Аманкелді Жұмабек 1946 жылы 28 желтоқсанда Ақмола облысы Ерейментау ауданының Жаңажол ауылында туған. 1965 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін алғашқы еңбек жолын аудандық «Прогресс» («Ереймен») газетінде әдеби аудармашы болып бастаған. Новосибирск теміржол институтында оқыған. 1968-1972 жылдары Ерейментау локомотив депосында техникалық бөлімнің инженері, 1972-1977 жылдары аудандық «Прогресс» газетінде жауапты хатшы, редактордың орынбасары болып қызмет атқарған. 1977 жылы «Тың теміржолы»-«Целинная магистраль» газетіне ұйымдастырушы редактор қызметіне шақырылып, 1985 жылдың 4 сәуіріне дейін осы басылымда еңбек еткен. Одан әрі Ақмола облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетіне жауапты хатшының орынбасары қызметіне тағайындалып, 2010 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін осы газетте ауыл шаруашылығы бөлімінің аға тілшісі, экономика және ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді. Сексенінші жылдары жұмысынан қол үзбей жүріп С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді.
Аманкелді Жұмабек жастайынан әдебиетке құштар болып, осы жасында көптеген өлеңдер жазды. Ол шығармалары әр жылдары
қаламынан туған публицистикалық мақалалары, очерктері мен фельетондары, сатиралық шығармаларымен бірге облыстық, республикалық басылым беттерінде, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Көкшетау», «Әлем әдебиеті» журналдарында жарық көрген. Сондай-ақ, туған еліне айтулы еңбек сіңірген тұлғалы азаматтар жайлы қалам тербеген оның «Айтмұхамбет», «Генерал Мұқышев», «Өз сырымды өзім айтам», «Ата тектен өзіме дейін» және тағы басқа портреттік сипаттағы кітаптары да кезінде оқырмандардың жақсы бағасын алды.
Бүгінгі таңда Аманкелді Жұмабек әдебиетсүйер қауымға тәжірибелі аудармашы ретінде де танымал. Ол қазақша сөйлеткен ауыл шаруашылығы саласының білгір ұйымдастырушысы, академик Ғалым Құдайбергеновтің «Монголия глазами «кочевника» («Таныс та бейтаныс Монғолия»), «Знамении времени» — («Замана белестері»), «Его величество случай» — («Өз уақытының тұлғалары»), академик әрі қаламгер Бақытқожа Рүстемовтің Куба революциясының 50 жылдығына арналған үш томдық «Боротся и побеждать» («Күрес пен жеңіс»), 1968 жылы Американ басқыншыларына қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан Вьетнам халқының қаһарман қызы Данг Тхюи Чамның «Соғыстағы дәрігердің күнделігі» кітаптары, сондай-ақ, түркі халқының ұлы перзенті, әлемдік әдебиеттің көрнекті өкілі Назым Хикметтің, Куба халқының күрескер рухты перзенті, ақын Хосе Мартидің өлеңдері тілінің жатықтығымен және көркем сипатымен ерекшеленеді.
Қарымды қалам иесі жасының ұлғайғанына қарамастан, бүгінгі таңда да әдеби шығармашылықпен және аударма жұмысымен белсене айналысуда. Ол сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесі төралқасының және медиа тобының мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстан да қалмай, көпшілік құрметіне бөленумен келеді. Біз, «Арқа ажары» газетінің қызметкерлері кезінде осы газет қабырғасында бірге еңбек еткен қадірлі әріптесіміз Аманкелді Жұмабекті 75 жасқа толған мерейтойымен және Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медаліне ие болған қуанышымен шын жүректен құттықтай отырып, деніне саулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығы мен жаңа шығармашылық табыстар тілейміз. Айтулы ақынның осы мерей жасына орай бүгін газет бетінде жарияланып отырған бір топ өлеңдері оқырман қауымның көңілінен шығып, әріптесіміздің қалам қарымын барынша таныта түседі деген сенімдеміз.
Ізгі тілекпен, «Арқа ажары» газеті редакциясының ұжымы.
АСҚАҚТА АСТАНА!
Арайлап атып тағы таң,
Шілденің нұры шашылды,
Қуантып содан жатырмыз
Туыс пен алыс-жақынды:
Сағынып келсе төрім бар,
Сынап бір келсе елім бар,
Бабадан қалған жерім бар,
Досқа құшақ жаятын
Даламдай кең жаным бар.
Танылмай келсек кеше біз,
Төрткүл дүние таныңдар!
Қазақы қалпы жойылмай,
Керегесі тарылмай,
Жүретін жолдан жаңылмай
Еңсесі биік ел болдық.
Қабырғалы елдермен
Қанаттасып тең болдық.
Ажарым күндей ашылды,
Еңселі тауға өрлеттім
Етекте жатқан тасымды.
Қасиет-құты қашпаған
Байрақты елді кім десең?
Аспан түстес көк тулы
Ақордамды көргейсің
Қадірін білсең күнде сен.
Ынтымақ, бірлік сол жерде
Ақылмен екшеп зерлесең!
Талайлы тағдыр басынан
Дауылдай соғып өткенмен,
Жері оның болмаған
Етек-жеңі шектелген.
Білектімен беттескен,
Елдеспекпен ептескен.
Аузынан шыққан әр сөзі
Жырдай болып төгілген,
Шешен де көсем халықпыз
Семіз сөйлеп серттесіп,
Шықпаған елміз арық біз.
Астана бүгін ел төрі
Көркіне көпті қаратқан.
Бақ-мерейін үстем қыл
Бар болсаң егер Жаратқан!
Сындарлы шешім айтатын,
Қазығы алтын ордам сол.
Татулық пенен бірлікке
Болаттан берік қорған сол.
Түп атасы – Көкбөрі,
Түркістан – тербер бесігі.
Төрт тарапқа тараған
Түркінің кірер есігі.
Қазақ соған тұғыр боп
Сақталып қалған есімі!
Ажары айдай ашылған,
Күндей нұры шашылған
Ғажап бір қазақ еліміз.
Нардай болған бабадан
Мұраға қалған жеріміз.
Ақ пейілменен келіңіз!
Берекелі жұрт едік.
Мерейін тасқан көріңіз!
БІРЛІГІҢ САҚТАР ТӘҢІРІҢ
Асыл далам!
Бәрінен де ар құнды.
Кешпе мені төмендетсем парқыңды.
Сен болмасаң кім таниды затымды,
Кім бағалар кісілігім – қалпымды.
Тыныштықпен атырам деп таңыңды,
Бабаларым қанша қанға шомылды.
Алаш атын ұран қылған ұлдарың
Түрмелерге тоғытылды, атылды.
Дал болғанда, тауысқанда тағатты
Сартап қылған сағыныштың таңы атты.
Асыл далам!
Таңмен сол бір нұрландың,
Танып әлем, ел деп білді қазақты.
Құс қанаты, тұлпар белі талғанда,
Жеттік, шүкір, көп тостырған арманға.
Бір жақсылық әкеледі әр күнің,
Мұндай дәурен бұрын баста болған ба?!
Жайна, жасан, құлпыра бер, далам-ау,
Соны көріп таң-тамаша қалам-ау!
Мүмкін емес сондықтан да өзіңе
Шын сүйсініп, шын қуанып қарамау.
Кеткен есең түгенделіп басқаға,
Бой көтерді нақ төріңнен Астана.
Сәулеті мен салтанаты дәл мұндай
Бұрын-соңды болған емес бас қала!
Соны көріп марқаяды көңілім,
Әнмен, жырмен өрнектелген өмірім,
Барлық халқы бірге туған бауырдай,
Сақтап тұрған бірлікті сол Тәңірің!
Алтын далам!
Толғандым да ойландым:
Төрі сенсің дос құшағын жайғанның,
Көк туыңдай ашық мәңгі аспаным,
Кең де дархан пейіліңнен айналдым!
Алтын далам!
Кеше бодан ел едік,
Өзге жұртпен енді иық теңедік.
Армандаған Асанқайғы жерұйық
Ақордалы жер осы деп сенелік!
БАЙТАҒЫМ МЕНЕН БАҚЫТЫМ
Шыр айналған дүние-дәурен уақытын
Бағалауға жетпес алтын, жақұтың.
Оның нарқын білер болса бір халық,
Сезген халық еркіндіктің бақытын.
Тебіренткен сол ғана ол жүрегін,
Кіргізгенде сол ғана ол реңін.
Күн орнатып, құс қондырған туына,
Әнұранмен асқақтатқан тілегін.
Халық осы – қазақ халқы байрақты,
Бабалардан мұра еткен байтақты.
Түрлендіріп орда салған жұрт осы,
Гүлдендірген Есілдейін аймақты.
Қарамастан сыпсың сөздің сынына,
Қарамастан бағасы мен құнына
Жас қаламен Есіл бойын көркейтіп,
Салтанатты сәулет берді қырына.
Оңға бастап уақыт-кеме желкені,
Өсті солай егемен ел өркені,
Қазақ деген халықтың бұл ғажабы,
Біреулерге сияқтанған ертегі.
Мұндай бақыт бұйырмаған басқаға,
Қас күйініп, сүйсінетін дос қана.
Мәңгілік Ел мұраты бар халықтың
Бірлік, бақыт мекені бұл – АСТАНА!
ЖЫЛДАРЫМ МЕНІҢ – БАЙЛЫҒЫМ МЕНІҢ
Барады жылжып ай-күнім менің,
Мұңға да толы кей күнім менің.
Ақ қырау шалсын шашымды мейлі,
Жылдарым менің – байлығым менің.
Барады жылжып ай-күнім менің,
Мұңға да толы кей күнім менің,
Жылдарым менің – байлығым менің.
Өткен жоқ бекер жай күнім менің,
Қызықты думан – той күнім менің.
Асықса уақыт асықсын мейлі,
Жылдарым менің – байлығым менің.
Өткен жоқ бекер жай күнім менің,
Қызықты думан – той күнім менің,
Жылдарым менің – байлығым менің.
Сездірмей сыртқа қайғының демін,
Барады өтіп әр күнім менің.
Жылжыған жылдар тоқтамаңдаршы,
Жылдарым менің – байлығым менің.
Сездірмей сыртқа қайғының демін,
Барады өтіп әр күнім менің
Жылдарым менің – байлығым менің.
Өтсе де ғасыр – тағдырым менің,
Сөнсе де жұлдыз – тағдырым менің.
Қарлығаш құстай жүрейін ұшып,
Жылдарым менің – байлығым менің.
Өтсе де ғасыр – тағдырым менің,
Сөнсе де жұлдыз – тағдырым менің
Жылдарым менің – байлығым менің.
ЖАҚСЫ СӨЗ
Тазартатын барша жан мен тәніңді,
Келтіретін салтанатың, сәніңді,
Жақсыларға сәлеміңді беріп жүр,
Қызыр бабам оңғарсыншы жолыңды.
Сөз алдың ба ?
Жақсы тілек тілегін,
Сонда ырыс, береке мен тірегің.
Жақсы сөзбен жылынады көңілің,
Күн шуаққа бөленеді жүрегің.
Алғыс есті жақсылардан күнде сен,
Жан ауырса жақсы сөзбен емде сен.
Жақсы сөзге жұбанады жылаған,
Жылы сөйлеп көрші оған сенбесең.
Қай кезде де жақсылықпен жанассаң,
Көк торғындай ашылады қара аспан.
Тазарады көңіліңнің кірі де,
Кіл жақсымен бірге болып санассаң.
Жақсы ізім қалсын десең қыр ассаң,
Адал жаннан серік қос сен ұнатсаң.
Өкініште қалмау үшін түбінде,
Тек жақсыға арқа сүйе сыр ашсаң.
Жақсы сөзге бұрайықшы ат басын,
Даналықтың ашып тұрар қақпасын.
Бұл өмірдің тұщы дәмін татарсың.
Жақсы сөзбен жан тазарып жатқасын.
ҮМІТ, АРМАН – ЖОЛ БАСЫ
Жолаушымын өмір атты жолдағы,
Жетелеген, үміт, сенім, арманы.
Біреулерден бағым ассын демеймін,
Қатарымнан кем болмасам болғаны.
Шын сөзім бұл, жоқ оның еш жалғаны,
Жеңіл будай өтіріктің салмағы.
Маңдай алдым – Темірқазық жұлдызы,
Жарық сәулем – Айдың көкте толғаны.
ҚАНАҒАТТАН БАҚЫТТЫМЫН
Болмадым өзгелердей алымдырақ,
Түнімді жарық қылды жаным – шырақ.
Татқызды өмір ащы, тұщысын да,
Тоқтамай уақыт, шіркін, ағын – бұлақ.
Сүріндім, сүрінбесте тегіс жерден,
Жерідім тірліктегі керістерден.
Басымды таудай биік төмендеттім,
Шығарған өрге әрең еңістерден.
Талайдан опық жедім мұздап ішіп,
Жыққанда орға әкеп жүз танысым.
Доспын деп көлгірсіген кейбіреулер,
Жүгіртті қызыл итін қызғаныштың.
Сый, құрмет қол созымдай тұрды қанша,
Қаңқу сөз жігерімді құм қылғанша.
Көбіктей көпшік сөзде нем бар еді,
Берместі береді деп ұмтылғанша.
Қағылдым солай небір марапаттан,
Тастары дөп тігеннен маған атқан.
Сол атақ бұйырмасқа бұйырды ақыр,
Бірақ мен бақыттымын қанағаттан.
ӨМІР -ӨЗЕН
Білеміз:
Өмір — өзен ағатынын,
Кеудеде жүрек – сағат соғатынын.
Жылдардың алға жылжып баратынын,
Қол бұлғап балғын шағың қалатынын.
Білеміз:
Көкте жұлдыз жанатынын,
Келерін түннен кейін жаңа күнің.
Мінгізіп қанатына көктем – қызды
Көліне қайтқан құстар қонатынын.
Білеміз:
Күн шуағын төгетінін,
Аспанда жорға – бұлттар желетінін.
Өрмегін құрып қырға көктем — қыздар
Гүлдерден кілем тоқып беретінін.
Білеміз:
Белес барын әлі аспаған,
Таулармен ақ қар, көк мұз таласпаған.
Өлшемді ғұмыр – тағдыр бітерін де
Жаңбырдай жауып-жауып толастаған.
ДОСТАРДЫ АҢСАУ
Бұл өмір өтер-кетер тірлігіңнен,
Қоштаспай жатар дейсің кім ғұмырмен.
Бәріне уақыт өзі қазы болса,
Қарттықта аумас күнің бір күніңнен,
Жаңылтар жайдақ жүріс – бүлкіліңнен.
Сирейді кешегі дос – қатарың да,
Білмейсің қашан күнің батарын да.
Жалғыздың күйін кешіп отырасың
Қойшыдай қой қамаған қотанында.
Болады оңған бөздей атағың да.
Жан жоқ қой дүние сырын білем деген,
Мәңгілік өлмес ғұмыр сүрем деген.
Бәрі де алдарқатар жұбаныш ол,
Жұмақ жай – бар мен тоқта жүрем деген.
Көңіл-ай, қандай жүйрік күрең дөнен!
Басыңда күнің сүйген тұрмас дәурен,
Ажарың – баяғыдай болмас сәулең.
Достарың кеткеннен соң қайтпас жаққа,
Қасыңа сырлас іздеу бұл бос әурең.
Жараспас әзілің де кіл жастаумен.
Дауа жоқ, айтты-айтпа бір өлімге,
Белгісіз қанша өмір сүрерің де.
Кезінде сүйеу болған, тіреу болған
Достардан бейне қалар жүрегіңде.
Алладан рахым тілер тілегіңде!
ТӨРТТАҒАНДАР
Бұл тірлік қарап тұрсаң толған егес,
Көк сағым жетем деген арман – елес.
Өмірге кінә қойман көп жамандай,
Жақсы да ғұмыр кештім, жалған емес.
***
Күншығыстан ата бермес таң күліп,
Баста тұрмас дүние-дәурен мәңгілік.
Өкініші өзегіңді жандырып,
Қимасыңды қара жерге алдырып,
Өтер өмір қайғы-мұңға қалдырып.
***
Қош бол сен балғын шағым – балаң күнім,
Жүзімнен көрген бейнет, таралды мұң.
Жел гулеп, дауыл соқса құламаған,
Түздегі мен бір дарақ – амандығым.
***
Жасасаң жасағайсың жөнді бір іс,
Ақылды сөз қалдырар мәнді дұрыс.
Сатқындық жасадың ба ел-жұртыңа,
Дей бер сен қыл мойынға төнді қылыш.
***
Бақ деген – баста жанған жарық шырақ,
Қолыңа ұстамассың алып бірақ.
Қайсы дос, қайсы бауыр – біл оны да,
Дұшпаның бұларсыз-ақ танып тұрмақ.
***
Бір бақыт жүгінсең сен ұят, арға,
Қанағат қыла алсаң қолда барға.
Өмірді өкінбестей өткізгенге,
Шіркін-ай, бұл жалғанда арман бар ма?!
***
Көрсең де қанша тарлық күйінбе сен,
Қайыңның жас талындай иілме сен.
Ұлдан ба, қыздан ба бұл бар жақсылық,
Не берсе, сол Алланың сыйы де сен!
***
Түн өтсе қуантады кұн шығып-ай,
Көргенге соған қыл сен құлшылық-ай!
Басыңнан өте шығар мына дәурен,
Зыр қаққан әжеміздің ұршығындай.
***
Дүние-ай, сен де сондай ғапыл ма едің,
Таусылар бір күндері ақыр демің.
Ортаны ойсыратып кетті көп дос,
Алладан рахман тілеп, бақұл дедім!
***
Өз еліңнің бар аймағын аралап,
Жүрегіңде мәңгі сақтап кетуге,
Алғы күнге сапар шек сен, азамат,
Ғұмырыңның асуына жетуге.
СҰРАҚҚА ЖАУАП
– Бақыт қайда барасың?
– Білгендерге бағасын,
Соған барып қонасың, –
Деген парыз мендегі,
Мұңсыз ету пендені.
БҰРАЛАҢ ТАЙҒАҚ ДҮНИЕ
Дүние-ай, кейде бұраң, кейде тайғақ,
Жүргенге не жетеді күліп-ойнап.
Бір күні сырқаттанып қалсаң егер,
Жатарсың төсегіңде көзің жайнап.
Сол тағдыр тұр ғой менде мына баста,
Бұйырып өзі келер сұрамасқа.
Қамшының сабындай-ақ ғұмыр қысқа,
Тірлікте бет жыртысып, кінәласпа.
Өкінбен өмір жылжып өткеніне,
Елесті сағым болып кеткеніне.
Өкінем ұқсатпаған қолда барды,
Айналған ұлып-ұлып көк бөріге.
Жырларым артық-кемді бәз-баяғым,
Әдіптеп келмегеннен сөз бояғым.
Солардың басын құрап іс қылмадым,
Жаныма енді батты өз таяғым.
Бағына енбедім мен өлең – патша,
Сол батар мына маған жанға батса.
Өлеңге ғашық болған бақыт қой ол,
Құрмартып шын берілсең махаббатша.
Қас-қағым өтер-кетер дүние тайғақ,
Ерттеусіз ат мінгізер шабар жайдақ.
Жан бір құс ұшар сонда уысыңнан
Жатқанда жанарда от — шоғың жайнап.
ШЫНДЫҒЫМ – ҚАЛАМЫМ
Жан жаман басын бұғып амалдаған,
Оған жақсы тыныштап, самалдаған.
Адасқан қазбен бірдей өз көліне
Айнала ұшып жүріп қона алмаған.
Мен елдің, өз халқымның перзентімін,
Сонымен түгенделген кем-кетігім.
Еңбегім қалың елдің көз алдында,
Тұрғаны содан басым төрде бүгін.
Несіне, жұртым, оған таңқаласың,
Ұлым деп бағаласа Алты алашың.
Шындығым қаламгерлік қаламымда,
Дос, туыс соны ұғар сен ғанасың.
ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС
Құдай-ау, кіммін осы білесің бе?
Шын сөзім – жылайсың ба, күлесің бе?!
Араға із салғанда талай жылдар,
Атымды сақтар дейсің кім есінде?
Әзірге көңіл бүтін, басым аман,
Төбемде күн тұр нұры шашыраған.
Кіммін деп ой қажытып қайтем осы,
Сыйласқан жанның бәрі асыл маған.
Әмірін жүргізбекші жүрекке кім?
Қалаймын жарасумен күн өткенін.
Дос-жаран мен сендермен бақыттымын,
Жақсы сөз – жарым ырыс тілектерің!
ТІРЕУ БОЛДЫҚ ЕКЕУМІЗ
(Жарым Төлешке)
Ғұмырды бұл кешкен жоқпыз бекер біз,
Әлі талай жетіп жаз бен өтер күз.
Ой мен қырын қатар кештік өмірдің,
Шаңыраққа тіреу болдық екеуміз.
Кеудемізде соққан жүрек, жан барда,
Қол созымдай жерде дедік арман да.
Бақыт шамын бірге жақтық маңдайға,
Серіктесіп дүние жарық – жалғанда.
Жапония дәптерінен
ҚАСІРЕТ ОТЫ
(Жапонияның Хиросима және
Нагасаки құрбандарына)
«Если блеск тысячи солнц
Разом вспыхнет на небе,
Человек станет Смертью,
Угрозой Земле».
Үндінің «Бахагават гита»
қасиетті кітабынан.
Жасыл желек жамылған
Шулы қала тірлігі.
Шуағына малынған,
Еді мынау бір күні.
Соны көріп жүрегің,
Қуаныштан жылыса…
Аспан кезіп жүр өлім
Деп: «Қаланы құрыса!»
Қатер бұлтты тозақтың
«Темір құстан» ойылып.
Құрбаны боп мазақтың
Кетпек қала жойылып.
«Бас амандық болғай да…» –
Деп тілеген қайран жар.
Аяқталған шалғайда
Соғыс салған ойрандар.
Ал бұл жерде тыныштық…
Ойна мейлің, күл мейлің.
Тіршілік бар тым ыстық
Шуағындай күнгейдің.
Тырнағына ілдірер
Ажал қандай тым арсыз.
Бір белгі жоқ білдірер…
Қала мүлде хабарсыз.
…Ат орнына жегіліп
Арыған жан барады.
Ащы тері төгіліп
Асфальт бетін жабады.
«Қорлығына көне біл!» –
Тағдырын-ай үйреткен!
Итшілеген сор өмір
Өрге рикша сүйреткен.
…Махаббаттың мәуесі
Шешек атқан сезімде.
Жанға жайлы әуені
Бақ қызығы өзінде.
Қалай ғана қызғана
Үзбек керек үмітті.
Еркелейді қыз бала
Ынтықтырып жігітті.
…Өзгелерді қалжыңы
Жығып берген ырқына.
Барады бай шолжыңы
Сигар қысқан ұртына.
… Қарт адам жүр сыпырып
Көше беттің ауласын.
Жоқшылық ит құтырып
Сарсаң қылған сау басын.
Қаланың кең алаңы –
Атқылайды фонтаны.
Көгершіні баланы
Қызықтырып монтаны.
Тым-тым бейбіт жатыр-ау…
Бой жазғаны болар ма?!
Өкініштің япыр-ау
Орны қайтып толар ма?!
Сәт таялды қас-қағым…
Соңғы сәт бұл қаралы.
Ажалына басқаның
Айналар ой саралы.
Сияқтанып шолақ түс
Қызығынан үзілді.
Келіп жетті болат құс…
Көздер көкке сүзілді.
– Тыншығыңдар мәңгілік!..
Сақ-сақ күлкі жаңғырды.
Бір түймемен әңгүдік
Тыныштықты шаң қылды.
Күн қасынан күн шықты –
Көрмек қызық ғажапты.
Тыныс алған тұншықты…
Қарап қалған көз ақты.
Темір біткен балқыды,
Кірпіш майдай еріді.
Көк аспанның жарқылы
Күлге көмді өліні.
Ыстық суы бұрқырап,
Жанбайтын су өртенді.
Кеудеде жан шырқырап,
Тәркі қылды ертеңді.
Шулы қала тірлігі
Бір-ақ сәтте басылды.
Алып келді сол күні,
Атом деген ғасырды.
Өлмегендер өлінің
Тіршілігін жалғады.
Ойран болған елінің
Тірі болып қалғаны.
…Хиросима!
Гүл бер, сен!
Нагасаки!
Нұр бер сен!
Құрбандары атомның
Шашқан шуақ – КҮН БЕРСІН!
ЭНОЛА ГЕЙДІҢ ҚАРҒЫСЫ
Хиросимаға атом бомбасын тастауға ұшып шығар алдында 509-шы біріктірілген авиаполктің командирі, полковник Тиббетс өзі басқарған №82 «Б-29» бомбалағыш ұшағының бортына анасы Энола Гейдің есімін жазды.
О, Тиббетс!
Ақ тәнімнің бөлшегі
Бүгін маған сенен жуық көр шегі.
Үшеу емес, үш жүз мың жан қарғаған
Қалай айтам ұлымсың деп мен сені.
Қарғыс таңба маңдайыңа қарылған
Көрмен сені! Іздемен де сағынбан.
Тарих соты ақтамайды мені де
Ұл өсірген жөргегінен қағынған.
Сөнсе еді қос көзімнен шырақ-нұр.
Қалса еді тас керең боп құлақ бұл.
Көріп, естіп сұмдығыңнан түршіккен
Жүрек күйіп, жаным мынау жылап тұр.
Саған енді жоқ ешқандай кешірім.
Жарық әлем жапсын алдан есігін.
Қалай қидың қырғиыңа, құдай-ау,
Энола Гей – өз анаңның есімін!
Масқаралап Ана атым, хұқымды
Сен шығардың тірлігіме үкімді.
Түн бүркеді өмірімнің ақ таңын…
Шашым жайып, көкке саудым сүтімді.
Ақталмады күткен үміт, тосқаным.
Тажал болдың бауырыма басқаным.
Жанып жатқан Хиросима өртіне
Апардағы өз анаңның шаш қанын.
Ит табақтан су ішкендей сарқынды
Енді көрер атар таңнан ар құнды!
О, Тиббетс!
Шаранаға байланып,
Бойға біткен қарғыс атсын сол күнді!
1986 жыл.
ПОЛ БРЕГМЭННІҢ КҮЙЗЕЛІСІ
«Жапонияның Нагасаки қаласына 1945 жылдың 9 тамызында атом бомбасын тастаған «Б-29» американ ұшағының бұрынғы штурманы Пол Брегмэн Лос-Анжелостағы пәтерінде Нагасакиге бомба тастаудың 40 жылдығы қарсаңында ар азабының қинауына төзе алмай өз-өзін өлтіруге мәжбүр болды».
(«Комсомольская правда»,
1985 жылғы тамыз айы).
Нагасаки …
Сексен мың жан моласы –
Жер бетінің жазылмаған жарасы
Қырық жылдай азабым боп келіп ең…
Адамзаттың жеңілтер қай баласы?!
Өлшем болып бақ пен сордың арасы,
Жасқа толып қос жанардың шарасы.
Біраз жерге сүйреп келді тәнімді,
Ит тірліктің мен қимаған шанасы.
Азар беріп әрбір таңның ертеңі
Іштей мүжіп, өзегімді өртеді.
Дүниеге сыйғызбаған кінәмнің
Жұлым болып жыртылсайшы желкені!
Өзім туған анамның ем ардағы,
Қарғыс айтып безген еді ол дағы.
Көрге тықпай қоймас сірә зіл батпан
Жанды жеген қасіреттің салмағы.
О, өмір-ай!
Сусаттырған тыныштық.
Іңкәр қылған тірлігіне тым ыстық.
Қарабетке ұсындың-ау арқанды
Өлу үшін жұмыс жоқ та жұмыс қып.
Бір бомбамен тынышыңды шаңдатып,
Сау басыма алған едім лаң сатып.
Енді ажал қыл арқанын салмақшы
Темір құрсау жез тырнағын самсатып.
Қош мәңгілік мөлдір аспан, ғажап күн
Тірлігіме дәмін берген тозақтың.
Тал мойыннан тынысымды тарылтып
Қыс ажалым…
Тынсын бәрі азаптың!
1986 жыл.
КӨПІРДЕГІ КӨЛЕҢКЕЛЕР
1945 жылы американдық Б-29 әскери ұшағы Хиросимаға атом бомбасын тастағанда Ота өзенінің үстіндегі Айони көпірінде отты шар қызуынан тоғыз адамның таңбасы қалған.
Всеволод ОВЧИННИКОВ. «Горячий пепел»
Аманбысың, ей нұрлы таң, нұрлы күн
Серпіп ашқан қара түннің түндігін!
Шаштың сәуле…
Бақтың құсын сайраттың….
Бастап кетті үлкен қала тірлігін.
Ұрпақтарды ұрпағымен жалғатқан,
Бір жас ана ыңырсиды толғатқан…
Кеше кешке неке қиған қос ғашық
Масаң әлі тілден татқан шәрбаттан.
Бір өмірдің екі сәті ләззатты:
Бірі – тәтті, бірі қатты – азапты.
Екеуі де тіршілікке құмарлық –
Сонысымен өмір мынау ғажап-ты!
Жан иесі тар құрсаққа сыймайды,
Аунап, тулап ана жанын қинайды.
Түн бақытын алғаш көрген қос ғашық
Айқастырған құшақтарын қимайды.
Көрсін деген сәби күнді, өмірді
Жас ананың тар құрсағы кеңілді.
«Мен келдім!» деп балғын дауыс жар салды…
Қос анардың уыз сүті төгілді.
Дүние-ай!
Алдамшы ең сен қандай?!
Шыбын жанға панаң қайсы қорғандай?
Бір күні бар бұл қалаға, япыр-ау,
Не боп кетті тағы бір күн жанғандай?!
Жарық күннің биік еді шоқтығы
Жас сәбидей, қос ғашықтай пәктігі.
Тоғыз жанның безбенделді сол таңда
Ататыны, атпайтыны бақ – күні.
Басылмайтын күндіз халық нөпірі,
«Т» әріптес Айонидің көпірі
Толқындатып өткізеді астынан
Ота суын қос салалы екі ірі.
Екі бірдей күн жанғанда шоқтанып,
Тірлік біткен қалды бір сәт тоқталып.
Тоғыз жанның бу боп ұшты денесі…
Таңба түсті тас көпірге от қарып.
Іріп кетті тіршіліктің қаймағы,
Өзен суы ыстық шайдай қайнады.
Қасіретпен күңіренді дүние,
Тыныш жатқан Херосима аймағы.
Қорық адам жиырмасыншы ғасырдан,
Атомдардан – көктен төнер жасыннан.
Көпірдегі сол бір тоғыз көлеңке –
Тоғыз ғұмір, тоғыз қарғыс басылған.
Кімдер олар…
Айтар екен кім, кәні!?
Қай адамның ұл мен қызы, ұрпағы?
Білмес ешкім, білер бірақ бар адам –
Атом атты деп бомбаның құрбаны.
Ал Семей ше?.. Сынақтың ол аймағы…
Ажал сепкіш жын-сайтанның ойнағы!
Назым Хикмет РАН,
Түркия ақыны
ХИРОСИМА
Жапония.
Жап-жас еді сол бір қыз.
Көк аспанда бұлт ойнады жаңбырсыз.
Ең алдымен қыздың өлді әжесі,
Қаза жетпей, қаза жетпей тағдырсыз.
Өлді әкесі.
Қыз да өлді тым көркем,
Бұл сұмдықты, бұл сұмдықты кім көрген?!
Ол бәрібір сеппей өлім қоймайды,
Сол ажал бұлт шыға келер бір жерден!
Ойлап таптық…
Заты – атом бомбасы.
Тажал осы…
Адамзаттың емес қой ол олжасы –
Соны құртсын өлердегі сол бір қыздың көз жасы.
Аударған Аманкелді ЖҰМАБЕК
ӨЛГЕН ҚЫЗДЫҢ СЫРЫ
Ашыңдаршы…
Қағып тұрмын есікті.
Демеңдерші сонша неге кешікті.
Ашпа, ашпа…
Көрмейді көз өлгенді,
Өлтіргеннен мына мені не шықты?!
Хиросима, ажал құштым өзіңде,
Балапандай балғын шақты кезімде.
Жеті жаста едім сонда мен әлі…
Өлген келмес… Көрмес оны көзің де.
Өртеді ол бәрін-бәрін шашымның…
Жанар өшті…
Азабы ол – ғасрдың.
Сосын күлге айналдым мен қолдағы,
Желмен ұшып ойға, қырға шашылдым.
Сұрамаймын нан мен күріш бір басым,
Ажал бұлты төбемізде тұрғасын.
Құмар едім тәтті өмірге, тәттіге…
Не істерсің,
Жапырақтай жұлғасын?!
Мына менің қабірімді көріңдер,
Жұмыр жерде жақсылыққа сеніңдер!
Ұрпақтарың оранбасын отқа осы,
Сұрағанға тәттілерін беріңдер!
Аударған Аманкелді ЖҰМАБЕК
ЕРЛІККЕ РУХТАНДЫРҒАН ЖЫРЛАР
Хосе МАРТИ,
Куба ақыны
Өз Отанының тәуелсіздігі мен ұлт бостандығының
күрес жолын таңдаған, Куба халқының шынайы көсемі
болған Хосе Марти мемориалы Гаванада тұр.
Елдің мұңы – мұратым,
Өмірімді беремін.
Таудан аққан бұлағын,
Теңізден артық көремін.
***
Құл-қамыт қанша тағылар,
Өлгенің артық бәрінен.
Кубада ерлер табылар,
Көрінер елдің төрінен.
.
***
Қызарып көкте күн қалсын,
Жұлдыздар жарық қозғалсын,
Белестің бойы гүлденсін,
Алтарь боп пальма түрленсін…
Тек арман, мақсат тозбасын.
***
Шайқасқа шығар күн туды,
Бастасын алға арманың!
Жауынгер рухы, туған жер,
Қалқаның сенің, қорғаның!
Нубия үшін жан берем:
Нубия – сенсің қуатым
Ерлікке бастап, ерлікке және үндеген…
***
Отанды сүю – алақандай жер деме,
Ізің жатыр шалғынды шөп белде де.
Бітіспейтін ыза-кекке толы ол
Озбырлығын өткізгенге елге де…
Жайлы тұрмыс болсын десең сенде де,
Бұл да бір сын күрес рухты пендеге!..
Үміт артқан туған елің біздерге
Қайтып келер азаттығын көргенге!
***
Жауыздар-ай!
Қуғынға салып, тірдей көмген адамды,
Қайырың болсын, жасашы жалғыз қадамды –
Жаналғышың қайрасын болат семсерін,
Кеудеге сұқсын… Тазартсын солай санамды.
Қорқыныш емес адамға ажал келгені,
Қорқыныш екен тірідей жүріп өлгені.
***
Жат жерде бұл өтіп жатса күндерің,
Туған жердің сағынарсың гүлдерін.
Сағынарсың сая болған ағашын…
Біріміз ғой жат өлкеде сүлденің.
***
Орындалды арманым…
Халқым, елім, Кубам еңсе тіктеді!
Үш ғасырғы жан ауруы біткені,
Осы болар зорлық заман кеткені.
Эксамбрай құздарынан суы мөлдір қарт Кауто
Оянсыншы…
Зеңбіректің үні сол ғой жеткені.
Бұғауынан құтылған ел –
Азаттық пен жеңіс жолы ендігің.
Орындалды бар арманым,
Нұрлан, шаттан сен бүгін!
***
Ащы тірлік жаралайтын жанымды,
Қамау-үйге алып барам тәнімді.
Мұратыма сенем бірақ өзімнің:
Отан үшін төксем болды қанымды.
***
Бауыр қылды Куба бізді,
Аспанын жат демедім.
Сағындым жел, құла түзді,
Ойды соған бөледім.
Кубам –менің жәннатымсың,
Жырлап сені келемін!
***
Мен сенемін:
Шығарына азат таңның оянып,
Қызыл қанның сәулесіне боянып.
***
Ымырт күннің алаулады етегі,
Гүлге сондай не теңеуің жетеді:
Гватемала қызы сұлу керемет,
Ғашық болдым, жүрегімді өртеді.
***
Қажыған мына кеудемде
Қанатын қаққан арманым
Айырса да әлден де
Іздейді ойдың орманын:
Кімдерге құшақ жазамын,
Құтқарсам екен кімдерді,
Жеңілтем кімнің азабын?
Өткіздім солай күндерді.
Қайғың ортақ сенің бұл,
Жаның неге егілсін?
Сендер үшін менің бұл
Ыстық қаным төгілсін.
***
Ей, Педро! Күлкі үйірдің миыққа,
Түсірді деп шашымды мен иыққа…
Жалғызбын мен, ада жанмын мақтаннан,
Кешкі асым – бір-ақ тілім қатқан нан,
Баяғы ой қажытады мені бұл:
Құтқарсам деп елді құл боп жатқаннан,
Ал өзіңді салтанатқа батқаннан…
***
Күнкөрісім бар енді.
Шарлайын бір поэзия — әлемді.
Цифрларды парақтарға қондырып
Қолым менің, еңбектеніп көрген-ді
Жүкшілердей…
Ақсын бойдан тер енді.
***
Тізеңді бүк, рақым сұра, қорғала,
Құрт сияқты бұралаңдап жорғала,
Құлдық ұрып байлардың сүй қолдарын…
Үйін-жайын мақтай бер сен жан сала,
Дәмді тағам үстеліңе жетеді
Бос ыдыс боп… алатының сол ғана.
Сондықтан да тірлік кешіп келемін,
Отаныма пайдам тиер күн тусын.
Құрбандыққа басымды да беремін,
Жауың содан қадірің мен құн білсін.
…Жалынышпен өмір сүрген күн құрсын!
***
Таулар бар да шығу керек шыңына,
Қанығармыз биіктіктің сырына:
Жан, екеуміз тыншығармыз тек сонда,
Ажал сәті тұра алса құныңа!
***
Пәрмен жазу – корольдіктің бейнесі! –
Өлімге де үкім айтар…
Сол сесі.
Оқ-дәріден сол бейнеге оралған
Жас жігіттің тыныс тапты кеудесі.
Корольдің бұл – жақсыларға пәрмені!–
Көңілденіп халық енді көр деді.
Қарындасы мадақтайды корольді…
Есінде жоқ ағасының өлгені!
***
Көп жан мен бе азабы?
Осы сөзді айтқандардың мұнысы қай мазағы?
Жарық күнмен, алау нұрмен, жеңістен соң келеді
Шын азабым мазалы.
Қайғы деген:
Теңіздегі тұңғиық
Кеудемізге келе жатқан мұң құйып,
Ол адамның құл боп өмір сүруі,
Одан артық жоқ сорлылық, мұңдылық!
***
Армансызбын жат жерде
Көмілсем мен құл болмай.
Сонда маған ажал сәті жеткенде,
Қабіріме тал егіліп, гүл толғай…
***
Келмейді бұл сатқындарды не дегің:
Тас қапастан сайла оның дерегін.
Жаным таза, арым таза жанмын мен,
Жарық күнге бетті бұрып өлемін…
Өлеңдерді аударған Аманкелді ЖҰМАБЕК