмола облысында статистикалық мәліметтерге сәйкес 697 келіншек, 59 ер адам бедеулік диагнозымен диспансерлік есепте тұр. 2021 жылғы 15 қарашаға дейін «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 238 денеден тыс ұрықтандыру жасалды, 83 келіншек аңсаған жүктілігіне қол жеткізді.

–Эмбрионның әрі қарай дамып, жетіліп кететініне кепілдік бар ма?

–Бізден үміттеніп келетіндердің көбі осы сұрақты қояды. Кейбіреулер тіпті баланы ақшаға сатып алатын заттай көреді. Дүниежүзінде ешкім де денеден тыс ұрықтандыру арқылы бірден бала болады деген кепілдік бермейді. Табиғат бермегенге біз қалай 100 пайыз кепілдік береміз? Оның үстіне әйелдің де, еркектің де ұрығының бәрі бірдей жарамды бола бермейді. Эмбрионды 3-5 күн ішінде лабораториялық жағдайда өсіріп, дамып жатқан эмбрионды жатырға әрі қарай дамып кету мүмкіндігі бар деген үмітпен саламыз. Ол дамуы мүмкін немесе бірнеше күн дамып тоқтап қалуы мүмкін, бұл табиғи процесс. Сондықтан, бұған кепілдік беру өте қиын. Бізге үміт артып келгеннен кейін төзімділік танытып, жақсылықтан күдер үзбеу керек деп ойлаймын.

–Статистикаға жүгінсек, бүгінде жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы бедеуліктен зардап шегіп жүр. Жыл өткен сайын бедеулік пен белсіздік мәселесі тіптен ушығып барады деп мамандар дабыл қағуда. Жалпы ерлі-зайыптылардың бала сүю қабілетінің болмауының басты себептері неде?

–Бұл дүние жүзінде өзекті болып отырған мәселе. Ең жиі кездесетін себептер – жыныстық жолмен таралатын аурулар, содан болатын қабыну процестері. Екіншіден, эндокринологиялық, гормондық бұзылулар. Әйелдерде овуляцияның болмауы немесе аналық без қызметінің, ер адамдардың шәуеті сапасының төмен болуы. Сонымен бірге, кең таралып отырған эндометриоз ауруының үлесі үлкен. Әйелдер бедеулігінің 20 пайызы осы сырқатқа байланысты. Жасанды түсік оталары да бедеулікке әкеп соғуы мүмкін. Бұған адамның өмір сүру салтының өзгеруі, стрестік жағдайлар, экологияның әсері, кеш тұрмыс құру, бей-берекет жыныстық қатынастарға бару, осының барлығы әсер етеді. Өмір сүру салтының өзгеруі дегенде дұрыс тамақтанбау, қозғалыссыз жұмыс, физикалық еңбектің аздығы сияқты себептерді айтып кетуге болады.

–Сіз есте сақтап қалған ерекше жүктілік қандай?

–Әрине, біздің жұмысымызда есте қаларлық жайттар өте көп. Соның бір-екеуін айта кетейін. Шет елдерде, біздің елімізде де бірнеше денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасынан өтіп, жолы болмай жүрген бір келіншек алғаш қабылдауыма келді. УЗИ кезінде әдемі жетіліп тұрған бір фоликулды көрдім, сол күні гормондарын алып тексердік те аналық ұрық алу мүмкіндігі бар екеніне көз жеткіздік. Мен өз жағымнан ұсыныс жасадым, ол кісі бірден жасап көрейік деді.

Сол күні біз аналық ұрықты алып, жолдасын шақыртып ұрықтандырып, үш күннен кейін эмбрионды жатырына салып бердік. Он төрт күннен кейін жүктілікті көрсететін хгч анализі оң болып шықты. Бұл жұп біздің орталығымызға екі-ақ рет келді. Менің ойымша бұл бір есте қаларлық жағдайлардың бірі. Одан кейін тағы бір отбасы бір рет жасаған денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасынан төрт перзент көрді.

Біріншісінде екі қыз бала, яғни, егіздер дүниеге келді, одан кейін қалған қатырылған 8 эмбрионы болды, екі жылдан кейін егіздерін кесір тілігімен босанғандықтан, бір эмбрион салдық, тағы бір перзент дүниеге келді. Сосын араға тағы бір жарым-екі жыл салып, сақталып қойған қатырылған эмбрионды салдырып, ұлды болды. Сөйтіп, бір рет жасалған денеден тыс ұрықтандыру бағдарламасынан, бір күнде жаратылған эмбриондардан, әр кезде 4 перзент дүниеге келді. Менің ойымша бұл ғылымның үлкен бір жетістігі деп есептеймін.

–Репродуктолог адам жанын күні бұрын түсініп тұратын психолог болуы керек шығар. Үмітін жоғалтып алған жұптарға әдетте не айтасыз?

–Дұрыс айтасыз, кез-келген дәрігер психолог болуы керек. Себебі, мұндай отбасыларға көбінесе қолдау керек. Әрине, біз өзіміздің жұмысымызда отбасымен бір команда ретінде жұмысымыздың оң нәтижесі үшін бірге күресуіміз қажет. Өзіміздің осы мәселені шешуге мүдделілігіміз жоғары екендігін білдіруіміз керек. Ал, көптеген отбасыларына айтарым, егер бір рет бағдарлама сәтсіз болып шықса, оған мойымау керек, себебі, нәтиже 40 пайыз жағдайда ғана бірінші бағдарламадан болуы мүмкін. Қалғаны әрине, күресті талап етеді.

Бұл әдіс бір рет жасап көремін, сынап көремін, болса болды, болмаса болмады деп тастап кететін шаруа емес. Бұл – емдік әдіс. Сондықтан, бұны емдік әдіс ретінде қарап, дәрігерлермен бірге қосыла күресу керек, тағы да бір айта кететін мәселе, әр жағдайдың қиындық дәрежесі әртүрлі. Ертерек дәрігерге қаралып, дер кезінде ем қабылдап, бірге жүріп, бір-біріне қолдау көрсетіп күрескен ерлі-зайыптылар әрине, әрқашан нәтижеге жетеді. Біз де дәрігер ретінде барлық емделушілердің жолы болса екен деп армандаймыз. Осы тұрғыда дәрігер жағынан психологиялық қолдаудың маңызы зор деп есептеймін.

–Репродуктология мен эмбриология саласының білгір маманы ретінде жұртшылыққа тағы қандай ақыл-кеңес берер едіңіз?

– Менің айтарым, қыздар, жас кездеріңде отбасын құрып, сәби сүйіңдер. Өйткені, уақыт зымырап өте шығады. Адамның ұрығы шектеулі. Жас ұлғайған сайын ұрық та азаяды. Әйел адам тұрмысқа шыққаннан кейін 1-1,5 жыл ішінде бала көтермесе, онда уақытты өткізбей, репродуктолог-дәрігерге көрінуі керек. Қазіргі әйелдер – жұмысбасты. Мансап қуып жүріп, ана болу бақытын кейінге шегере береді. Ертеде Кембридж университетінің бір профессоры «Кейінгі кезде әйелдердің бедеулігі жиіледі. Себебі, қан айналымы жатырға емес, миға кетіп жатыр» деген еді. Сондықтан, кез-келген әйелдің ең бірінші міндеті – ана болу екендігін естен шығармаған, бақыттың төресі де, киесі де бала сүю екенін ұмытпаған жөн.

–Мағыналы әңгімеңіз үшін көптен-көп рахмет.

Әңгімелескен Салтанат ҚАЛҚАМАНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар