Кәсібі бардың – нәсібі бар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты биылғы халыққа Жолдауында кәсіби білім берудің маңызына да  тоқталып, «кәсіби білім берудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттағанымыз жөн» екенін баса айтқан болатын. Өскелең ұрпаққа барынша сапалы кәсіптік-техникалық білім беру –  заман талабы.

Таяуда облыс орталығындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінде келер күндердің көкжиегіне, талабына лайық, Мемлекет басшысы қойып отырған міндет үдесінен шығуға ұмтылған жағымды жаңалық жүзеге асырылды. Әлеуметтік серіктестер мен Қазақстан Республикасының аумағында JUKI тігін жабдығының ресми дистрибьюторы, SEWTECH компаниясының өкілдерінің қатысуымен «Jaŋa örіs» құзыреттілік орталығының ашылу салтанаты өтті.

Құзыреттіліктің ашылу шеңберінде «Тігін кәсіпорындарындағы заманауи технологиялардың даму тенденциясы» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Бұл шараға осы орайда тәп-тәуір тәжірибе жинақтаған тігін ательелері мен сән үйлерінің басшылары қатысты. Олар өз тәжірибелерімен бөлісті. Уақыт бір орнында тұрмайды, сән де, сәнге баға беретін сана да ұдайы өзгеріске ұшырамақ. Ел талабы да өзгерген. Демек, кәсіби білім жетілдіріліп отыруға тиісті. Онсыз кірпияз көңілден, тегеуірінді талаптан шығу әсте мүмкін емес. Шығатын қорытынды, тап-тауырын жолдан арылып, соныға соқпақ салу.

Колледж басшысы Құралай Ыдырысова семинардың мақсаты мен міндеттері жайында кеңінен таратып айтып берді. Сөз арасында «Жас маман» республикалық жобасы бойынша кәсіптік білім беру салаларына заманауи, ең соңғы үлгідегі кәсіптік технологиялық құрал-жабдықтар енгізілгені және жаңа техникалық технологияларды қолдану білім беру мүмкіндіктері мен сабақ шеңберін кеңейту, білім беру процесін дараландыру төңірегінде ой толғады. Басшының айтуына қарағанда, асқаралы міндеттерді жүзеге асыру үшін жеке кәсіпкерлермен ынтымақтастық жұмысын бір ретке келтіру қажет.

Жұмысы заман талабына сай сан қырлы бағыт алған оқу орнындағы атқарылып жатқан жұмыс туралы директордың оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Қадірәлиева баяндап берді. «Жас маман» республикалық жобасы аясында колледжде қыруар іс тындырылуда. Қазіргі уақытта жоба шеңберінде колледжде мамандандырылған кабинеттер жұмыс істейді. Тігін бұйымдарын жобалау және безендіру дағдыларын алуға және жетілдіруге арналған оқу кабинеті жабдықталған. Өзге де осы бағыттағы шеберлікті жетілдіретін материалдық-техникалық база заман талабына толық жауап береді.

«Jaŋa örіs» құзыреттілік орталығының меңгерушісі Данияр Исрафилов жұмыс жоспарымен таныстырып, «Интерьер дизайны» және «Киім дизайны» бағыттары бойынша жұмыс жүргізілетінін тілге тиек етті. Тұтастай алғанда аталмыш орталық ең алдымен мүдделі кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейді. Бұл тәжірибе қалыптастыру үшін қажет.

«Сән технологиясы», «Графикалық дизайн», «Жиһаз өндірісі», «Визуалды мерчандайзинг», «Флористика», «Интерьер дизайны», «Сырлау және сәндік жұмыстар» құзыреттіліктері бойынша қатысушылар үшін жаттығу базасы қалыптастырылмақ. Сондай-ақ, сарапшылар мен тренерлер үшін оқыту семинарлары ұйымдастырылмақ. Осылайша серіктестік желісі үздіксіз жұмыс істейтін болады.

Директордың әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Ақмарал Ақтаева әлеуметтік серіктестерге «Көрсетілім емтиханы» және Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің оқыту жүйесіндегі жаңадан енгізілген өзгерістері жайлы анықтамалық шолу жасады. JUKI тігін жабдығының ресми дистрибьюторы, SEWTECH компаниясының қызметкері Остап Шмельков әр тігін жабдығына тоқталып, олардың атқаратын қызметі және қосалқы жабдықтары жайлы толық мағлұмат беріп шыққаннан кейін әлеуметтік серіктестер өз ойларын айтып, пікірлерімен бөлісті. Заманауи үлгідегі озық технологияларды қолдана отырып және әлеуметтік серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынасты жақсарту арқылы алдағы уақытта білім алушыларымыздың кәсіби шеберліктері арта бермек.

Байқал БАЙӘДІЛОВ,
журналист.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар