«Ел ризашылығына бөлену – ең басты бақыт»

дейді Көкшетау қаласының құрметті азаматы Мұнарбек Батырханов

Алғашқы еңбек жолын құрылыста қатардағы маманнан бастап, Көкшетау қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғанын айтпағанның өзінде Көкшетау қаласының әкімі, бес бірдей облыстық басқарманың жетекшісі болған Мұнарбек Бүркітбайұлы Батырхановтың іскерлік қабілетіне ешкім де күмән келтірмес деп ойлаймын. Жетпіс жасқа толып отырған саналы ғұмырында ел игілігі жолында атқарған өнегелі істерінен сыр тарту мақсатында мерейтой иесімен аз-кем әңгімелескен болатынбыз.

Сұрақ: –Құрметті Мұнарбек Бүркітбайұлы, Сіздің 70 жылдық мерейтойыңыздың Қазақ елі тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұспа келуін жақсы ырымға балап отырмыз. Халқыңызға адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп жүрген абзал азамат ретінде әңгімемізді киелі ата мекеніңіз Ботайдың тарихынан, Батырхановтар әулетінің өнегелі дәстүрінен бастағымыз келеді.

Жауап:–Батырхановтар әулетінің қасиетті алтын бесігі – Ботай ауылының атақ-даңқы бүгіндері әлемді шарлап кетті. Біздің дәуірімізге дейінгі алты мыңыншы жылдары бұл өңірді мекен еткен адамдар жылқы түлігін үй шаруашылығында пайдаланған ғой. Ал, ғасырлар бойы тарих қойнауында жасырын жатқан археологиялық бұл жаңалықты ашуға Мәсіп атамыздың оқымысты інісі, география ілімінің білікті маманы Қами себепті болған көрінеді. Ол кісі ауыл іргесіндегі Иманбұрлық өзенінің суынан малдың сүйектерін көріп, қайран қалады. Жанын мазалаған ойын археолог ғалымдардың назарына жеткізгенімен, зерттеу жұмыстары тек 1985-1986 жылдары ғана басталды.

Профессор В.Зайберттің басшылығымен құрылған экспедиция кең ауқымды қазба жұмыстарын жүргізді. Оның нәтижесі бойынша Канада, Европа, Ресей, Қазақстан ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми симпозиум өткізілді. Ұлағатты ұстаз, өзіміздің ағамыз Есләмбек Шалтықовтың ұсынысымен археология ғылымында «Ботай мәдениеті» деген ұғым пайда болды. 2018 жылы ашылған ашық аспан астындағы Ботай-Бурабай этно-мәдени орталығы курортты аймаққа келуші туристер және тынығушылар үшін пайдалы танымдық-ағартушылық жұмыстармен айналысып келеді.

Батырхановтар әулетінің ғана емес, Көкше өңірінің абыройын асқақтатқан құбылыс – Мәсіп атамның саятшылық өнері. Жүйрік ат жаратып, қырағы тазы ұстап, құс баптаған қария сонау отызыншы жылдары ауыл адамдарын ашаршылықтан құтқарып қалса, соғыс жылдары аулаған аң терілерін сатып, қаражатын қару-жарақ жасатуға жұмсаған. Осы 1941-1945 жылғы қажырлы еңбегі үшін Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің алғыс хатымен марапатталып, бүркітшілік кәсібінің арқасында өткен ғасырдың елуінші жылдары «Кеңестер Одағының аңшылық кәсіпшілігінің үздігі» атанған.

Қиын-қыстау шақта ауыл тұрғындарына баға жеткісіз жақсылық жасаған атамның қасиетті есімін әрқашан да ардақ тұтамыз. Тікелей Батырхановтар отбасының бастамасымен 2000 жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан «Қансонар» сайысы бүгінгі таңда халықаралық сипатқа да ие болып отыр. Бұған аталған сайыстың биыл төртінші рет Бурабай баурайында өтуі айқын дәлел болса керек. Алғашқы күннен осы игілікті істің басы-қасында жүрген Шынарбек інімнің еңбегін ерекше бағалаймын.

Тұңғыш немересі болғандықтан балалық шағымды атамның жанында өткізіп, аңшылық өнерін зердеме тоқи білгенімді мақтан етемін. 1967 жылы 82 жасында қайтыс болғанда үнемі қолынан тастамай жүретін аңшылық мылтығын маған мұраға қалдырды. Бабадан мирас болған саятшылықты мен де ұнатамын. Жолдастарыммен ара-тұра аңға шығып, балық аулағанды ұнатамын.

Сұрақ: –Болашақта өкінбестей мамандықты дұрыс таңдаудың да маңызы ерекше. Бұл орайда ата-ананың, жалпы, үлкендердің де ақыл-кеңесіне құлақ асқан жөн болар.

Жауап:–Көкшетау қаласындағы №2 орта мектепті бітірер шақта өз замандастарым сияқты менде де әртүрлі ой болды. Алайда, отбасымызда қалыптасқан дәстүр бойынша шешуші сөзді соғыс және партия ардагері, І дәрежелі Отан соғысы, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі» және «Құрмет» ордендерінің иегері, аяулы әкем Бүркітбай Батырханов айтты. Сөйтіп, көпті көрген көнекөз қарияның ақыл-кеңесімен Павлодар индустриалды-құрылыс иститутына түсіп, азаматтық-құрылыс факультетін бітірдім. Құрылыс индустриясының білгір мамандары, іскер басшылар С.Шафар, Л.Козлов, В.Плюшко, Ф.Галимовтың қамқорлығы арқасында жап-жақсы тәжірибе жинақтап, ірі заводтың бас инженері, облыстық партия комитетінде нұсқаушы болып істеп жүргенімде Көкшетау қалалық Кеңесіне депутат болып сайландым.

Кезекті сессияда депутаттар қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына сайлап, үлкен сенім көрсетті. Бұл қадамның мәнісін билік басындағы ағаларым бізге шаруашылықтың жағдайын жетік білетін іскер жас маман қажет деп түсіндірді. Әрине, заводтағыдай емес, мұнда жұмыс ауқымы кең, әрі жауапты. Менің бағыма қарай, қасымда қысылтаяң сәтте қол ұшын берген А.Мурзин, С.Қасымов, З.Шуатаева, А.Төлебаев, К.Мұхамеджанов сияқты мемлекеттік қызметте пісіп-жетілген іскер адамдар көп болды.

Ата-анамның айтқан дәрістерін де жиі-жиі еске алып, ой елегінен өткізгенді ұнатамын. Әкем айтушы еді: «Қызмет қолдың кірі. Алдауға, арбауға түсіп қалма. Сен төңірегіңе қос жанарыңмен қарасаң, сенің әр қимылыңды басқалар мың көзбен бақылайды. Ең бастысы, құлқынның құлы болма, адалдықтың ала жібін аттама», – деп.

Көп балалы отбасында тәрбиеленген аяулы анашым Күлнәрай Тақанқызы: «Сен Көкшенің перзентісің. Бойдағы күш-қуатыңды алдымен туған еліңе арна. Сонда ғана абыройлы боласың. Кешірімді, қайырымды бол. Ұр да жық мінез танытқаннан пайда таппайсың»,–деп жиі айтатын. Зерделі қос қарияның жанашырлықпен айтқан ақ ниеттері әлі күнге бойыма күш-қуат бергендей.

Бертіндері Көкшетау қаласының әкімі, бес бірдей басқарманың бастығы болған кезімде облыс әкімдері С.Кулагин, Қ.Қожамжаров, С.Дьяченко, Қ.Айтмұхаметов, орынбасарлары М.Муртазаев, С.Жалмағамбетова, Д.Әділбеков, Н.Нүркеновтің де шапағатын көп көрдім. Ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырды. Мәселен, Сергей Александрович Дьяченконың көмегімен Тәуелсіздік монументі орнатылып, орталық паркте түбегейлі жаңарту жұмыстары атқарылды. Шағын архитектуралық мүсіндер, субұрқақ жасалды.

Шаһардың кіре берісіндегі Құлагер ескерткіші туған өлкенің тарихынан сыр шерткендей, көпшіліктің ерекше назарын аударатын.Қылшақты өзеніндегі түрлі-түсті бояумен безендірілген субұрқақ, әсіресе, кешкі уақытта ажарлана түсетін. Төлеу Сүлейменов көшесі мен Абылай хан даңғылының қиылысындағы қойтастан қаланған төбешік бүгіндері қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналған. Өкінішке орай Көкшетау қаласының дамуына елеулі үлес қосқан асыл азаматтар С.Дьяченко мен Қ.Айтмұхаметов өмірден ерте озды.

Абай көшесінің бойындағы Мемлекеттік символдарды бейнелейтін Тутұғыр мен Бұқпа тауындағы «Көкшетау» жазуын жасауға, саяси қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш тастың қойылуына сол кездегі облыс әкімі Қайрат Қожамжаров елеулі көмек жасады. Облыс әкімінің орынбасары, кейін облыс әкімі болған Қосман Айтмұхаметов тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен құрылыс саласын жетік білуші еді.

«Бурабай» спорт сарайын, Науан хазірет мешітін, Достық үйін салуда үлкен азаматтық танытты. Өзінің архитектуралық ерекшелігі жағынан бұл нысандар негізінен алғанда мемлекет қаражатына салынғанымен, кейде кәсіпкерлердің де көмегі ауадай қажет болатын. Қаламыздың қалталы азаматтары А.Әлиев, Ж.Әміржанов, Е.Мащинская, Э.Мнацаканян, Б.Кәкпенов, К.Жүнісов, Ә.Жақсылықов әр кез қол ұшын беріп, қолдау көрсете білді.

Сұрақ:–Күн көсем Владимир Ильич Ленин мен қайсар большевик Валериан Куйбышевтің ескерткіштерін қасиетті орнынан алу жүрек жұтқан адамның ғана қолынан келетін іс. Қалайша батыл шешім қабылдадыңыз?

Жауап: Қазақстан тәуелсіз ел болған соң коммунистік партияның идеясынан бірте-бірте арылу керек болды. Алдымен партия көсемдері атындағы көшелердің атауы өзгертілсе, екінші кезекте ескерткіштерін алу міндеті тұрды. Кезек Көкшетау қаласына да жетіп, орталық алаңнан күн көсемнің ескерткішін аластату жөнінде «бұйрық» түсті. Жұртшылықтың наразылығын тудырмас үшін, нар тәуекелге бел буып, В.Лениннің ескерткішін орталық паркке, большевик В.Куйбышевтің ескерткішін өзінің есімімен аталатын музей жанына көшірдім. Осылай тарихи екі ескерткішті де сақтап қалғаным үшін алғыс айтқандар да болды.

Сұрақ:– Өмірлік қосағыңыз – жар таңдауда өзіңізді бақытты санайсыз ба?

Жауап:–Бақыт дегеніңіз ауқымы кең ұғым ғой. Өмірге Бақыт, Дана, Айнұр есімді мінезі қылықты үш қызды әкеліп, ата-анамды алақанға салып әлдилеп, күйеуінің көңіл-күйін қас қабағынан танитын асыл жарыңды қалайша ардақ тұтпасқа?!

Жазғы семестр кезінде менің студенттік-құрылыс отрядым Павлодар облысының Ертіс ауданында ауыл шаруашылығы нысандарын салды. Совхоздың комсомол комитетінің хатшысы болып істейтін құралайдың көзінен өтетін көрікті де ақылды қыз Айтжамалға бір көргеннен ғашық болдым. Байқаймын, оның да менен көңілі бар сияқты. Сөйтіп, үйлену тойымызды 4 курста оқып жүргенде Кереку жерінде жасадық. Мен оқуымды әрі қарай жалғастырдым да, жас келін ата-анамның қолында болды, Көкшетау педагогикалық институтында оқыды. Кейін ұзақ жыл банк саласында абыройлы қызмет атқарды. Қазір ол да зейнеткер. Әжесі екеуміздің қазіргі ермегіміз өміріміздің шаттығы – немерелеріміздің тәлімді тәрбие алуына қамқорлық жасау.

Сұрақ: – Ел игілігі жолында төккен маңдай теріңнің лайықты бағасын тауып жатуы үлкен ғанибет емес пе?

Жауап: – Зейнеткерлікке шығар  алдында қалалық мәслихат депутаттарының бірауызды қолдауымен маған «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл өмірімдегі ең қуанышты оқиға болды. Облыс және қала деңгейінде өтетін мәдени-көпшілік шараларға жиі қатысамын. Ықылас-ниеттері үшін облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа, қала басшылығына, облыстық және қалалық ардагерлер кеңестеріне ризашылығым шексіз.
***
Ел ағасы Мұнарбек Бүркітбайұлына ақ жүректен ақтарылған тағылымдық әңгімесіне ризашылығымызды білдіре отырып, жетпіс жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, ізгі тілегімізді айттық.

Сұхбатты жүргізген Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
журналистика ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар