Қазақстанда балаларды ауруханаға жатқызу туралы нені білу қажет?..

Жыл сайын Қазақстанның медициналық ұйымдарына 500 мыңнан астам бала емдеуге жатқызылады. Балаларды ауруханаға жатқызу шұғыл, сонымен қатар, жоспарлы түрде жүзеге асырылады. Уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген кезде баланың өміріне қауіп төндіретін жағдайлар шұғыл болып саналады.

Мысалы, жедел іріңді аурулар, жарақаттар, ауыр өтетін ішек инфекциялары, іштің қатты ауыруы, улану, күйік және тағы басқа сырқаттар орын алған жағдайларда баланы ауруханаға жедел жәрдем бригадасы немесе ата-анасы өзі жеткізеді. Жоспарлы емдеуге жатқызу балаға стационар жағдайында емдеу курсын жүргізу қажет болғанда немесе жоспарлы операция жасалатын уақытта жүзеге асырылады.

2021 жылдың 10 айында 592 400 қазақстандық бала тәулік бойы стационар жағдайында 270 миллиард теңгеден астам сомаға ем қабылдады. Балаларды ауруханаға жатқызудың негізгі себептері жұқпалы аурулар, тыныс алу органдарының аурулары, өмірінің бірінші айында пайда болатын жіті жағдайлар, туа біткен аурулар және жедел хирургиялық патологиялар.

Стационарлық көмек көрсету ережелеріне сәйкес, ата-анасының біреуі немесе жақын туыстарының бірі нотариалды куәландырылған сенімхатпен ауруханада 5 жасқа дейінгі баланы ертіп жүре алады. Гематологиялық онкологиямен ауыратын 18 жасқа дейінгі науқастар ересек адамның сүйемелдеуімен ауруханаға жатқызылады. Жекелеген ауыр жағдайларда 5 жастан асқан балалар да аурухана бөлімшесінің меңгерушісімен келісілгеннен кейін ересектермен бірге ауруханаға жатқызылуы мүмкін. Қажет болған жағдайда ертіп жүруші еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ала алады.

Жоспарлы емдеуге жатқызуды Емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері, педиатр) ресімдейді. Стационармен жоспарлы емдеуге жатқызу күні расталған кезде учаскелік дәрігер қажетті зерттеулер мен талдаулардың нәтижелері бар баланың медициналық картасынан үзінді көшірме жасайды. Бұл тізбе медициналық көмектің бейініне байланысты ерекшеленуі мүмкін.

Мысалы, Педиатрия және хирургия ғылыми орталығының міндетті тізіміне мынадай құжаттар кіреді: бала үшін стационарға емдеуге жатқызуға жолдама, портал бойынша жоспарлы емдеуге жатқызу талоны, баланың даму тарихынан үзінді, егу картасы, соңғы айдағы баланың эпидемиологиялық ортасы туралы анықтама, қышыма, дерматомикоз, педикулез, жалпы қан талдауы, микрореакцияға қан, бакпатогенді флораға нәжіс, гепатит вирусына маркерлер, АИТВ-ға талдауы, қан, COVID-19-ға ПТР, гельминт жұмыртқаларына қырынды.

Еріп жүретін ересек адам үшін флюорография, микрореакцияға қан талдауы, гельминт жұмыртқаларына қырынды, COVID-19-ға ПТР, ертіп жүретін адамға баланың заңды өкілінің сенімхаты (нотариалды куәландырылған) керек.
Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексіне сәйкес бейініне қарамастан, кез-келген ауруханада бір жасқа дейінгі баланы емізетін ана сол жерде жатқан барлық кезеңде тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. 5 жасқа дейінгі балаларды ертіп жүретін адам төсек орынмен қамтамасыз етіледі.

Әрбір жеке медициналық ұйым оқу процесін медициналық көмек көрсету ерекшеліктерін ескере отырып, ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес құрады.
Бала күтімі жөніндегі стационарға жіті инфекциялық аурулар, оның ішінде туберкулез, COVID-19 белгілері бар, сондай-ақ, психикалық, тері-венерологиялық аурулары, алкоголизм, нашақорлық, 24 аптадан астам жүктілік жағдайындағы, 65 жастан асқан адамдар жіберілмейді.

Covid-19 бойынша карантиндік шараларға байланысты стационарлар туыстарына келу және сәлемдемелер қабылдау ережелерін қайта қарады. Мысалы, ПБХҒО кіре берісінде туыстардан сәлемдемелер қабылдау пункті ұйымдастырылды. Берілетін пакеттерді сыртқы өңдеуден кейін оны әрбір пациентке палатаға дейін жеке жеткізу жүргізіледі.

Стационарға өзіңізбен бірге алып баруға ұсынылатын мынадай жеке заттар мен керек-жарақтар тізімін келтірсек, олар ауруханаға жатқызуға жолдама, талон, ауру тарихынан үзінді, баланың туу туралы куәлігі, ересек адамның жеке куәлігі, амбулаториялық карточка және пациенттің ауруына байланысты тексеру нәтижелері. Сондай-ақ, стационарға арналған киім, ауыстырылатын аяқ киім: тәпішке (резеңкеден болғаны дұрыс), жеке гигиена құралдары, ұялы телефон және қуаттағыш, жеке ыдыс-аяқ (қажет болса).

Егер сізде қосымша сұрақтар туындаса, сіз емхананың анықтама қызметіне немесе өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы арқылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіне аласыз: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Ақмола аймағы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға байланысты барлық сұрақтарды 8(7162)551-356 телефоны арқылы қоюға болады.

Әлия Жүсіпова,
«ӘМСҚ» КЕАҚ Ақмола облысы бойынша филиалының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар