Пластикалық және алюминий бөтелкелерді өңдеуге қабылдайтын алғашқы автомат Аршалы ауданы Жібек жолы кентінің «Алан» сауда үйінде пайда болды. Бұл туралы Жібек Жолы ауылдық округінің әкімдігі өзінің Instagram парақшасында жаңалықпен бөлісті.
Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Қанат Қанафиннің айтуынша, жергілікті тұрғындар жаңалықты жоғары бағалады.
«Бұл облыс пен жалпы ел үшін орасан зор жоба деп санаймын. Әрине, қоқыс тастаудан гөрі, пластик пен алюминий ыдыстарды тапсырып, ол үшін ақша алу жақсы. Бұл экология үшін үлкен маңызға ие. Енді жобаға дәмхана, мейрамхана, дүкендерді де қосқымыз келеді, олар да мерекеден кейін ыдыс жинап, қоқысты тастамайды», — деп бөлісті Қанат Қанафин.
Экологиялық жобаны экоактивист Шасалим Шагалимов жүзеге асырып отыр. Экоактивисттің айтуынша, бір пластик бөтелке бес теңгеге, ал алюминий құты екі теңгеге бағаланады. Бұл ақшаны көлік картаңызға аударуға немесе қайырымдылыққа қалдыруға болады.